Жыл сайын 25 қарашадан бастап 10 желтоқсан аралығында дүние жүзі бойынша «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» деген ұранмен бүкіләлемдік акциясы өткізіледі. Алғашқы күн — 25-қараша әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күні, соңғы күн, 10-шы желтоқсан – Халықаралық адам құқын қорғау күні.
Бұл халықаралық акцияның міндеті — әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік мәселесіне қоғам назарын аудару. Осы күндердің ішінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен адам құқығын бұзу арасындағы байланысқа нақты баға беріліп, жан жақты түсіндіріледі. «Нұр Отан» партиясының бастамасымен биылғы жылы бұл акция елімізде «Бақытты отбасы – бақытты ел!» деген ұранмен өткізіледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, күйеуі немесе бірге тұрып жатқан адам тарапынан өздеріне озбырлық жасап, жәбір көрсеткені туралы шағым түсірген нәзік жандылардың (әр жерлерде өмір сүріп жатқан) саны пайызға шаққанда 15-тен 71-ге дейін жететін көрінеді. Сондықтан әлемдік қоғамдастық осы мәселеге қатты назар аударып, мұндай жағдайларға бей-жай қарамауға шақырып отыр. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, дейді халқымыз жұмсақтап. Әрине, келіспеушіліктер қандай жанұяда да болып тұрады. Кез-келген адам зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін, бірақ көбінесе отбасында бұдан жәбір көретіндер балалар мен әйелдер болып табылады. Десек те, жұбайларының (әкесінің) маскүнемдігі мен соққыларына ашынған әйел заты, кейбір кездерде жәбірлеушісіне тойтарыс беріп, қарсы шығуы да жиі болатын жағдай. Кез келген жанжалға екі жақ та кінәлі болып табылатыны заңдылық. Сондықтан ашу-ызаға бой алдыру барысында адам өзін өзі ұстай алмай қалатын мұндай жағдайлар кейбір кездерде кісі өліміне әкелетіні де шындық. Осы жағынан алғанда бұған жай ғана отбасындағы кикілжіңдер деп қарауға болмайды. Қазіргі кезде отбасы мүшелерін жәбірлеу, зорлық-зомбылық көрсету жанұяның әлеуметтік жағдайына, экономикалық әлеуетіне, білім деңгейіне және айналасындағы өркениетті ортаға қарамастан көптеген отбасыда болып жатады.
Бүгін Тараз қаласында Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және Халықаралық адам құқын қорғау күніне қатысты қоғамдық шаралар басталды. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелер біздің елдің басындағы ғана қиындық емес. БҰҰ-ның мәліметінше, әлемде әрбір үшінші әйел отбасындағы тұрмыстық жәбірді басынан өткерген екен.
— Біз өткізіп жатқан шараның мақсаты – жұртшылық пен қоғамды зорлық-зомбылық мәселесі туралы қылмыстық құқық бұзушылық тұрғысында ақпараттандыру, оның әлеуметтік себеп-салдарын ашу. Қоғамда зорлық-зомбылық сипаттағы әрекеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру болып табылады. Ең бастысы – халықты әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға, ескертуге жұмылдыру, ана мен баланы қорғауға, отбасының қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған шаралармен таныстыру.
Біздің қаламызда осы акция аясында біршама іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланып отыр. Бүгіннен бастап жұртқа буклеттер, ақпараттық қағаздар тарату арқылы сауаттандыру шаралары жүргізіледі, Ішкі істер органдары жеке және сенім телефондары арқылы тәулік бойы жәбір көргендермен жұмыс істейтін болады. Дағдарыс орталықтары жапа шеккендерге, зорлық-зомбылық құрбандарына заң жағынан кеңес береді және психологиялық көмек көрсетеді. Қала жұртшылығын осы акцияға белсенді қатысуға шақырамыз, — дейді Тараз қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Талғат Саулебаев.
Тараз қаласында биылғы жылдың 10 айы ішінде тұрмыстық салада 7 қылмыс дерегі тіркелген. Ішкі істер органдары осы қылмыстарды ескерту үшін, заңда көрсетілген барлық шараларды қолданады. Ағымдағы жылы тұрмыс саласындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында – 2190 қорғау туралы нұсқама шығарылған, құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 73 бабына сәйкес 900 адм әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сондай-ақ, қорғау нұсқамасының талаптарын бұзғаны үшін, ҚР ӘҚБтК-тің 461 бабына сәйкес 49 адам жауапқа тартылып, отбасы жанжалдарына қатысты сот 55 ерекше талап шығарған.