АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН .СУҒА КЕТКЕНДЕР САНЫ КӨБЕЮДЕ.

тонутТөтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда суға шомылу маусымы басталғаннан бері  170-тен астам адам, ал жыл басынан бері 230-дан астам адам суға кеткен. Құтқарушылардың айтуынша, адамдардың суға батуының басты себептері — жүзе білмеу, алысқа малтыған кезде қайтуға күші жетпеу, балаларды қараусыз қалдыру, мас күйде шомылу, тыйым салынған жерлерде шомылу және тағы басқа жағдайлар. Жыл басынан бері суда құтқару бөлімшелері төрт жүзден астам адамды ажалдан арашалап қалды, олардың ішіндегі жүзден астамы балалар. 

Биылғы жазда күннің қатты ыстық болуына байланысты су жағалауларына барып салқындағысы келетіндердің саны күрт көбейді. Сондықтан тілсіз жаудың құшағында ажал тапқандардың саны да биыл күрт көбейіп отыр. Мұндай қайғылы жағдайлар әсіресе Алматы облысында көп тіркелді. Құтқару қызметінің оперативті маліметтер бойынша, 2015 жылдың тамыз айына дейін облыстық су қоймаларында 138 төтенше жағдайлар тіркеліпті. «Зардап шеккен адамдар – 290, суға батқан адам – 65, оның ішінде – 13 бала, 225 адам құтқарылды» деп көрсетілген. Өткен жылғы осы уақыттың ішіндегі оқиғалармен салыстырып қарасақ, 2014 жылы облыстық су қоймаларында 109 судағы төтенше жағдайлар тіркелген, оның ішінде 151 адам зардап шекті. Суға батқан адам саны — 55, оның ішінде-8 бала, 96 адам құтқарылған.  

EAx2ESX3fugu– Биылғы жылы статистика бойынша адам қазасы көп болған жерлер: Қапшағай су қоймасында — 8 адам, Балхаш көлінде — 1, Алакөл көлінде — 1, Іле ауданында — 11 адам, Қаратал ауданында — 7 адам, басқа да жасанды  су қоймаларында, каналдарда, карьерлерде осындай оқиғалар тіркелді. Судағы төтенше жағдайлар сараптамасы бойынша көбінесе суда зардап шегетіндер облыс аумағындағы адамдар аз баратын даладағы өзендерде, жасанды, каналдарда және басқа су қоймаларында жиі болады. Ведомствалық құтқару бекеттері бар демалыс аймақтарында, жағажайларда суға батқандардың саны аз. Суға шомылу маусымы басталардың алдында Білім жане денсаулық сақтау басқармасы, көлік бақылау инспекциясы, Ішкі істер басқармасы сияқты мүдделі қызметтермен бірге бірлесіп судағы адам өлімінің алдын алу бойынша іс шаралар жоспарын жасап,  бекіткен болатынбыз. Осы жоспарға сәйкес құтқару жасағы және  ІІБ, ҚІІБ қызметкерлері бірлесіп облыстың  ірі су қоймаларында, Қапшагай су қоймасы, Алакөл, Балхаш көлдері сияқты адамдар көп демалатын аумақтарда бақылау жұмыстарын жүргізуде. Қазір облыс көлемінде 155 демалыс аймағы ұтқарушылардың бақылауына алынды. Мысалы, Қапшағай су қоймасында — 73, Алакөл көлінде — 68, Балқаш көлінде — 13, Талдықорған қаласындағы өзен жағалауына – 1 суда құтқару бекеттері жұмыс істейді, жағажай қожайындарына ведомстволық құтқару постары бекітіліп, олардың жұмысына қажетті құтқару техникалар мен жүзу құралдары берілді. Судағы төтенше жағдайларды алдын алу бойынша профилактикалық сипаттағы шаралар бойынша – Алматы облысындағы 150 астам орта мектептерінде құтқарушылармен кездесулер ұйымдастырылып, «Жазғы кезеңдегі судағы негізгі қауіпсіздік ережелері» тақырыбында интерактивті сабақтар өткізілді, құтқару станциясы жеке құрамымен оқу мекемелерінде дәрістер мен сұхбаттар жүргізілді. Қауіпті су айдындары аймақтарында қауіпті ескертетін 55 белгілер қойылды, адамдар көп демалатын жерлерде судағы қауіпсіздікті сақтау туралы режелер жазылған стендер қойылды. Суда қауіпсіздікті сақтау туралы  ақпараттар, суда шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері таратуға бұқаралық ақпарат құралдары көмектеседі. Әр жерлерде «Суда абай болыңыздар» атты акциялар жургізіліп, халыққа 3300 жуық жадынамалар таратылды. Осының барлығы шомылу кезінде қайғылы оқиғаларды болдырмауға септігін тигізеді, — дейді Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы ішкі істер қызметінің полковнигі Сәбит Битаев.

Жақсы жүзе білу – суда демалудың бірден-бір қауіпсіздік кепілі, бірақ адам қандай мықты малтитын болса да суда жүзу ережелерін қатаң сақтауы керек, деп ескертеді құтқарушылар. Суға түсу қауіпсіздігі туралы ережеден басқа да әрбір адам біліп жүруге тиіс бірқатар қағидалар бар. Мысалы, суда жүзу дені сау адамдарға ғана пайдалы, дене ыстығы көтерілген кезде шомылуға болмайды, сондықтан суға түсер алдында дәрігерге көрініп, кеңесін алу қажет. Суға түсудің қолайлы уақыты таңғы сағаты 8-10-ның аралығы және кешкі сағат 17 мен 19 аралығы болып саналады.  Сондай-ақ, ас ішкеннен кейін бір сағат өтпей суға түскен денсаулыққа зиян екенін көп адамдар білсе де қаперге алмайды. Тамаққа тойып алып немесе арақ ішіп алып суға бірден қойып кеткен адамның қан қысымы бірден көтеріліп, басқа шабуы мүмкін.

Таяу күндері елімізідІң оңтүстігіне 40 градустық ыстық қайта келе жатыр. Демек, демалыс күндері жұрт өзен-көлдерге қарай ағыла бастайды. Суда құтқару қызметі тағы да қауірт жұмысқа кіріседі.

«Жағадан алыс жүзбеңдер, ескерту белгілерінен әрі өтпеңіздер. Арнайы белгіленген жерлерде ғана шомылыңыздар. Белгісіз жерде түсер алдында су түбін тексеріп алыңыздар. Суға байқап, ақырын кіріңіз, денеңіздің суға бейімделуіне мүмкіндік беріңіз, су белге келген кезде тоқтаңыз да бірден сүңгіңіз. Өзіңізге нық сенімді болмасаңыздар ешқашан жалғыз суға түспеңіз. Ешқашан жалған қауіптілік белгісін бермеңіз. Су тайыз болғанның өзінде балаларға сақ болыңыздар, себебі олар ойын кезінде құлап қалып суға тұншығуы мүмкін. Суда алысып, күресіп ойнауға болмайды, ойын кезінде өзіңіз немесе қасыңыздағы адам ауаның орнына су жұтып есінен айырылуы мүмкін. Таныс емес жерде секіріп сүңгу қауіпті – баспен тасқа соғылып басы, мойыны сынуы мүмкін, мұндай кездерде адам өліп кетеді. Суға түсер алдында түйреуіш алуды ұмытпаңыз. Ол аяқтың, қолдың сіңірі тартылып қалған жағдайда оны пайдаланасыз» деп құтқару қызметіндегілер шомылуға барған адамдар көп ескере бермейтін қарапайым кеңес береді. Осы қағидаларды әрбір адам есте мықтап ұстаса жыл сайын суға бататындардың саны бұлай көбейе бермес еді.