Абай ОМАРОВ (коллаж)
«Ел болам десең, бесігіңді түзе». Кемеңгер Мұхтар Әуезовтің даналық сөзі – өз күшінде. Дәл бүгінгі күнге, бізге айтылғандай әсер ететіні анық. Иә, біз ел болуға бекіндік. Болдық та. Бірақ бесік түзеу жағына келгенде неге кенжелеп отырмыз?
Бүгінгі бала – ертеңгі елтұтқа. Ал өнерлі бала – белгілі бір мөлшерде қоғамды тәрбиелеуші күш. Қоғамның «тәрбиешілерін» дұрыс тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Екіншіден, эстрададағы талғамның шатқаяқтап тұрған шағында сахнаға енді ғана қадам басып жатқан жас бүлдіршіндерді дұрыс жолға салу арқылы шын өнерді сақтап қалуымызға болады.
Ол үшін жас таланттардың өнерге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыруымыз керек. Шын өнер мен бір күндік алдамшы дүниенің аражігін ажыратып беру де – осы жолда атқарылар шаруа. Бүгінгі Мейрамбек Беспаев та, Ерболат Құдайбергенов те шынашақтай күнінен сахнада шыңдалған. Елдің көз алдында ержетті. Бірі «Бозторғайын» боздатып, бірі «Салтанатын» шырқатып өсті. Соның нәтижесінде екеуі де елінің елеулі әншілеріне айналды. Демек, ертеңгі Мейрамбегіңіз бүгінгі балалардың арасында жүргенін ұмытпағанымыз жөн.
Жас өнерпаздарымыз жоқ емес, бар. Бірақ олардың репертуары жұтаң екені даусыз шындық. Балаларға арналған түрлі ән байқаулары мен конкурстарды көріп жүрміз. Жас дарындардың дауысына дауа жоқ. Тасжарарлық таланттарды да көзіміз шалып қалады. Дегенмен сол баяғыша өзінің жасына сай келмейтін әндерді айтып тұрғанына куә боламыз. Бірі Қарақат Әбілдинаның репертуарынан «Балапан қазды» орындаса, енді бірі Роза Рымбаеваның орындауындағы «Әлиядан» бір-ақ шығады. Жетер жеріне жеткізіп-ақ айтады. Бірақ мұндай әндер бала айтатын ән бе?
«Өмір өткінші, бес күн жалған, өтер-кетер» мағынасындағы әндер бала айтатын ән емес деп білеміз. Бала «арманыма асығамын» десе жараспай ма? Олар анасын сүйсе, ұстазын құрметтесе, табиғатты аяласа, туған жерін қастер тұтса қандай сенімді. Сол әндері арқылы әр адамның сезімін тербеп, ойын қозғар еді. Он екіде бір гүлі ашылмай жатып махаббат туралы әуелетіп, «сені сағындым» дегенде, «бетті басып, қатты сасып» қалатынымыз рас. Сендірмейді. Сендірмегесін ойландырмайтыны, толғандырмайтыны тағы анық. Онда неге балалардың уақытын бекерге алмай, өздеріне лайық әндерді айтқызбасқа. Кеше біздер қошақанымызды жақсы көріп өспеп пе едік?
«Жазда апамның аулына,
Барып едім қыдырып.
Бір қошақан алдымнан,
Шықты ойнап, жүгіріп.
Ақмаңдайлы ай ма екен?
Шекер ме екен, бал ма екен?
Кеттім оны сағынып,
Қошақаным қайда екен?»
Осы жолдар – әрқайсымыздың жадымызда.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Әуені де көңілімізде сайрап тұр. Шопан атаның төліне деген махаббатымызды оятып, сағынышымызды тербемеп пе еді?!
Жоғарыда Мейрамбек пен Ерболатты бекерге айтқан жоқпыз. Мейрамбек «Бозторғай» әні арқылы сол кездерде қоғамды тәрбиелегенін мойындауымыз керек. Жетімдіктің қасіретін ұқтырып, талай әке мен шешені ойландырды. Аяушылық сезімдерін туғызды. Ал Ерболат «Салтанат» атты әнімен аға мен қарындастың арасындағы бауырмалдықты, сыйластықты қалыптастырды. Өнерлі бала белгілі мөлшерде қоғамның тәрбиешісі дегендегі айтпағымыз – осы.
Олай болса бүгінгі бүлдіршіндерді неге осындай әндермен тәрбиеге баулымасқа?! Ел болу жолындағы бесік түзеудің төте жолы осы ғой. Бар айтпағымызды солардың аузымен айтайық. Өскелең ұрпақты өздерінің қатарымен тәрбиелейік. Бір сөзбен айтқанда, сексеуілді сексеуілмен ұрып жарайық. Жиырма бірінші жүзжылдықтың баласына данышпан ойларымыз, кемеңгер ақылымыз, құрғақ сөзіміз біз ойлағандай әсер етпеуі мүмкін. Ал ән дегеніңіз, егер ол шынайы өнер туындысы болса, әсерсіз болмайды.
Сондықтан «мен қазақтың ұлымын, мына кең-байтақ жер менікі, елім мен үшін, мен елім үшін, бар байлығым – тәуелсіздігім, тілім – тірегім» мағынасындағы әндердің дүниеге келуі – кезек күттірмейтін мәселе. Екі күннің бірінде ғашық болып, жүрегін сағыныш кернеп жүрген сазгердің де, аруын айға балап, аспанға қол созып жүрген ақынның да ойланар күні туып тұр… Мүмкін, әр тараптан іздеп жүрген ұлттық идеологиямыздың бір ұшы осында шығар. Бізге Тәуелсіздіктің баяндылығы керек болса, ол үшін әр перзентімізді осы жолда жан аямай күресетін азамат етіп қалыптастыруымыз керек шығар.
Белгілі ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов пен көрнекті композитор Әбілахат Еспаевтың тандемінен туған «Батыр бала Болатбек» әнін ұмытпаған боларсыз.
«Батыр бала арқалаған ел жүгін,
Көрсетті де пионерлік ерлігін,
Отан үшін жау қолында жан қиды,
Сол үшін де ұмытпайды ел бүгін.
Ерлігіңді біледі ел,
Ұмытпайды, сүйеді ел.
Батыр бала, батыр бала Болатбек,
Батыр бала – советтік жас пионер».
Бұл ән туралы талас көп. Ол әңгімені қайта қоздату мақсатымыз емес. Біз бар болғаны Болатбектің ешқандай да Павлик Морозов емес екенін ескере отырып, осы әннің кешегі буынға қалай әсер еткенін айтқымыз келген. Болатбек болғысы келген баланың соншалық көп болғанын ұмыта қоймаған болармыз.
Неге бізге бүгінгі күннің, Тәуелсіз елдің «Болатбегін» тудырмасқа. Ол жауға қарсы шаппай-ақ қойсын. Тіпті майдан даласында жанын қидырмай-ақ қоялық. Бірақ ел тағдыры сынға түссе, аянып қалмайтын қаһармандығын көрсетсек болмас па? Бүгінгінің батыр ұлы тұғырға шықсам, тұлпар мініп, ту ұстасам деп армандаса жаман ба? Түк таппасақ, 20 жасында әлемді мойындатқан батыр Бекзаттың ерлігі үлгі етуге тұратын шығар.
Егемен еліміздің ертеңгі тізгін ұстар азаматы елдің жайын қара басының қамынан жоғары қоятын тұлға болып қалыптасса, одан артық бақ бар ма? Ол үшін балаларымызды дұрыс тәрбиелеуге тиіспіз. Тәрбиенің зоры – оларды «есер әндерден» қорғап, «есті әндермен» сусындату. «Тәтті әуен мен жақсы күй олардың құлағынан кіріп, бойын алсын, көңіліне түрлі ой салсын, сол арқылы әнді сүйсе, Абайша сүйсін». Әйтпесе «Биле, биле» деген желіккен әндер онсызда көп. Ортан қол, әуесқой сазгерлеріміздің 20 жыл билеткені де жетер? Ауыр да болса абыройлы міндетті атқарар күніміз туды. Жүгіміз жеңілдеу болсын, жұмыла көтерейік дегіміз келеді.
Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор:
– Егемендік алғаннан кейін балаларға арналған әндер құрып кетті. Және бұған көңіл бөлген адамды көрген жоқпын. Бұл үлкен мәселе болып тұр. Бұны сіз бен біз шеше алмаймыз. Бұны үкіметтік тұрғыда қолға алу керек. Онсыз болмайды. Мәдениет министрлігі қамқорлығына алмаса, жағдайымыз қиын.
Бұны шешудің бірден-бір жолы сол: балаларға арналған әндердің конкурсын өткізу керек. Оған барлық сазгер қатысса, 50-ге жуық ән бәйгеге түссе, содан бес ән шығар еді. Тіпті бір ән шықса да үлкен байлық болады. Сонда бес жылда бес ән туады. Кешегі күнгі күллі бала жатқа айтқан әндер бір жылда жазыла салған жоқ. Олар да сұрыпталып, бес жылда, он жылда жазылған шығармалар. Министрлік қолға алса, он жылдың айналасында Тәуелсіз елдің ұрпағын тәрбиелейтін әндер жазылар еді. Ал конкурстар ұйымдастырылмаса, әндерді іріктеп, сұрыптамасақ, басқасының бәрі – бос сөз.
Тағы бір айтарым, балаларға арнап ән жазу – қиынның қиыны. Ол әркімнің қолынан келе бермейді. Балаларға арнап жазу үшін жүрегің таза болуы керек. Балаларға өтірік айта алмайсың. Ең бірінші балаларды сендіруге тиіссің. Сендіре алмасаң, әнің сол жазылған, айтылған жерінде қалады. Ондай әнді бала тыңдамайды. Екінші образ керек. Баланың жадына, көңіліне жатталатындай образ табу да үлкен еңбекті қажет етеді. Содан кейін қазақы психологияны бере білуге тиіссің. Менің кешегі күні балалар жатқа айтқан «Жау, жаңбыр», «Солдат болам мен ертең» сынды әндерім осы талаптарға сай жазылған.
Біз ұрпағымызды өз әндерімен өсірейік. Ол үшін ел азаматтары жоғарыда айтқан ой-пікірлеріме көңіл бөлгені жөн.
Айман ТОҚТАРБЕКҚЫЗЫ, Алматыдағы Оқушылар сарайының қызметкері, білікті ұстаз, республикалық «Ғұмырдария» байқауының авторы:
– Қазіргі балалардың өнерге деген құштарлығы керемет. Бірақ солардың талантын, дауыстарының диапазонын көрсетерліктей әндердің жоқ екендігін айтқым келеді. Осы жағынан үлкен қиындық туып тұр. Кейде ата-аналардың қалауымен ақындар мен сазгерлерге арнайы тапсырыс беріп те жатамыз. Сонда байқағаным, ақындар әдемілеп жазып бере алады. Баланың ұғымына сай етіп, солардың тілімен жаза алады. Ал сазгерлеріміз жақсы дүние тудыра алмай келеді. Жазғандары балаға мүлде келмейді. Кешегі Нұрғиса, Әсет ағаларымыздың деңгейі жоқ оларда. Содан кейін амалдың жоқтығынан халық әндерін, Біржан сал, Жаяу Мұса сынды халық композиторларының әндерін үйретеміз. Бәрі жабылып сол әндерді айтып келеді.
Енді балалардың жасына сай болмаса да махаббат туралы әндер айтатынына келсек, олар қазіргі сахнада жүрген аға буын әншілерге еліктейді. Солардан көргенін істейді. Олар нені айтса, бұлар да соны шырқауға даяр. Ал бұларды өздерінше тәрбиелейін десең, тағы да сол репертуардың тапшылығына келіп тірелеміз.
Автор: Бейбіт САРЫБАЙ
http://alashainasy.kz/main/42515/