АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ мәдениетін дәріптеген армян қызы

АСТАНА. 31 наурыз. BAQ.KZ – Ақтау қаласының тұрғыны Грета Хачатурян өмірін қазақ тілінсіз елестете алмайды.

Жиырма жастағы армян қызы жергілікті телеарнада қазақ тілінде жаңалықтар жүргізеді. Орыс тілінде білім алып, тәрбиеленген бойжеткен аз уақытта мемлекеттік тілді үйреніп, көптен күткен арманына қол жеткізді. Армян этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі, қазақтың тілі ғана емес, бай мәдениетіміз бен өнеріміздің де өркендеуіне үлес қосуда.
Грета 3 жыл бұрын дәл осы студияда өзінің алғашқы хабарын жүргізген болатын. Содан бері ол қалың көрерменге әдемі даусымен жаңалық жеткізіп келеді. Армян қызының негізгі мамандығы – аудармашы. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Дегенмен Грета үшін қазақ тілінің орны ерекше. Мемлекеттік тілдің арқасында ол «жүргізуші балсам» деген арманына қол жеткізді.

 

Грета Хачатурян, Ақтау қаласының тұрғыны:
— Орыс мектебін бітірдім. Колледжде де орысша оқыдым. Бірақ достарымның негізі қазақтар болды. Тобымызда да Бейнеуден, Жаңаөзеннен келген қыздар мен ұлдар болды. Бір-бірімізбен сөйлесіп, олар менен орысша, ал мен қазақшаны үйрендім.

 
Гретаның ата-анасы Қазақстанға 1986 жылы көшіп келген. Олар – армян этномәдени бірлестігінің белді мүшелері. Ұлтаралық татулықтың дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Хачатурян отбасында армян долмасымен бірге қазақтың еті жиі асылып, дастарханнан бауырсақ үзілмейді. «Ынтымағы жарасқан, осындай елден пана тапқанымызға қуанамыз», — дейді отбасы мүшелері.

 
Алла Хачатурян, Гретаның әпкесі:
— Біздің отанымыз – Қазақстан. Осында туылдық. Балалы болдық. Үйде қазақтың ұлттық тағамдарын жиі әзірлейміз. Балаларым құрт пен ірімшікті жақсы көреді. Ал жолдасым қойдың етінен қуырдақ қуырып бергенімді қалайды.

 
Анаида Григорян, армян этномәдени бірлестігінің өкілі:
— Бірлігі жарасқан елдің – ғана іргесі мығым, болашағы зор. Мен қыздарымның Қазақстанда туылып, білім алғандарына қуанамын. Біз Елбасының мықты саясатының арқасында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Жұмысымыз бар, балаларымыз мектепте білім алып, немерелеріміз балабақшада алаңсыз ойнап жүр. Осыдан артық қандай бақыт бар.

 
Үйдің кенжесі Грета қазақ тілінің ғана емес, қазақ халқының бай мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне де үлес қосып келеді. Қазақ ақындарының шығармаларын сүйіп оқиды. «Абай оқулары» байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы атанған.

 

http://baq.kz/kk/news/45222