Алматыда БАҚ өкілдерімен кездескен Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Яцек Ключковский мырза екі ел – Қазақстан мен Польша арасындағы өзара тиімді экономикалық және сауда байланысына осындай баға берді.
Польша Республикасы елшісінің пікірінше, Еуроодаққа енген соңғы тоғыз жылдың ішінде Польша айрықша қарқынмен дамып келеді. Тіпті соңғы кездегі әлемдік дағдарысқа қарсы тұра білген бұл ел – Еуропадағы экономикасы тұрақты дамып келе жатқан мемлекеттердің арасында алдыңғы қатардан көріне білді. Бұған Еуроодақ елдері арасында белгіленген асқаралы міндеттерді жүзеге асыруда Польшаның алтыншы орынға көтерілуі нақты дәлел болып табылады.
– Рас, Еуропадағы дәстүрлі экономикасы дамыған көптеген мемлекеттердің арасында біздің мемлекет үшін 2012 жыл экономиканы ілгерілету ісінде анағұрлым табысты жыл болды. Өйткені көптеген елдер дағдарысқа ұшырап, қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп жатқан соңғы 20 жылдың ішінде Польшаның экономикасы төрт пайызға өсті. Мұндай табысқа еселі еңбектің нәтижесінде қол жеткіз-дік. Шетелдерге тауар шығару, яғни экспорт көлемі де едәуір артты. Бір қуаныштысы, соңғы жиырма жылда Қазақстанмен әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық орнату жағдайында екі елдің алыс-берісі барынша нығайды. Әсіресе, қос ел кәсіпкерлері арасында өзара тиім-ді әрі берекелі ынтымақтастық орнап, бұл бағытта да ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Нақтырақ айтқанда, 2013 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында Қазақстан мен Польшаның арасындағы тауар айналысының көлемі 909 962, 7 мың АҚШ долларын құраса, Қазақстаннан біздің елге 558 427,8 мың АҚШ долларының тауары тасып жеткізілді. Керісінше, біздің елден Қазақстан халқының игілігі үшін жалпы көлемі 351 534,9 мың доллардың алуан түрлі тұтыну тауарлары тасымалданды. Атап айтқанда, Польшадан Қазақстанға алуан түрлі машиналар, механикалық және электр құрал-жабдықтары, фармацевтикалық өнімдермен қоса, алуан түрлі парфюмериялық және косметикалық бұйымдар әкелінді. Өз кезегінде біз қазақ елінен минералдық шикізат, табиғи газ бен көмір, т.б.тауарлар алдық. Әрине, басты мәселе, сатып алынған немесе импортқа шығарылған бұйымдарда емес. Ең бастысы, соңғы жиырма жылдың ішінде Польша мемлекеті тәуелсіз Қазақстанмен тікелей қарым-қатынас орнатып, өзара тиімді ынтымақтастыққа қол жеткізді. Бұл – екі ел үшін өте маңызды. Мысалы, үстіміздегі жылы қазан айының басында Ақтөбеде Польшаның ұлттық көрме экспозициясы ұйымдастырылып, оған біздің елден 22 компания өкілдері және ресми делегация қатысты. Көрмені ұйымдастыруға «Познаньның халықаралық жәрмеңкесі» компаниясының өкілдері мен Польшаның Қазақстандағы елшілігі Сауда және инвестицияға көмектесу бөлімінің қызметкерлері зор үлес қосты. Сондай-ақ 2010 жылы ақпан айында құрылған Польша Бизнес клубы да екі ел кәсіпкерлерінің Қазақстанда бірлесіп бизнес жүргізуі жөнінде жан-жақты тәжірибе алмасуына ықпал етіп келеді. Мұның бәрі Польша мен Қазақстанның арасындағы ежелгі ынтымақтастықты барынша ілгерілете отырып, биік белестер-ді бағындыруға жол ашады. Мұның өзі поляк-қазақ достығының болашағы зор екендігінің айғағы, – деді Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше жә-не өкілетті елшісі Яцек Ключковский мырза.
Ал Польшаның Қазақстандағы елшілігінің бірінші кеңесшісі Анджей Стэфанский сонау ХІІІ ғасырда Бенедикт Поляк есімді танымал монахтың еуропалықтардың арасынан тұңғыш рет Азияға, оның ішінде қазақтың Ұлы даласына сапарлап келгенін және осы сапары туралы естелік қолжазба қалдырғанын еске алды. – Сол жолғы жазбасында ол Еуразияда Алтын Орданың гүлденген дәуірі туралы өте қызықты деректерді келтір-ген. Батыс ғалымдарының айтуынша, Бенедикт Поляктың дәл осы сапары Ұлы даланың тыныс-тіршілігі, тұрмысы туралы ақпараттарды жинап қана қоймай, Еуропаны қазақтарға қарай бір адым болса да жақындатуға ықпал етті. Оның үстіне қазіргі күні Қазақстан көпұлтты елге айналып отыр. Қазір мұнда біздің ағайындарымыз көптеген поляктар жергілікті тұрғындармен тату-тәтті баянды өмір сүруде. Демек, Қазақстан мен Польша қарым-қатынасының тамыры тереңде, ғасырлар қойнауында жатыр. Біздің мақсат – сол ежелгі ынтымақтастықты ілгерілету, – деп Анджей Стэфанский өз ойын жеткізді.
P.S.: Сол күні Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Яцек Ключковский мырза елшілік атынан қазақ-поляк қарым- қатынасын ілгерілетуге үлес қосып жүрген қазақстандық және польшалық кәсіпкерлерді арнайы жүлделермен марапаттап, оларға Қазақстан мен Польшаның игі ынтымақтастығы мен достық байланысын нығайтуда сәттілік тіледі.
Молдахметұлы Жомарт