АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақтың батыр ұлы Қасым Қайсенов туралы фильм көрсетіледі

Астана. 29 сәуір. Baq.kz — Ертең, 30 сәуір күні сағат 11.00-де Астана қаласы «ҚазМедиа Орталығының» мәжіліс залында Қазақстан, Ресей, Украина мемлекеттері бірігіп түсірген «Қасым» көркем фильмінің тұсаукесер рәсімі өтеді.

4 сериялы көркем туындыны «Қазақстан» РТРК, КТК, « Бірінші арна Еуразия» телеарнасы мен INTRA Communication (Ресей) және FILM UA (Украина) бірлесіп түсірді.
Фильм – аты аңызға айналған барлаушы, қазақтың батыр ұлы Қасым Қайсеновтың біртуар болмысы жайында. Диверсанттар тобын басқарып майдан шебіне енген Қасымның барлық сарбаздары сатқындықтың кесірінен фашистердің қолынан опат болады. Жападан жалғыз жау шебінде қалған Қасым өзіне берілген тапсырманы қайтпас қайсарлықпен орындап, жаудың қару-жарақ қоймасын жояды. Соғыс уақытындағы сатқындық, күдік, қорқынышқа қарамай жергілікті халық Қасымға көмекке келеді. Немістің ақсүйек барлаушысы қазақтың жаужүрек батырына төтеп бере алмайды.
Белгілі ресейлік режиссер Леонид Белозорович пен сценарий авторы Андрей Курейчик фильм желісіне заманауи кинематография арсеналы — психологиялық қайшылықтар, жойқын шайқас пен лирикалық көріністер арқылы ерекше реңк берген.
Көркем фильмдегі негізгі кейіпкердің рөлін астаналық Қ.Қуанышбаев атындағы драма театр актері Қуандық Қыстықбаев сомдады. Сонымен қатар, көркем туындыда Владимир Гостюхин, Михаил Евланов, Александр Лыков, Александр Петров, Мария Луговая сынды танымал актерлар да ойнайды.
Фильм 7-10 мамыр аралығында «Қазақстан» ұлттық арнасынан 19.30-да көрсетіледі.
http://www.baq.kz/kk/news/27277