Жақында Польша Мәдениет министрінің орынбасары Петр Жуховский «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен ІІІ Рейхтың қазынасы Польшаның оңтүстік-батысындағы Вальбжих қаласы маңындағы туннельдің үйіндісінің астында жатыр» деп мәлімдеді. Арнайы радардың көмегімен түсірілген суретте туннельдің астына көмілген броньды пойыздың сұлбасы анық көрінеді екен. Фашистік Германияның соғыс кезінде жинаған байлықтары осы пойызда болуы тиіс. 1945 жылышегініп бара жатқан неміс әскерлеріосы маңдағы тауды тесіп өтетін туннельдердің бірін жарып, астынаалтын және қару тиелген броньды поезды көміп кеткен деген алып-қашпа сөздер жергілікті халықтың арасында баяғыдан айтылып жүр. Польша үкіметі пойыздың жатқан жерін құпия ұстап отыр, ал Жуховский болса жер астында жатқан пойызда алтыннан басқа фашистер тонаған өнер туындылары мен архив құжаттары болуы мүмкін деп жар салып жүр. Оның айтуынша, пойыздың тұрған жерін көрсеткен бір неміс пен бір полякқа осы пойызды өз қолымен көмген адам өлер алдында айтып кеткен екен. Бірақ оған барар жол миналанған болуы мүмкін деп ескертіпті, сондықтан бұлар Вальбжих қаласының әкімшілігіне барып бронепоездың жатқан жерін білетіндерін айтып, егер қазына табыла қалатын болса оның 10 пайызын беруді сұрайды. Олардың аты-жөндері де әзірге құпия. «Алтын пойыз» туралы ешқандай ресми құжаттар сақталмаған. Алайда, 1942-1943 жылдары немістер әскери тұтқындарды Вальбжих қаласының астынан өтетін ұзындығы 9 шақырымнан астам туннель қазуға пайдаланғаны белгілі. Бұл жерде әскери зауыт салмақшы болған. Бронепоезд фашистерге Вроцлавадан алтын және басқа бағалы заттарды алып шығу үшін қажет болған. Оның ішінде қазірге дейін табылмай жатқан, Ленинград түбінен әкеткен Янтарь бөлмесі де бар болуы мүмкін деген болжамдар айтылады. Ол Свебоджицеге, содан кейін Вальбжих келуі керек болған, бірақ жетпеген, эшелон Любехув маңында туннельде қалуы мүмкін.
РЕЙХТЕ АЛТЫН БОЛДЫ МА?
ІІІ Рейхтың алтын құймалары туралы әртүрлі аңыздар мен мифтер көп айтылады. Оның қайда жөнелтілгені, қайдан іздеу керектігі туралы көріпкелдер әртүрлі болжамдар жасап, сан-саққа жүгіртеді. Ал сол алтынның өзі болды ма? Фашистік Германия тонаған байлықтарының барлығын соғыстың соңғы жылдарында жаратып жіберді деген пікірлер де көп айтылады. Ол да мүмкін. Бірақ жеңілетінін білген фашистер күйреуге ғана дайындалған жоқ, тонап алған байлықты пайдаланып ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін де күресті жалғастыруды ойлады. Сол үшін Мартин БорманРейхтың алтынын ешкім тиіспейтін қор деп жариялады. Эксперттердің есебінше бұл қор 400-500 миллиард долларды құраған. Оған не кірді? 1938 жылы фашистік Германия Австрия, Чехословакя және Данцингтің алтын қорын өздеріне алды. Одан кейін Бельгия, Нидерландтар, Дания, Франция, Польшаның алтын қорлары бұлардың қолдарына өтті.тарихшы Александр Мосякин «Тоналған Еуропа» деген кітабында, тек қана кеңестік украинаның банк бөлімшелерінен 3 вагон алтын Германияға жөнелтілді деген деректі келтіреді. Енді оған мыңдаған зергерлік дүкендер, шіркеудегі бағалы заттар, мүзейдегі құнды экспонаттар және фашистік Германияның ең зұлымдық табысы – концлагерлердегі тұтқындардың алтын тістерін қосыңыз. Тек қана Освенцим тұтқындары фашистерді 8 тонна алтынмен байытты.
АЛТЫН ҚАЙДА КЕТТІ?
Вермахтың америкалық арнайы қызметімен алғашқы келіссөздері 1943 жылы Бернде өтті. Вальтер Шелленберг бсқарған СД басқармасының VI бөлімі «Аусланд»принц Макс Эгон фон Гогенлоэ мен АҚШ Құпия қызмет басқармасының басшысы АлленДаллеспен астыртын кездескені туралы ССрейхсфюрері Гиммлерге баянатты жеткізді. Келіссөз нәтижесіз аяқталды деп саналады, алайда, фашистер алтынды Еуропадан алып кетудің жолын дәл сол кезде табуы мүмкін. 1944 жылы немістердің жағдайы ауырлап, қатты шиеленісті. Күзге тамантоналған алтын тиелген эшелондар шығыстан батысқа қарай ағыла бастады. Барлау деректері бойынша, сол жылы Будапештте 80 вагоннан тұратын эшелон жиналды, оның 38 вагонына концлагерь тұтқындарының бағалы затары тиелген. Желтоқсан айында эшелон Веспрем – Фертебоз – Вена – Зальцбург маршруты бойынша батысқа қарай жылжыды. 1945 жылдың наурызына дейін пойыз Австрия шекарасында тұрып қалды, содан кейін Зальцбург түбіндегі туннель америкалықтардың қолына өткенше, 11 мамырға дейін Австрия аумағында әрлі-берлі жүрді.
Тоналған дүниенің дені АҚШ-тың үлесіне тиді. Біраз бағалы заттар Венгрияға қайтарылды (мысалы қасиетті Стефанның тәжі, тағы басқа шіркеудегі заттар), бірақ алтын құймаларын америкалықтар өздеріне қалдырды. Концлагерь тұтқындарының зергерлік бұйымдары тиелген 38 вагон да солардың қолдарында қалды. 1948 жылы генерал Марк Кларк алтынның қайдан шыққанын дәлелдеу мүмкін емес деген желеумен вагондарды қайтарудан бас тартты. Әрине, қолайлы позиция, оның үстіне Венгрия ол кезде Кеңес Одағының ықпалында болды. Әрі қарай оның қайда кеткені белгісіз.
ЖОҒАЛҒАН ПОЙЫЗДАР
Польша немесе Австрия жерінде жоғалып кеткен пойыздар туралы аңыздар көп. Өйткені Рейхсбанк қоймаларынан жөнелтілген мыңдаған тонна алтын мен платина, килограмдаған бриллианттар Австрияға қарай броньды пойыздармен кеткені туралы құжаттар сақталған, бірақ әрі қарай құрдымға кетеді. Бір кездерде аса құпия сақталған мәліметтерге қарағанда, 1945 жылдың 31 қаңтарында Германияның қаржы министрі Вальтер Функтің ұсынысы бойынша империалық банктағы алтын қоры жедел түрде эвакуацияланды. Мықты күзетілетін қауіпсіз орнынан бір рет жылжыған соң, алтынның салмағы қаншама ауыр болса да желге ұшып кететін сияқты. Берлиннен Оберзальцбергке шыққан 24 вагоны бар №277 пойыз ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Құжаттар бойынша италиялық бас фашист Муссолинидің 120 тонна алтыны, хорват диктаторы Павеличтің 100 тонна алтыны, СС казак корпусының 50 тонна платинасы, словак диктаторы Тисоның изумрудтары Бад-Аусзее курорты маңындағы теміржол стансасына жеткізілген. Бірақ олардың әрі қарай қайда кеткенін ешкім білмей қалыпты. Деректерге қарап отырсаңыз Гитлердің пойыздары көзді ашып-жұмғанша аспанға ұшып, жоқ болып кететін ертегінің пырағы сияқты. Альтзее көлінің жанына жеткенде Кеңестік Украинаның алтыны тиелген пойыз із-түзсіз жоғалды. Бад-Аусзее қаласына жеткен Румыния алтыны да «аспанға ұшып» кетті. Сондай-ақ, «Еділ-Орал» татар СС легионының бір тонна сапасы жоғары қызыл алтыны, Жоғарғы Австрия гауляйтері Айгрубердің жинаған миллиондар тұратын бриллианттары мен эстон эсэстерінің жұрттан тонаған 200 келі алтыны да жоқ болып кетті. Тек архивтерде қатталған құжаттары ғана қалды.
Ал енді нақты белгілі жәйт, Хорст Фульднер деген фриц Аргентинаға 400 миллион долларды алып кетіпті. Тағы бір анықталған факт – 1945 жылы 17 тамызда U-977 сүңгуір қайығына салынған 3 миллиард доллардың алтыны да Аргентинға жол тартқан. Бұл қазына ол жаққа тұтастай жеткізілгені де белгілі. Оны Мартин Борман бастаған Гитлердің маңайында болғандар пайдасына жаратқан болар. Ал тонналаған алтынның басы-қасында жүрген америкалықтар соғыстан кейін Рейх қазынасының бестен бір бөлігін ғана тапты.
БӘРІНЕ БАНКИРЛЕР КІНӘЛІ МЕ?
Үшінші рейхтың алтын қоры туралы сан алуан аңыздар, пікірлер, болжамдар бар дедік. Солардың бірі бойынша алтын тиелген пойыздар туралы құжаттар көзді алдау үшін жасалған, шын мәнінде ол пойыздар бос кеткен. Шындығында да пойыздардың барлығы бос, «қуыршақ» болған шығар? Мүмкін Рейхтың байлықтары сыртқа банктер арқылы шығып кеткен шығар? Сарапшылар бұған да бастарын қатырып біраз жұмыс істеді. Ақыры банктердің бұған қатысы жоқ екен деген тұжырым жасады. 1944 жылдың жазында фашистер алтын, платина түрінде 10 миллиард долларды швейцариялық банк арқылы Аргентина, Перу және Чилиге жібермекші болып әрекеттенді. Бірақ техникалық жағынан бұл мүмкін болмай шықты.
Рейх алтынының жоғалып кетуіне итальялық мафияның қатысы бар деген де болжамдар да болды. Тарихшы Герхард Заунердың пікірінше, бұған ватикандық епископ Алоизо Худаль араласқан. Оның фашистерге бүйрегі бұрған, каморрамен тығыз байланыста болған, алтынды алып шығуға соның көмегі көп тиген болуы керек. 1946 жылы мұны британдықтар білді, олар Ватикан монастырлерін тінтіп шықпақшы да болды, бірақ оларды Ватикан маңына жолатпады. Соған қарағанда Ватиканның қатысы болуы мүмкін деген Герхард Заунердың сөзі орынды сияқты. Бірақ алтынды алған күннің өзінде Ватиканға ешкім ештеңе деп айып таға алмайды. Өйткені кез келген шіркеу, басқа да діни орындар өздреіне берген бітір-садақаны қандай көлемде болмасын алуға құқы бар.
Мүмкін алтынның жоғалуына 1945 жылдан кейін билік басында қалған жалғыз диктатор, испан диктаторы Франконың қатысы бар шығар. Бұл версияның да жаны бар. Маршалл жоспарын жасағаннан кейін Испаниядан Рейхсбанк маркалаған алтын кепілдік ретінде АҚШ-қа қарай өзен болып ақты. Болжамдар көп, бірақ ешқайсысы дәлелденіп, анықталған емес.
АЛТЫНДЫ ІЗДЕСТІРУ
1945 жылы тамызда Потсдам конференциясы: «Фашистік германияның алтын қоры КСРО, АҚШ, Британия және Францияға бөлініп берілсін» деген қаулы шығарды. 1946 жылы одақтастар фашистік меншікті реституциялау туралы Үшжақты комиссия құрды. Комиссия ұзақ еңбектенді, сондағы тапқаны 60 миллион доллардың алтыны ғана. 1997 жылға дейін немістердің 329 тонна алтыны табылды. Рейхтың алтыны Түркия, Португалия және Аргентина банктерінде сақталғаны белгілі, бірақ банкирлер өздеріндегі мәліметтермен бөлісуден бас тартты. 1995 жылы Әлемдік еврей конгресі швейцариялық банктер Үшінші рейхтың алтынын сақтап отыр деп айыптады. Олардағы есепшоттарды тексеру кезінде, 1934 жылдан бастап фашистер салған 2,5 миллион доллардың алтыны табылды. 1997 жылы швейцарлық банктер Холокост қорына 270 млн франк төлеуге мәжбүр болды.
Не себеп болғаны белгісіз, КСРО өкілдері Үшжақты комиссияға кірмей қалды. 1945 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) жеке тексерулер жүргізді. Үшінші рейхтың алтынын іздестіру операциясы «Крест» деп аталды. Операцияның мақсаты Рейх алтынының қайда жіберілгенін анықтау ғана емес, сондай-ақ патшалық Ресей алтынының қайда кеткенін анықтау болды. Аласапыран дүрмек кездерінде Германияның алтыны ғана жоғалған жоқ, Ресей империясының алтын қоры да өткен ғасырдың басында жоқ болып кетті. Алтын қоры Сібірге жөнелтілді де, ондағы билікті уақытша қолына алған адмирал Колчактың қарамағына түсті. Одан кейін көмекке келген «чех-словак корпусының еруілі» болды, сондай алыс-жұлыс кезінде Ресейдің алтын қоры тиелген пойыз бір сәтте көзден ғайып болды. Кейіннен Чехияда «Легион-банк» деген пайда болды. Ал «легионерлер» деп чехтар сол кездерде Сібірде болған чех-словак корпусының жауынгерлерін атады. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері патшалық Ресейдің жоғалған алтын қорына жетектеп жеткізетін жіптің үшін ұстағандай болды. Бірақ, Сталин өлгеннен кейін «Крест» операциясы тоқтатылды.
Сонымен Үшінші рейхтың алтын қоры әлі де толықтай табылған жоқ, әр жерлерде шашырап жатыр. Польша жерінде туннельге көмілген «алтын пойыз» жатыр дегенді естіген қазына іздеушілердің талайы ұйқыдан айырылған шығар. Оның «қуыршақ» болып шығуы да әбден мүмкін.