АЛТЫНОРДА
Новости

«Қиын қыздар» деген қасірет шықты

d7901898a3730ca64a98010b46dec581Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Тентегін тыйып ұстаған кешегі ата-бабаларымыздың тәрбиесі бүгінгіге жүрмейді. Бүгінде ата-ананы тыңдамайтын, әкенің жағасына жармасқан ұл, шешенің бетінен алған қыз өсіп келеді. Тәртіп тіні үзіліп, қоғамның қасіретіне айналған қиын балалар аз емес. ҚР ішкі істер министрінің мәліметтеріне сүйенсек, арнайы базада тіркелген қиын балалардың тізбегі бүгінде 6 мыңнан асып кетіпті. Ал елімізде жыл сайын 7 мыңнан астам қылмыс жасөспірімдердің қолымен жасалатыны анықталып отыр. Қазір сол жас тентектерге арналған арнайы түрмелердің саны да артып келеді. Еліміз бойынша олардың саны төртке жетті.

Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген ұғымымызда бұрын қиын бала деген мүл­де бол­ма­ған. Бұл термин бізде 90-жыл­дары пайда болды да, кейінгі жылдары тіп­тен көбейіп кетті. Әсіресе арнайы интер­натқа қамалған бұзақы бойжеткендердің тым көбейіп кеткені мамандардың алаң­даушылығын туғызып отыр. Тәрбиеге көн­беген көгенкөздерді көгендеуге арналған девианттық мінез-құ­лығы бар балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары деген ат беріп, атақ тақтық оған. 1999 жыл­дары қиын жасөспірімдерді оңалту орталығы болып ашылса, кейіннен де­ви­ант­тық мінез-құлығы бар балаларға ар­нал­ған арнайы білім беру ұйымы болып қайта құрылды. Аты өзгергенімен, заты өз­герген жоқ. Қайта құрылғанымен, қиын ба­ла­лар құрып кеткен жоқ. Мұндай ар­найы оқу орындары еліміздің барлық өңі­рінде бар. Оларды оқшаулағанда тиісті ор­гандар өздерінің құлағының тынышты­ғын ғана ойлайтын сияқты. Қиын бала­лар­дан құтылдық деп мәлімет берген тәр­тіп сақшыларына да, қиын балалар жоқ деу мұғалімдерге де жақсы болды. Биік қор­шаулардан көрінбейді ғой деп ойлай­тын болса керек. Мұндай балалардың көбеюі­нің түпкі мәнісіне үңілсек, отбасыға барып тіреледі. Одан мектеп, одан кейін бүкіл қо­ғам. Ата-анасы ажырасқан, тұр­мы­­сы төмен отбасының балаларының тұ­рақты мекені осы жер. Ара-арасында бақ­уат­ты отбасында тәрбиеленгендер де бар­шы­лық. Олар қыл­мыс­қа ашыққаннан емес, ерігіп ермек іздегеннен барады. Ал қылмыс жасаған жасөспірім осы­лай­ша қоғамнан оқшауланады. Ал осын­дай ме­ке­мелердің түрмеге төте жол бол­масына кім кепіл? Бұл жерден шыққан соң түзу жолға түсіп, түзеліп кетсе жақсы. Қай­та тәрбиелеу өз жемісін беріп жатыр ма? Барар жер, басар тауы жоқтар амалсыздан бұрынғы соқпағына түсіп кетіп жатқаны туралы мәліметтер де жоқ емес. Тіпті мұн­да үш ретке дейін түсетіндер де бар болып шықты. Есік-терезесі торланған, арнайы күзетте тұратын, биік дуалмен қоршалған мұндай мекеме балалардың психология­сына өте ауыр соққы болары сөзсіз. Тәртібі түзелмейтіндерді тоғыту операциясы тура­лы қоғам пікірі екіге жарылып тұр. Онсыз да тағдырынан теперіш көрген бала ар­найы мектепке түскен соң мүлдем өзін-өзі жоғалтады, бұл оларға психологиялық ауыр соққы болады дейтіндер бар. Ал ауыр қылмыс жасағандардың жазасы осы дей­тіндер де жоқ емес. Тура түрмедегідей ахуал баланы болашақта түрімшік қылып шығармасына кім кепіл? Әсіресе ұрпақ тәрбиесіне жауапты болашақ ана болатын қыздарымыз осылайша қисық жолға түсіп жатса… Ойлаудың өзі қорқынышты. Ал­дың­ғы арбаның ізін қуалай соңғы арба да соны соқпаққа түсе ме деп қауіптенесің…

Кентау қаласындағы ерекше жағдайда тәрбиелеуді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық ар­найы мектеп-интернаты 2003 жылы аш­ыл­ған. Алғашқы ашылған жылдары мұнда 150 балаға дейін тәрбиеленіпті. Бүгінде мұнда 70 бала тәлім алуда. Алғаш рет тү­сетіндері бар, басқа жаққа ауыстырыла­тыны бар, мұнда бала саны бірде көбейіп, бірде азайып отырады. Басым бөлігі – өзі­міздің қаракөздер. Белгіленген мерзімі біткен соң олар Шымкент қаласындағы кәме­летке толмағандарды уақытша оқ­шау­лау, бейiмдеу және оңалту орталығына жiберiледi. Осылайша қиын балаларды то­ғытатын тізбекті жасап қойғанбыз. Ал Та­раздағы арнайы мектеп негізінде 70 адамға шақталған. Бүгінде мұнда 40 бала тәрбиеленуде. Тәртіп сақшыларының ер­екше назарына іліккендер. 40 оқушының 15-і – қыз бала. Кезінде тараздық оқушы­лардың тәртібі мемлекеттік деңгейде қа­рал­ғаны есте. Оқушылар арасындағы бұ­за­қылық, топ болып төбелесу сынды мәсе­лелерге баса мән беріп, бұл біртіндеп ше­шімін тапқандай да болған. Дегенмен де қиын балалар саны сап тыйылмай тұр. Қиын бозбалалар аз болғандай, оған енді бой­жеткендер қосылды. Ұсақ ұрлықпен, то­нау­шылықпен айналысқан қыздар бұ­рын қоғамымызға таң көрінсе, бүгінде не шық­са да қыздардан шығатындай таңыр­қа­майтын болдық. Әсіресе қыздардың ара­сында лидерлікке таласу, әлімжеттік жасау бүгінде өрістеп тұр. Мектеп инспек­торының қойын дәптеріндегі қиын қыздар тізімі тіптен толыға түсуде. Тентектерді тыя ал­май отырғанда енді оған бұзақы бой­жет­кендер қосылды. Бұған, әрине, мектеп те, ата-ана да, жалпы қоғам да кінәлі сын­ды. Қатарластары сияқты қымбат ұялы те­ле­фон ұстамағанына намыстанып, ұрлық­қа барғандар жетерлік. Әлімжеттік жасап, мектеп оқушыларының ақшасын тартып алып, тәртіп сақшыларының қырағы наза­рына іліккендер де жоқ емес. Ал бақуатты отбасынан шыққан бір қыз үнемі төбелес ұйымдастырып, біреудің ақшасын тартып алып, ұрып-соғып, тонаумен айналысып келген. Қарны тоқтықтан, қайғысы жоқ­тық­тан азғындаған қыз «сенен бәрі қорық­са қандай тамаша» деп санайтынын да жасырмайды. Бір емес, екі емес, үнемі осы­лай тәртіп бұза берген соң оны осында әкелгеннен басқа амал қалмапты. Ұсақ бұзақылықтың ертеңгі күні ауыр қылмысқа апарып соқтырмасына да ешкім кепілдік бере алмайды.

Тәрбиеленушілердің жеке шотына өкімет ай сайын 11 900 теңге аударады. Өз қалауларынша жарата алады. Бес мез­гіл тамағы және бар. Былай қарағанда, мемлекет қылмыскерлерге де барынша жағдай жасап беріп отыр. Масылдыққа үйренген бүгінгі бала ертеңгі күні әрі таза, әрі жайлы осындай орынға баруды қала­масын деңіз…

Оспан КҮНТУБАЕВ, Жамбыл облыстық балалар және жасөспірімдердің арнаулы мектебінің директоры:

– Мұнда түсетіндердің басым бөлігі ата-ананың мейіріміне мұқтаж боп өс­кендер, қараусыз қалғандар. Содан түр­лі қылмысқа барған, тәртібі қиын бала­лар. Сол себептен де болар, қатыгез, ашу­шаң. Психологтеріміз, әлеуметтік пе­дагогтеріміз барынша тәрбиелеуге тырысады. Мұнда түскен соң қашпаққа әрекет жасайтындар да бар. 2010 осын­да 35 қашу дерегі тіркелсе, 2011 жылы 27 оқиға тіркелді. 

Бақытгүл КЕНЖЕБАЕВА, психолог:

– Бүгінде қиын балалар түгіл, қа­лыпты, тәртібі түзу деген баланың өзін тәрбиелеу қиынға соғады. Ата-ана жағ­дайымызды жасап алайық деп ақшаның соңында жүргенде бала тәр­биесі шетте қалып қояды. Әке-шеше бәрін ақшаға сатып алуға болады деп ойлауы мүмкін. Бірақ бала тәрбиесін, баланың мінезін, баланың мейірімін ешқандай да ақшаға сатып ала алмай­тынын ұғынса екен. Мейірімге шөлір­кеп өскен бала ертеңгі күні ата-анасына мейірі оянады деп ойламай-ақ қойса да болады. Қатыгез ұл мен қыз қайдан шығады деп бас қатырудың да қажеті жоқ. Біз бүгінгі күннен соның дәнін егіп жатырмыз. Ертеңгі күні кеш болмауы үшін бүгіннен бастап бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет.

Автор: Гүлжан КӨШЕРОВА, Жамбыл облысы

 

http://alashainasy.kz