«Алаш айнасы» басылымы «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің, Алматы облыстық әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, профессор Асылы Османмен сұхбат өткізді.
«Барша қазақстандық бірлікте, ынтымақтастықта осы мерекені тойлайды. Мұндай мерекемен адамның еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі, патриоттық сезімі артады. Өзге ұлт өкілдері де топырақ иесі, ел иесі – қазақ халқы оларды қалай қастерлесе, дәл солай қадірлеп, қастерлеп өтуі тиіс. Білем, қазақты сүйемін, құрметтеймін деп айтатындар көп, бірақ іс жүзінде қоғам болып баршамыз топтасқан түрде сол ниетте болғанымыз дұрыс. Ассамблея мүшелерінің жеке бастарының мүдделерінен гөрі қоғамға қызмет етіп, қоғамның мүддесін жоғары қойсақ ұтылмаймыз.
Рухани дүние жағынан келгенде ұлттық мүддені қай-қайсымыз болсақ та бірінші орынға қоюға тиіспіз. Яғни қазақ ұлтының мүддесі, ол – қазақтың ғана мүддесі емес, ол – қоғамның және мемлекеттің мүддесі.
Ал саяси тұрғыда алып қарасақ та, біз мемлекеттік саяси мүддені ең жоғары орынға қоюымыз керек. Өйткені мына мемлекет біздің бәрімізге ортақ. Ал ұлттық құндылық жағынан келгенде ұлттық мүдде ең жоғары орында тұруы тиіс. Күллі этнос өкілдері қазақтың мүддесі үшін қызмет еткені жөн.
Ал ұлттық құндылық жағынан келгенде ұлттық мүдде ең жоғары орында тұруы тиіс. Күллі этнос өкілдері қазақтың мүддесі үшін қызмет еткені жөн
Әрине, өзге ұлттың тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне айрықша көңіл бөлініп, өз ана тілдерінде оқуына, дамуына, өркендеуіне ерекше мән беріліп, салт-санасын жаңғырта сақтауына барлық жағдай жасалып жатыр. Өз ана тілдерінде оқып, білім алуда. Бірақ мен әрдайым тұрған елдің тілінде білім алып, оқиық деп насихаттап жүрем», — деп бастады сөзін қоғам қайраткері.
Ассамблеяның қызметін қатысты ол: «Кейінгі кезде Ассамблеяны кеңейту керек деп, ауылды жерлерден де ашылуда. Ал мен жеке басым бұл идеяны құптай алмаймын. Себебі бір қазақ ауылында бес шаңырақ әзірбайжан, бес-алты үй орыс, бес-алты, он шақты үй ұйғыр, түрік тұрса, осының әрқайсысы бөлініп, мен әзірбайжанмын, сен ұйғырсың, сен орыссың дегеннен не табамыз, не пайда? Бір ауылда тұрып әр ұлт кеудесін қақса, не болмақ, жарасқан бірлігіміз қайда қалмақ?
Қазақ – сонау VIII ғасырда алып арабтарға да, XIII ғасырда тегеурінді моңғолға да, XIX – ХХ ғасырда ормандай қаптаған орысқа да төтеп беріп, өзінің қазақтығын сақтап қалған киелі ел. Бірақ сол қасиетті қазіргі ұрпақ өз дәрежесінде ұғып, бағалай алмай, қастерлей алмай отыр, мені сол қынжылтады.
Қазір де қазақ көрген жерде бауырына басады, маңдайымнан иіскейді, арқамнан қағады, басымнан сипайды. Не үшін? Себебі мен қазақтың тілін білгеннен кейін қазақтың жан дүниесін ұғамын. Қазақ ешкімді бөлмей, жармай басымыздан сипап тұрғаннан кейін қазақты қалайша сүймейсің? Әлемде жеті атасын жетік білетін, ары менен қаны таза, жүрегі пәк, ешкімді бөлмейтін, жармайтын, арамдықтан ада, қиянаттан шет, алысты жақындастырып, аразды татуластыратын, бір пәк, даласындай дарқан ұлт бар, ол – қазақ ұлты», — деген пікірін білдірді.
Қазақ ешкімді бөлмей, жармай басымыздан сипап тұрғаннан кейін қазақты қалайша сүймейсің?
Асылы Осман қазақ ел иесі болған соң қоғамда қазақы рух сақталуы тиіс деген пікірде. Ол бір Қазақстанда 78 өзбек мектебі бар екенін мысалға келтірді. «Оның барлығы кімге керек? Өзбектің тілі де, әдет-ғұрпы да жойылмайды, жойылса да оның елі бар. Ал қазақтың тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жойылса, ол екінші жерде жоқ, демек, ұлт та жойылады. Қазақтың өсетін де, өркендейтін де жері осы жер – Қазақстан. Егер Қазақстанда барлығы жақсы болса, сізге де, маған да жақсы, яғни қазаққа жақсы, жайлы жер бәрімізге жақсы», — дейді ол.
Ол мемлекетімізде қазақтілді және орыстілді мектептердің бар екендігін алға тартып, тағы да басқа ұлттардың жеке мектептерін ашып, үй ішінен үй тігуді құптамайтынын алға тартады.
«Дамыған елдерде өзге тіл, бөтен халық деген ұғым жоқ. Бір тіл, бір мемлекет, болды. Яғни біз де сол жүйеге біртіндеп көшкеніміз абзал. Себебі біз де өркениетті, дамыған елдердің қатарына ұмтылған елміз. Сондықтан еліміздегі мектептерде оқытылатын пәндердің тек бірен-саранын мемлекеттік, яғни қазақ тілінде оқыту туралы емес, толық қазақ тілінде білім беруді құптар едім», — деді Асылы ханым.
Источник: nur.kz