АЛТЫНОРДА
Новости

Компартия: Билік бізді заңсыз тексеріп жатыр

27 қазанда Қазақстан коммунистік партиясы өкілдері Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «компартияны жабуға әрекет жасалып жатқанын» мәлімдеді.

Компартия төрағасы Ғазиз Алдамжаровтың айтуынша, «Қазақстан әділет министрлігі биыл қазан айынан бастап компартияның облыстық бөлімшелерінің барлығына тексерушілер жіберген, олар әртүрлі қисынмен партия жұмысын, партия басшылығының жазысқан хаттарын тексере бастаған, тіпті, партия мүшелерінің партияға өтердегі арызына дейін сұраған».

«Компартияның кейбір мүшелері партия мүшелерінің саны белгісіз дейтін мәліметтер таратқан. Бірақ шын мәнінде олай емес. Осындай тексеру болатынын біліп, 2011 жылдың соңы мен 2012 жылдың басында компартия мүшелерін қайта тізімдеп шықтық. Сол бойынша қазір компартияның 59 мың 500 мүшесі бар» дейді Ғазиз Алдамжаров.

Баспасөз мәслихатына келген партия жетекшілері «билік осыған дейін де бірнеше рет партия жұмысына кедергі жасап, уақытша жапқанын, артынша парламент, президент сайлаулары өткенін, енді тағы да солай болуы мүмкін екендігін» болжайды.

Баспасөз мәслихатына компартияның бұрынғы басшысы Серікболсын Әбділдин де қатысты.

Оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясына қатысты түрлі мәлімдемелер биыл қыркүйек айынан шыға бастаған еді. Ұйымның бірнеше мүшесі «партияның ауруға шалдыққанын бұдан әрі жасыруға болмайтынын, компартия мүшелерінің санын ешкім білмейтінін» мәлімдеген.

Артынша Қазақстанның бірнеше облысындағы компартия бөлімшелерінің тексеріле бастағаны белгілі болған.

1996 жылы құрылып, соңғы мәрте, 2003 жылы қайта тіркеуден өткен Қазақстан коммунистік партиясына бұрынғы Жоғарғы кеңес төрағасы, тәжірибелі оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин жетекшілік еткен. 1999 жылы өткен парламент сайлауында партия мәжілістің екі орнын иеленген.

2004 жылы партия екіге жарылып, Косарев бастаған бір топ коммунист Қазақстанның коммунистік халық партиясын құрған еді.

Қазақстан коммунистік партиясы 2004 жылғы парламент сайлауында орынсыз қалып, 2007 жылғы сайлауға қатысудан бас тартқан.

2012 жылғы парламент сайлауы қарсаңында Қазақстан коммунистік партиясының қызметіне 6 айлық тыйым салынып, Косарев бастаған Қазақстанның коммунистік халық партиясы мәжілістің 7 депутаттық орнына қол жеткізген болатын.

2010 жылы Серікболсын Әбділдин өз еркімен партия жетекшілігінен бас тартып, орнына Ғазиз Алдамжаровты ұсынған еді. Биыл Алдамжаров денсаулық жағдайына байланысты уақытша қызметтен шеттеп, жетекшілікті Төлеубек Махыжановқа тапсырған.

http://www.azattyq.org/archive/news/20141027/330/330.html?id=26659023