Қыздар мемлекеттік педагогика университетінің ұжымы даңқты студенті, Олимпиада чемпионы Майя Манезаның ұлы Арсенді қырық шілде суына шомылдырып, шілдехана жасап қайтты.
Рәсімге Алатау ауданының әкімі Б.Мәнізоров, Ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни бастаған федерациясы өкілдері, Олимпиада чемпионы Зульфия Чиншанло, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері және чемпиондар отбасының туысқандары қатысты.
Ежелден келе жатқан қазақы дәстүр бойынша дүниеге жаңа келген сәбиді қырық күміс тиын салынған үлкен күміс тостағанға күміс қасықпен 40 тілек айтып, су құйып, сол суға баланы шомылдырған. Бұл сәт дүние есігін ашқан баланың қырық күнде ет алып, ширап, көзінің көру қабілеті жақсарып, дыбыстарды ести бастаған шағы болады.
Қырық күннің өткені – бала өмірінде жаңа кезеңнің басталуының белгісі. Сондықтан қазақ халқы үшін қырық саны киелі саналады. Осы салт бойынша Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаеваның бастамасымен Олимпиада чемпионы Майя Манезаның ұстаздары шілдехана тойында жиналған қонақтарға күміс тостағандарға бір-бірін қайталамайтын тілектерді айтқызып, қырық күміс қасықпен су құйып, той иелеріне тарту етті. Жиналғандар бұл дәстүрден үлкен әсер алды.
Университеттің Әлеуметтік мәселелер және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Зәуреш Қуандыққызы Сабырова «30 омыртқаң жылдам бекісін, 40 қабырғаң жылдам қатсын» деген аналық тілегін білдірді. Сонымен қатар педагогика және психология факультетінің деканы С.Н.Жиенбаева да Майя мен Вячеславтың шаңырағына жақсылық тілеп, кішкентай Арсеннің дені сау, үлкен азамат болуына тілектестік білдірді. Қуанышты мерекеге жиналған қауым нәрестеге қажетті барлық сый-сыяпаттарын жасады.
Дуанабай Жолдасбек