Бірнеше күн бұрын Әлемтану оқырмандарына әлемдік сәулет өнерінің кестесінен орын алып үлгерген тамаша өнер туындысы — «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы туралы әңгімелеген болсақ, бүгінелордамыз Астана қаласындағы асқақ рухымыздың тағы да бір нышанына айналған «Мәңгілік ел» қақпасы туралы баяндайтын боламыз.
«Мәңгілік ел» қақпасы – әлемдегі санаулы қалаларға тән ерекше сәулеттік-монументалды туынды. Әдетте мұндай қақпа жеңіс рухын асқақтату немесе жасампаз жетістіктердің құрметіне қаланың кіреберісіне, үлкен жолдың бойына орнатылады. Астанадағы салтанат қақпасы да осы талаптарға толықтай жауап бере алады.
Бұл сәулет нысаны Астананың сол жағалауындағы аспанмен таласқан зәулім ғимараттардың ортасынан ойып орын алып, Есілдің сол жағалауындағы Астананың жаңа әкімшілік орталығы, қайталанбас дара бейнесі бар толымды сәулет ансамблін түзбек: темірқазығы – Елбасының ақ сарайы Ақорда, одан тарайтын «шуақ бағыты» бір жағынан Бейбітшілік және келісім сарайына, «Қазақ елі» монументіне, Тәуелсіздік сарайына, Шабыт сарайына тараса, тағы бір «сәулесі» сулы-жасыл желек жолды көктей өтіп, көкке қарай бет алған алып ғимараттарға бағыт алып тұр.
Сәулет нысанының биіктігі – 20 метр. Бұл – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының белгісі. Салтанатты қақпа Тәуелсіздіктің жиырма жылдығының қарсаңында ашылғанын айта кетейік.
Әрбір қабырғаның төменгі табанында биіктігі 4,4 метр болатын көлемді мүсіндер бар. Композициялық тұрғыда бұл барельефтер нысанның төменгі жағында орналасқан.
Қақпаның сол жақ қапталында «Ақсақал» мүсіні орнатылған. Бұл – халықтың ойы мен рухани өлшемінің көрінісі, даналықтың символы. Санаға сіңген осынау дәстүрлі бейне «даналық», «данышпан», «ғұлама» сынды қазақ халқына тән ұлы ұғымдармен астасады. Оның қазақы ерекшелігін ұлттық киімінен аңғаруға болады.
Қақпаның сол жақ қапталында от иесі – «Әйел-Ананың» рельефті мүсіні орнатылған. Ана бейнесі қазақ ұлты үшін «Отан-Ана», «Жер-Ана», «ана тілі» сынды киелі ұлттық ұғымдарына ұласады. Олай болса, ана бейнесі арқылы адамның дүниеге келуі, туған жер мен Отан туралы идеологемма айқын көрініс табады.
Мүсіндердің әрқайсысының астында қазақтың «Мәңгілік» дара таңбасы орын тепсе, әр мүсіннің жоғарғы жағында Елтаңба орналасқан. Сыртқы бөліктің жоғарғы жағында «Мәңгілік ел» жазуы бар. Ол – мемлекет пен ұлттың уақытқа тәуелсіз киелі қорғаны.
Сондай-ақ қабырғалары қазақтың күрделі ұлттық өрнектерімен безендіріліп, ортасына қазақ жауынгерінің бес қаруының бірі – қалқан орналасқан. Қалқан – қауіп-қатердің қорғаны, сенімділік, тұрақтылық, жеңістің белгісі. Нысанның екі жағындағы «Тай қазан» мүсіні өзіндік орындармен ерекшеленеді. «Тай қазан» тыныштық пен тоқшылықтың, бірегей көңіл мен қонақжай пейілдің терең ұғымын білдіреді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев қақпаның ашылу салтанатында: «Біз бұл тамаша Жасампаздық қақпасын біздің еңбегіміздің, біздің табыстарымыздың белгісі ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақпа біздің жас, әсем елордамыз – Астананың тағы бір символына айналатын болады. Біздің береке-бірлігіміз, біздің достығымыз, біздің көпұлтты мемлекетіміздегі өзара сенім бізді үлкен жеңістерге жеткізді. Біз бүгін осы жерге ұлы мерекені – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту үшін келіп тұрмыз. Мен барлығыңызды осы мерекемен құттықтаймын. Халқымызға жақсылық, бақыт, әрбір отбасына амандық тілеймін! Қазақстан жасасын! Тәуелсіздік жасасын! Қазақстандықтардың бірлігі жасасын! Мерекелеріңізбен!», — деген екен. Біз де еліміздің оты мәңгілікке сөнбесін деп тілейік! «Мәңгілік ел» қақпасына сіз де қонаққа келіңіз!
Арнайы Massaget.kz үшін: Айгерім Сматуллаева