АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРДІҢ АУЛАСЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ АЙНАЛМАҚ

1337664317_x_13752ed3Оңтүстік Қазақстан облысындағы білім ошақтары мен денсаулық сақтау мекемелерінің аумағын көгалдандырып, оларды күтіп баптау жағдайы облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың назарында. Бұл бойынша аймақ басшысы тиісті мекеме басшыларына тапсырма беріп, қатаң қадағалауды тапсырды. Облыстық білім жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық денсаулық сақтау басқармалары өздеріне қарасты барлық мекемелер маңайларын абаттандыру бойынша бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Білім, медицина ошақтары «Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында мекеме маңындағы аллеялар мен бау-бақшаларды көбейту мақсатында жыл соңына дейін 200 мыңнан аса ағаш көшеттерін егуді жоспарлауда. Облыс көлемінде табиғатты аялау, барлық мекемелердің ауласын гүлдендіру, туған өлкеміздің санитарлық-экологиялық жағдайын жақсарту, қоршаған ортамызды қорғау және оған деген қамқорлықты жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жөнінде тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда, облысымыздың аудан қалаларындағы білім мекемелерінде 325 мыңнан астам түрлі ағаштар отырғызылып, оларды күтіп -баптау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, арнайы дайындалған алаңқайлар мен гүлзарларда гүлдердің сан-алуан түрлерін отырғызып, мекемелердің алдындағы бос жатқан жерлерді гүлдендіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыстағы әрбір ауданның өзіне тән экологиялық жағдайына байланысты ағаш көшеттері де жерсінуіне қарай отырғызылуда. Мысалы Созақ, Отырар, Арыс, Түркістан, Шардара елді мекендері қара ағаш түрін ексе, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандары мен Шымкент қалалары жеміс ағаштары мен қылқан жапырақты шыршаларды, шынар, қарағай, қайың т.б. ағаштардың түрлерін отырғызуда. Ағаш, гүл көшеттерін өздерінде өндіру жұмыстары да жолға қойылған. Атап айтсақ Шымкент қаласындағы №89 мектеп лицейінде ағаш, гүл, көкөністерді ұрығынан өндіріп өсіру жұмысы жолға қойылған. Осының нәтижесінде облыстағы білім беру ұйымдары мен көгалдандыру қызметі мекемелерінің қатысуымен бірнеше рет семинар тренинг ұйымдастырылды.

ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы
: