АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОҚО әкімі Ақтаудағы әскери оқу-жаттығу барысында қаза тапқан сарбаздардың отбасына көңіл айтты

144258604727qr8-620x400Таяуда, Маңғыстау облысында өткен «Орталық-2015» оқу-жаттығу кезінде төрт әскери қызметші суға кетіп, қаза тапты. Бейбіт күнде сарбаздардан айырған Ақтау қаласындағы қайғылы жағдай барша отандастарымыздың қабырғасын қайыстырғаны рас. Қайтыс болған сарбаздардың бірі Бауыржан Жолдыбай  — біздің жерлесіміз еді. Жастығына қарамай, жауынгер әскери борышын өтеу кезінде қайсарлығы мен отансүйгіштік қасиетін таныта білді. Бірер күн бұрын Б.Жолдыбайдың денесі Шымкентке әкелініп, салтанатты митинг ұйымдастырылып, жерлеу рәсімі өтті. Жас батырды соңғы сапарға облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбеков, ОҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы Т.Әліқұлов, Шымкент әскери комиссариатының басшысы А.Шегебаев пен әскери қызметкерлер және марқұмның туыстары шығарып салды. Жауынгердің отбасына материалды көмек көрсетіледі. Отан алдындағы борышты өтеу кезінде қыршын кеткен жігіттердің қазасы орны толмас қайғыға душар етті. Егемендікті мәңгі баянды ету жолында шейіт болған жауынгерлердің туған-туыстарына Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының атынан және облыс әкімінің атынан қайғырып көңіл айтамын.  
 
                                                                                                                    Құрметпен, 
                                                                                                                    Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі                                   Б.Атамқұлов