АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОҚО-да медицина колледжінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді

IMG_8930ҚР Тәуелсіздігінің 24 жылдығы мерекесі қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы — Шымкентте медициналық колледждің оқу клиникалық корпусы ашылды.

Оқу ғимаратының ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы  Б.Атамқұлов болашақ медицина мамандарын еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, жаңа ғимаратта сапалы білім алуын тіледі.

«Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына айрықша назар аударады. Соның арқасында елімізде әлеуметтік нысандар салынып, тиісті жағдайлар жасалынуда. Мәселен, соңғы бес жылда өңірімізде 360 медицина нысаны салынып, 150 ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Бұл республикадағы әрбір бесінші сәби Оңтүстікте өмірге келетін облысымыз үшін өте маңызды. Жыл сайын ОҚО-да 70 мың сәби туылады. Сондықтан, бізге білікті медицина мамандары өте қажет. Барлық талаптарға сай салынған жаңа оқу ғимаратында студенттердің сапалы білім алып, кәсіби маман атануына тілектеспін. Дәрігер деген абыройлы атқа кір келтірмейтін медицина маманы болуға шақырамын», — деді облыс әкімі.  

Жаңадан бой көтерген оқу-клиникалық корпусында тәжірибелік сабақтар өткізуге арналған симуляциялық құрылғылармен жарақтандырылған 16 кабинет, 8 зертхана мен 5 препараттар бөлмесі, 7 оқу кабинеті мен 18 аудитория, 2 мәжіліс залы қарастырылған. Сондай-ақ, ғимараттың екінші қабатында медбикелердің біліктілігін арттыру мен орта дәрежелі медицина қызметкерлерін аттестаттаудан өткізетін, заманауи құрылғылармен жабдықталған аймақтық симуляциялық орталығы бар бөлім де жұмыс істейді.

Жаңа медициналық оқу корпусы – бұл клиникалық тәжірибеде үшбірлік идеясын іске асыруға мүмкіндік береді. Яғни, мұнда медицина мамандары оқып қана қоймай, тәжірибе жасап, білімін ғылыми негізде дамытуына болады.

Айта кетейік, Шымкент медицина колледжінің іргетасы 1930 жылы медициналық техникум ретінде қаланған. Биыл оқу орнының құрылғанына 85 жыл толып отыр.

Қазақстан Республикасының орта кәсіптік білім беру мемлекеттік білім беру стандарттарының талаптарына сай колледж — орта медициналық және фармацевтикалық мамандарды даярлайды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі