Туған-туыстарым Ресейдiң Самар облысында тұратындықтан, жаз шыға бала-шағамызбен төркiндеп барып, аунап-қунап келемiз Жыл сайын осылай. Биылғы жазда барғанымда, әдетте бұрынғы жылдары байқамаған жайттарды көзiм шала бастады. Ресейде 30-40 жастағы өзбектiң жiгiттерi толып кеткен әрi жандарында орыс келiншектерiн ертiп бара жатқанын жиi-жиi көзiм шалатын болды. Бұл бұл ма, келiншектiң қолынан 10-13 жастағы қасы-көзi қиылған кәдiмгi өзбек қыздарын, шаштары сары, көздерi мойылдай қап-қара ұлдарды талай көретiн болдым. Әуелгiде Өзбекстаннан ертiп келген бала ма дейiн десем, оған ұқсамайды. Келiншектiң өз баласы екенiн сұрамай-ақ байқайсың. Әлгi өзбек туысқан аяғын алшаң басып, ұялы телефонмен көшеде айқайлап сөйлеп бара жатады. Ресейде қазақ көп, әсiресе Қазақстанмен шекаралас облыстарда. Өзiм де сол Ресейдiң қызымын. Бiрақ қанша жерден осы жерден туып-өсiп, осы жерден тамырлансақ та бiз қазақтар дәл мына өзбектер тәрiздi аяқты алшаң басқан емеспiз.
Орыстың бойжеткендерi өзбектерге күйеуге шығып жатыр
Өзбектер Ресейде тамырлана бастапты. Орыстың қыздарын алып, одан бала туғызса, орыстан ұя салғаны емей немене? Бiр байқағаным, жанындағы орыс келiншектерiнiң де күйеулерiнiң соңынан балаларын шұбыртып кетiп бара жатқанын көре отырып, бұлардың көпшiлiгiнiң әйел-бала шағаларына ие болып отырған тәп-тәуiр отбасы екенiн ұғынғандай боласың.
Бiрде автовокзалда елдiмекендердiң бiрiне жүретiн автобусты күтiп отырдым. Жаныма өзбек баласын ерткен келiншектi сөзге тарттым. Түсiнгенiм: Ресейдiң елдiмекендерiнде күйеуге тиетiндей жөнi түзу еркектер азайған. Бойжеткеннiң арақ iшкендi ұнататынға тұрмысқа шыққысы жоқ. Одан да ақша табатын, арақ iшпейтiн жiгiтке тигендi жөн көредi. Мұндай талапқа лайық келетiн, тек өзбектiң жiгiттерi. Ешбiр жұмысқа арланбайды, табыс табады, отбасына жайлы.
Ресейдiң орталық аудандарын қайдам, шеткi өңiрлерiнде осындай жағдай қалыптаса бастады. Бiр қызығы, жергiлiктi орыстардың да өзбектерге кәдiмгiдей көздерi үйренiп кеткен. Самардың супермаркетiнде нан пiсiрiп, түрлi салаттар жасап, аспаздық жұмыс атқарып жүргендердiң бәрi – өзбектер. Қалааралық автобустардың жүргiзушiлерi де – өзбек. Құрылыс салып жатқан да – өзбек. Бала туғызып, Ресейдiң демографиялық саясатын қыздырып жатқан да – өзбек… Жол тазалап жатқан да – тағы өзбек. Ресейде еркектер қалмаған ба дейсiң… Милиция шенiндегi өзбектi ғана көрген жоқпын. Басқасының бәрiн бiздiң туысқандар атқарып жүр. Көргенiм осы, артық ештеңе қосқаным жоқ.
Гүлбану Аймұхамедова,
Ақтөбе қаласы