АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Отбасы ақпарат

милицияАқтөбеде абысындар арасында дау өршiп, оның арты сотқа шағымдануға апарып соққан. Екi ағайынды азаматтың келiншектерi үйге таласып, соттасуда. Атадан бiрiне мал, ал екiншiсiне үй қалса керек. Кейiн екеуi өзара келiсiп, бiрi малды, екiншiсi үйдi өзара айырбастайды. Кiшi келiн сот орындаушыларды әкелiп, абысынын төрт баласы, сегiз немересiмен бiрге үлкен үйден қуып шыққан. Далада қалған       Айымгүл Ботаеваның айтуынша, сот өзiн сөйлетпей, келiнi екеуi бiр-бiрiне смс жiберiп отырыпты. Ол тiптi бұған көршiлерi де куә болғанын айтады. Қара шаңырақ дауының әзiр басылар түрi жоқ. Жеңiлген тарап ендi жоғарғы сотқа жүгiнбек.

“Абысын тату болса, ас көп” деген халық едiк, қазiргi әлеуметтiк сұраныс абысындарды соттастыратын күйге жеткiздi.
АҚША БЕРIП ҮЙЛЕНДIРМЕК
Мәжiлiсшiлер сүр бойдақтарға белгiлi бiр мөлшерде жәрдемақы бөлгiзiп, үйленуге мiндеттемек. Парламент­тегiлердiң есебiнше, қазiргi кезде елiмiзде миллионнан астам үйленбеген еркек бар екен. Солардың әрқайсысына 300 мың теңгеден қаржы бөлiп, үйленуiне жағдай жасауға болатын көрiнедi. Алайда мәжiлiсшiлер жәрдемақыны алу үшiн уақытша үйленiп, кейiн ажырасып кетпей ме деп бас ауыртып отырған жоқ. Десек те, демографиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бұл ұсыныс жүзеге асып жатса, расымен үйленуге ақшасы жоқ бойдақтардың бағы ашылып кетер, кiм бiлсiн…
ЕКI ОҚУШЫНЫҢ БIРIНДЕ АСҚАЗАН ЖАРАСЫ БАР
Арнайы тексеру жүргiзген Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мәлiметiне сенсек, елiмiздегi оқушылардың 50 пайызының асқорыту жүйесiнде ақау бар екен. Асқазанның ойық жарасымен, гастритпен ауыратын оқушылардың мұнша жоғары көрсеткiшi ең алдымен мектеп асханаларындағы тамақтан екенi даусыз. Сондай-ақ мектеп маңындағы жайма базарлардың да оқушылардың бұл дерттерiне қосып отырған үлесi аз емес. Жеңiл-желпi тамақтану, химикат қоспасы көп тәттi-пәттiнiң бала денсаулығын құртатыны бұрыннан айтылып, жазылып келедi. Әйткенмен осы қауiптi тағамдарды сатқызбау және мектеп асханасының тамақ мәзiрiн реттеу әлi күнге күрмеуi шешiлмеген үлкен мәселе күйiнде қалып отыр.
ЕНДI ЖЕТIМЕКТЕР ШЕТЕЛ АСПАЙДЫ
АҚШ азаматтары бұдан былай қазақстандық баланы асырап ала алмайды. ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi бала асырап алуға тiлек бiлдiрген американдықтардан өтiнiш қабылдауды тоқтатты. Бұған дейiнгi мұхиттың арғы бетiне кеткен қазақ балаларының қазiргi күмәндi жағдайы себеп болған. Вашингтон тарапы құлдыққа салын­ған қазақ балалары туралы ақпараттың анық-қанығын ресми мәлiмдемейiнше, Қазақстаннан ешбiр бала американдықтарға асырап-бағуға берiлмейдi.

meru_80@mail.ru
Беттi дайындаған Меруерт Хусаинова.