Павлодарда алты жасар қыздан оның ата-анасы бас тартты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Полицияға қаладағы өнеркәсіптік аймақтағы кәсіпорынның бірінің күзетшісінен хабар келіп түсті, ол қыз баланың ересектердің қарауынсыз жүргенін хабарлады», — деді баспасөз қызметіндегілер.
Қыздың есімі Евгения екені анықталды, жасы алтыда. «Ол анасының оны жалғыз әжесінің үйіне жібергенін айтты, бірақ нақты мекенжайды атай алмады. Евгения трамвайға отырып, түсуі тиіс болған аялдамадан өтіп кеткен. Оның айтуынша, әкесінің есімі Алеша, ол өзі тұратын көше мен үйді атады, бірақ пәтердің номерін есіне түсіре алмады», — дейді ІІД өкілдері.
Кейін полицейлер қыздың ата-анасының кім екенін анықтады. Алты жасар қызға суреттер көрсетіліп, ол ата-анасын таныды. «Біз қыздың үйіне қоңырау шалдық, бір әйел жауап берді, ол дауыс көтеріп, қызын алып кетуден бас тартты. Әйел баласын алып кетуге бармайтынын айтып, телефонды қоя салды. Келесі қоңырауларға жауап берген жоқ. Осыдан кейін қыз бала кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығына жіберілді, ол әлі де сол жерде. Ата-анасы оны алып кеткісі келмейді», — деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.
ІІД мәліметінше, бұл отбасы полицияның есебінде тұр. Қыздың ата-анасы ішімдікпен әуестенеді. Қазіргі таңда оларға қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда балалар алаңынан қараусыз қалған сәбидің табылғаны хабарланған болатын.