АЛТЫНОРДА
Иносми

ПОРОШЕНКО ПРЕЗИДЕНТ БОЛА МА?

pic_6485070449e8074fb6ce5bb648b1dff9Сонымен, Украинада кезектен тыс президенттік сайлау ың-шыңсыз өтті. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бұл сайлауға сайлаушылардың 60 пайызы ғана қатысқан. Оның басым көпшілігі негізгі даусын «кәмпит королі» Петр Порошенкоға беріпті. Осылайша, миллиардер Порошенко әзірге көш бастап тұр.

Алдын ала қорытындыға сәйкес, Порошенко 54,38  пайыз дауыс жинаса, экс-премьер Юлия Тимошенко 13,21 пайыз, ал Украина «Радикал партиясының» жетекшісі Олег Ляшко 8,46 пайыз дауысқа ие болған. Сондай-ақ төртінші орыннан халықтық депутат Анатолий Гриценко көрінсе, Украинаны байырғы ядролық қарулы мемлекет мәртебесіне айналдыруды көздейтін Сергей Тигипко 4,97 пайыз дауысты қанағат тұтқан.

Алайда, бұл соңғы нәтиже емес. Сайлауалды дебат кезінде «Батькивщина» партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко президенттік сайлау екі кезеңмен өтетіндігін айтқан болатын. «Сайлауды бір кезеңмен ғана өткізу тоталитарлы жүйемен өмір сүретін мемлекеттерде ғана бар. Сондықтан екінші кезең міндетті түрде өтеді. Меніңше, бәрі демократиялық тұрғыда жүзеге асатын болады» деген еді. Оның тағы бірде: «Егер қарсыластарым жеңіп жатса, Украинаның тағы да төңкерісті басынан кешуі ғажап емес» деген пікір айтқаны есте. Бәлкім, Тимошенко мұны өзіне сенімді күйде айтқан болар, кім білсін?! Дегенмен, бірінші кезеңдегі нәтижеден соң қандай күй кешкені айдан анық.

Шын мәнінде, Тимошенконың саясатын құптаушылар мен қолдаушылар көп. Мұны әсіресе, бостандыққа шыққан кезде халықтың көңіл-күйінен аңғарған едік. Бірақ та кейбір сарапшылар оны саясат сахнасынан президент ретінде көргісі келмейтінін де білдірген. Себебі, ол күресуден шаршаған сияқты. Ал 55 пайызға жуық дауыс жинаған Петр Порошенкодан не күтуге болатынын қазір дөп басып айту қиын.

Кезектен тыс президенттік сайлаудың соңғы қорытындысы екінші кезеңнен кейін белгілі болмақ. Ал әзірге халық Порошенконың жағында екенін танытты. Ал Порошенко осы қарқынмен президент бола қалса, Қырымды Украинаға қайтаруды қолына алатындығын мәлімдеген.

Адын ала мәлімет бойынша, жаңа президенттің инаугурациясы 8-10 маусымға белгіленіп отыр.

Динара Дүрмән

http://turkystan.kz