АЛТЫНОРДА
Новости

Ресей гуманитарлық керуені Украинаға кірді

Ресейдің гуманитарлық жүк тиеген алғашқы көліктері ресейшіл сепаратистер бақылауындағы украиналық «Изварино» бақылау-өткізу пунктінен өтті деп хабарлайды ресейлік ақпарат құралдары.

Бүгін ертерек Ресей гуманитарлық жүкті Украинаның Луганск облысына өз бетімен жібере беру туралы біржақты шешім қабылдағанын мәлімдеген. Ресей сыртқы істер министрлігі Киевтің «көмек жүкті жіберуді соза түсу үшін келтірген сылтауы таусылғанын» айтқан.

«Жаңадан бір ойдан шығарылған талаптар мен сылтауларды көлденең тарта беру енді қорлау болып саналады» делінген министрлік сайтындағы мәлімдемеде. Мәскеу бұған қоса Украина жағымен және Халықаралық Қызыл Крест комитетімен (ХҚКК) бірлесе жеткізілетін жүкті қандай да бір арандатушылыққа ұшыратып алмауды ескерткен.

Бұған дейін ХҚКК өкілдері Украинадағы қақтығысушы жақтардан өз қызметкерлерінің қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етіп, керуен Ресей-Украина шекарасынан Луганск облысына қарай қозғала алмай тұрғаны хабарланған.

280 «КАМАЗ» көлігіне тиелген Украинаның шығысындағы тұрғындарға арналған гуманитарлық көмек Мәскеу маңынан 12 тамызда шығып, екі күннен соң шекараға жеткен. Ресей, Украина және ХҚКК арасында жасалған келісім бойынша, гуманитарлық жүк керуені Луганскіге дейін еш жерге тоқтамай жетуі тиіс болатын.

http://www.azattyq.org/archive/news/20140822/330/330.html?id=26544828