Бүгін Қарағандыда бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтың ісіне қатысты алдын-ала тыңдау басталды.
Серік Ахметовтың ісімен қатар Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды қаласының экс әкімі Мейрам Смағұлов пен 21 әкімдік қызметкерлерінің соты да қатар өтіп жатыр.
Іс Қарағанды облыстық ауданаралық мамандандырылған сотында қаралып жатыр.
Бүгінгі алғашқы тыңдауда айыпталушылар тізімі мен оларға тағылған айыптар мен баптар аталды. Сот барысында судья Исламхан Есенбаев адвокаттардың сұрауы бойынша 15:00-ге дейін үзіліс жариялаған. Адвокаттар судьядан іспен танысып шығуға рұқсат алған.
Жауапқа тартылған шенеуніктер пара алды, ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды, қызмет өкілетін асыра пайдаланды, заңсыз түрде кәсіпкерлікпен айналысты деген айыптар тағылған.
Ал Ахметов екі миллион доллардан астам пара алды деп айыпталып отыр.
Бұған дейін Серік Ахметовтың адвокаты Николай Лесник қазақстандық агенттіктерге берген сұхбатында «Ахметов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады» деп мәлімдеген.
Ахметов былтыр 22 қазанда «өз еркімен» қорғаныс министрі қызметінен кеткен. Ал 19 қарашада мемлекеттік қызмет және коррупциямен күрес істері жөніндегі агенттік Серік Ахметовты үйқамаққа алды. Ал Әбдішев пен Смағұлов 2014 жылдың күзінде қамауға алынған.
Ахметов 2012 жылы қыркүйектен 2014 жылдың сәуіріне дейін премьер-министр қызметін атқарған.
Серік Ахметов — Әкежан Қажыгелдиннен кейін істі болған екінші экс-премьер. 1994 жылдың күзінен 1997 жылдың күзіне дейін үш жыл премьер-министр қызметін атқарған Әкежан Қажыгелдинді 2001 жылы Қазақстан жоғарғы соты 10 жылға бас еркіндігінен айыру туралы сырттай үкім шығарған. Оған да «қызметін асыра пайдаланды, бюджет қаражатын ұрлады» деген айыптар тағылған. Қажыгелдин биліктен кейін оппозицияға өткен болатын. Ол өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп мойындамаған.
http://www.azattyq.org/