АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Серік Ахметовтің адвокаты «белгісіз тұлғаларды» табуды сұрайды

скачанные файлы (1)Бүгін басталған сотта бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің адвокаты тағылған коррупциялық қылмыстарға клиентінің қатысы жоғын көрсететін әлдебір хат-хабарламаларды сұратуды өтінді.

Қарағанды сотындағы әңгіме арасында журналистер «Серік Ахметов — сот алдына өз аяғымен келген Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі» деп қалжыңдайды. 2001 жылы Қазақстанда бұрынғы премьер-министр әрі ол кезде оппозицияға ауысқан Әкежан Қажыгелдиннің соты басталған болатын. Ол сот сырттай өткен. Енді тағы бір бұрынғы премьер-министр коррупциялық айыптармен жұртты шулатқан жанжал кейіпкеріне айналды. Серік Ахметовтің адвокаты істе «көптеген қабыспайтын тұстар бар» деп мәлімдеді.

Қарағанды қаласында үй қамағында отырған Серік Ахметов сотқа жанына бірнеше жас жігіт ертіп, қара түсті джиппен келіп жүр. Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев пен Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловты сот ғимаратына автозакпен жеткізіп, сот залына күзетшілер ертіп әкеледі.

СОТТЫҢ БАСТАЛУЫ ҰЗАҚ БОЛДЫ

Бүгін Қарағанды қалалық соты ғимаратына алдын ала тыңдау кезіндегі сияқты ондаған қарапайым тұрғын мен белсенділер келді. Олар «Серік Ахметов осы аймақта туып-өсіп, қызмет сатысымен өрлеген, оның үстіне талай жыл Қарағанды облысы әкімі болып жұмыс істегендіктен, бізге сот барысын бақылау қызық» дейді. Бірақ процеске таңертең келгендердің көбі түске қарай тарап кетті. БАҚ өкілдері мен процесс барысын бақылағысы келетіндер үшін арнайы жабдықталған залда «сот тым ұзаққа созылып кетті» деген шағымдар естіледі. Түске дейін сот тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы бастығы Айдос Жәкенов адвокатының әуелі судья Исламхан Есенбаевтан, кейін прокурор Диар Әділовтен бас тарту өтінішін қарады. Бұл өтініштер қанағаттандырылмай сот іс материалдарын қарауға кірісті.

Бүгін Серік Ахметовтің адвокаты Николай Лесник істе «көптеген қабыспайтын тұстар бар» деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, тергеу материалдары мен оның қолындағы құжаттар арасында көп айырмашылық бар. Лесник соттан іске қатысты айыпталушылар мен әлдебір «белгісіз тұлғалар» алмасқан электронды хаттарды толық сұратуды өтінді. Адвокаттың айтуынша, әлгі хат-хабардың бір бөлігі өшіріліп тасталған немесе қасақана жасырып отыр.

Адвокат Николай Лесниктің пікірінше, әлгі хат-хабарламалар Серік Ахметовтің коррупциялық қылмыстарға қатысы жоқ екенін көрсетуі мүмкін. Адвокаттың айтуынша, кейбір сотталушылар мен іске қатысты куәгерлер алмасқан бұл хат-хабарламаларда шетелде тұратын әлдебір «белгісіз тұлғалар» да аталған. Адвокат олар туралы деректерді Mail.ru және Gmail.com пошта серверлері әкімшілігінен сұратуды талап етеді. Ахметовтің адвокаты өтінішінде құрал-жабдықтарды сатып алуға қатысты, бірақ іске тіркелмеген актілер, жүкқұжаттар, шот-фактуралар, төлем қағаздары сияқты құжаттарды сұратуды талап етеді. Лесниктің айтуынша, олардың іске тіркелмеуі құрал-жабдықтарды сатып алу жөнінде «ешқандай мәміле, ақша аударымдары болмаған» деген ойға жетелейді. Ал тергеу болжамынша, Ахметов әлгі құрал-жабдықтардың бағасын асыра көрсету арқылы пара алған.

Сот Николай Лесниктің бұл өтінішіне қатысты қандай да бір шешім қабылдаған жоқ.  

АХМЕТОВКЕ АЙЫПТАУ МӘТІНІН ОҚЫДЫ

Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің адвокаттары да «іс материалдарында сотталушының айыбын дәделдейтін айғақтар жоқ» деп мәлімдейді. Ахметов пен Әбдішевтің адвокаттарының мәлімдеуінше, тергеушілердің қолында бағасы асыра көрсетіліп сатып-алынған құрал-жабдықтар үшін ақша аударымдары болғанын дәлелдейтін айғақтар жоқ.

Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев (сол жақта) сот залында отыр. Қарағанды, 10 тамыз 2015 жыл.
Кешке қарай сотта Ахметовке айыптау мәтіні оқылды. Прокуратураның мәлімдеуінше, Серік Ахметов «Қазақстан президентінің сенімін теріс пайдаланып» және мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы әрекет етіп, ауыр және аса ауыр коррупциялық қылмыс жасаған. Айыптаушы тарап оқыған мәтінде Ахметов Қарағандыда инфрақұрылым нысандарын салудан пайда тапқан, бюджет қаражатын жымқыру үшін сотталушыларды алаяқтыққа итермелеген. Тергеу болжамынша, Қарағанды облысында «индустриалдық парк» құрылысын жүргізуге тапсырыс алған компаниялардан Ахметов тіпті елдің премьер-министрі болған тұста да пара алып отырған.

Бұл іс бойынша көбі Қарағанды және Қарағанды облысы әкімдіктерінің қызметкерлері — барлығы 21 адам сотқа тартылған. Олар «қызмет бабын асыра пайдалану», «бюджет қаражатын жымқыру» және «кәсіпкерлікпен заңсыз айналысу» баптары бойынша айыпталды. Ал Серік Ахметовке «аса ірі көлемде (екі миллиан доллардан көбірек) пара алды» деген қосымша айып тағылған. Алдын ала тыңдау кезінде сотталушылар Мейрам Смағұлов пен Бауыржан Әбдішев «тергеу кезінде қысым көрдік» деп мәлімдеген. Әбдішев Серік Ахметовке жала жабуға мәжбүрледі деген уәжбен соттан бұрынғы жауаптарының күшін жоюды сұраған.

Елена ВЕБЕР

http://www.azattyq.org/