АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ШЫМКЕНТТЕ КӨЛ-КӨСІР КӨРМЕ ӨТТІ

корме        Оңтүстік Қазақстан облысында күзгi жиын-терiм толық аяқталды. Төккен тер, атқарылған жұмыстың есеп-қисабы шығарылды. Бұл шара  Шымкент қаласында жақында ғана ашылған облыстық көрме орталығында өтті. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерiн  облыс әкiмi Асқар Мырзахметов  мол табысымен құттықтады. Жоғары жетiстiкке жеткендер марапатталды. Осында ауылшаруашылығы өнімдерінің көл-көсір көрмесі ұйымдастырылды.

Мақта дақылынан шит терең қопсыту технологиясымен егілген  алқаптардың әр гектарынан 33-35 центнерге дейiн өнім жиналды. Бұл орташа өнiмдiлiктен 8-9 центнерге жоғары.

Тамшылатып суару әдiсi енгiзілген егiс көлемi 25 мың гектарға жеттi. Жемiс-көкөнiс  сақтайтын қоймалар көбейді. Қазiр облыста 200 мың тонна  жемiс-көкөнiс өнiмдерiн сақтауға мүмкiндiк бар.

Мал шаруашылығы саласында да табыс толымды. Соңғы үш жылда облыс бойынша мал басы көбейді. Оның өнiмдерi 8-10 пайызға артты. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жыл басынан берi асыл тұқымды 4400 бас iрi қара сатып алынды. Қырықтан астам мал бордақылау алаңдары салынды.

Оза шауып бәйге алған ауыл шаруашылығы құрылымдарының  арасынан Сарманов Қали Сатыбалдыұлы басөқаратын «Қайнар Астық» өндiрiстiк кооперативiн ерекше атауға болады.

Шымкенттегi әл-Фараби атындағы орталық алаңда ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң жәрмеңкесi ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мәз-мәйрам болып қалды. Ауыл тұрғындары қалаға 200 мың тоннадай өнiм жеткiзiпті. Оны базар бағасынан 15-20 пайыз арзан бағаға сатты.

Қазығұрттықтар    Шымкентке алып келген  картоп пен сәбiздiң бiр келiсiн — 50, пиязды — 45, қырыққабатты 40 теңгеден саудалады. Аудан диқандары биыл  95 мың тоннадан астам астық,  17 мың тоннаға жуық мақсары жинады. 25 мың тонна көкөнiс, 12 мың тонна картоп, 18 мың тонна бақша, 400  тонна жүзiм өндірді. Өткен жылмен салыстырғанда  өнiм екi жарым есеге көбейдi. Астықтың әр гектарынан 32 центнерден өнiм алынды. 1600 тонна астық бастырған “Байтүгел” өндiрiстiк кооперативi ауданның ауыспалы туын жеңіп алыпты.

Мал өсiрушiлер арасында “Самат” шаруа қожалығының мерейі биік болды. Аға шопан Самат Тұрғараев озат деп танылды.

Ордабасы ауданындағы  Шұбарсу  аумақ округiнде тұратындар жылыжайда көкөнiс өсiруден  басқалардан оқ бойы озық тұр.

Бадам ауылдық округiндегi «Сералы» шаруа қожалығының шопаны Д.Ибрагимов асыл тұқымды қой санын көбейтуде өзгелерге үлгі боларлық көрсеткішке жетті.

Түлкiбас өңiрi қызыл қырманға 49 698 тонна дән құйды. Түлкібас ауданының әкімі Қ.Әбдуәлиев ауылдық округтердiң мал дәрiгерлерiне жаңа 14 «Нива» автокөлiгiнiң кiлтiн табыс етті.

 

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы