АЛТЫНОРДА
Новости

Сталинградты қорғаған қазақстандықтар

Даңқты Сталинград түбіндегі шайқасқа 70 жыл толды. Дон мен Еділ ара­лығында 200 тәулік бойы толассыз жүргізілген бұл сұрапыл шайқас неміс-фашист әскерлерін тал­қандаудың басы болған еді.

 

Оңтүстіктегі қиян-кескі ұрыстарда жау ұзын-ырғасы 1,5 миллион солдаты мен офи­церінен айырылды. Олар 2 мыңға жуық танкісінен, 10 мыңнан астам зең­бі­регі мен мино­метінен, 3 мыңға тарта ұша­ғы­нан айы­рыл­ды, 32 дивизия мен үш бри­гада түгелдей жойылды және тұтқынға алын­ды. Тек Дон майданының әскери бөлім­дері ғана 91 мың неміс солдаты мен офи­церін тұтқын­ға алды, оның ішінде 24 неміс гене­ралы бар.

 

                                                                                                          73-гвардиялық дивизияның командирі, Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенантҒани Сафиуллин

 

                                                                                                             Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіров

 

                                                                                                      Хиуаз Доспанова: «Дуся Носальмен бірге жиі-жиі ұштым. Бірге ұшуды екеуміз де жақсы көруші едік…» Жауынгерлік экипаж. Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Евдокия Носаль мен штурман Хиуаз Доспанова.

 

31қаңтарда фельдмаршал Паулюс бас­қарған бірінші топ қаруларын тастап, тұтқынға берілді, ал екінші топ күшті соқ­қыдан кейін 1 ақпанда қарсылығын тоқ­татты. 2 ақпанда Еділдегі тарихи шай­қас­тың соңғы оғы атылды.

Еділ бойындағы ұрысқа 320 бірік­тіріл­ген, 250 жеке полк қатыс­ты­рыл­са, оның бес атқыштар, бір кава­ле­риялық ди­ви­зиясы Қазақстанда жасақ­талды. Таратып айтар болсақ, Сталинград түбіндегі алғаш­қы соқ­қыны қабыл­даған 29-атқыштар дивизиясы Ақмо­ла қала­сында жасақ­талып, кейін­нен солтүс­тік­қа­зақ­стан­дық­тармен толық­тырылса, 38-атқыш­­тар дивизиясы Алматыда жасақ­­талған. Ал 27-нші мен 292-дивизия Қызыл­орда мен Ақтө­беде, 81-дивизия Жам­­былда жасақ­­талып, тіке­лей Сталин­град түбін­де ұрыс жүргізген.

Сталинград шайқасына барлығы 90 мыңға жуық қазақстандық қатысып, ерліктің тамаша үлгілерін көрсеткен.

1941 жылғы желтоқсанда, 1942 жыл­ғы қаңтар айларында Алматы қаласында жасақ­талған 38-атқыштар диви­зия­сының офи­цер­лер құрамы, негізінен, Алма­ты мен Фрунзе қалаларындағы әске­ри учили­ще­лердің түлек­терінен толық­ты­рыл­ды. Диви­зияның құрамы да Қазақ­станда тұратын әскери міндет­тегілерден қалып­тасты, сон­дықтан саптағылардың 25 пайызға жуығы қазақтар болды. Олар Алматы, Жамбыл, Талдықорған облыс­та­рынан келген тепсе темір үзетін жігіттер еді. Осылардың көбі Сталинградты қорғау үстінде ерлікпен қаза тапты.

…1942 жылы 5 наурызда 38-атқыш­тар дивизиясы Алматыдан майданға бірнеше эшелон болып аттанып, Воронеж облы­сын­дағы Кантемировка стансысының маңы­на орналасты. Наурыз-сәуір айла­рын­да жауын­герлік дайындықты жүргізе отырып, дивизия қару-жарақпен, әскери тех­никамен жабдық­тал­ды. Содан 20 сәуір­ден бастап құрама Оң­түстік–Батыс май­да­ны әскерлерінің құра­мын­да Харьков түбін­дегі ұрысқа қатысты.

Майдан әскерлері шегінген кезде диви­зия екі армияның түйіскен жерін қор­ғап тұр­ды. Сол ұрыстың бірінде 38-диви­зия Кеңес Армиясының басқа құра­мала­рымен бірге шабуылды өрістете отырып, «Советское» село­сында тұрған неміс­тің үлкен бір гарни­зонын қоршауға алды. Осы ұрыста дивизия жауынгерлері асқан ерлік көрсетті.

Оскол өзенінің бойында, Урасово қаласының түбінде, Терновая стансысында кескілескен ұрыс болды, бұл шайқастарда қазақстанық жауынгерлер 13 тәулік бойы қорғанысты ұстап тұрды. Осы уақыттың ішінде 214-артиллерия полкі жаудың 50-ге тарта танкісін, көптеген басқа техни­касы мен адам күшін жойып жіберді.

Айдар өзенінің жағасында Ровенька селосының түбінде гитлершілер дивизиясы қоршап алды. Алайда дивизия бөлімдері майдан шебі шығысқа қарай 180 шақы­рым шегініп көшсе де, өз позицияларын ұстап тұра берді. Тек бұйрық алғаннан кейін ғана қазақстандықтар қоршау шең­берін бұзып өтті.

Дивизия бөлімдері жүргізіп жатқан осындай ауыр ұрыстардың кезінде 1942 жылғы 13 маусым күні оның командирі под­полковник Н.П.Доценко қаза тапты, ал дивизия комиссары А.К.Орманов ауыр жара­ланды. Батальон командирі армян жігіті Каро Саркисян оққа ұшты.

38-дивизия Солтүстік Донецк өзенінің сол жақ жағасына топтануға бұйрық алды. Дивизияға командирлік қызметке пол­ков­ник Ғ.Б.Сафиуллин жіберілді. Жүз­деген, мың­даған қазақстандық жігіт бір жылға жуық соның басшылығымен жауынгерлік қыз­мет атқарды. Ғани Бекенұлы 1923-1926 жыл­дары Қызылордадағы өлкелік партия мек­те­бінде оқыған-ды. Павлодар, Семей қала­ла­рында ол комсомол қыз­ме­тін­де болды. 1930 жылы Мәскеудегі Жоғар­ғы шекара мектебіне оқуға барып, оны 1932 жылы бітіріп шығады. 1932 жыл­дан 1941 жылға дейін Ғ.Сафиул­лин НКВД әскерлері қатарында қызмет етеді. Мұнда батальон командирі, полктің штаб бастығы, полк командирі қызметтерін атқар­ды. Ол қызмет істей жүріп сырттан оқып, 1936 жылы М.В.Фрунзе атындағы акаде­мияны бітіріп шығады.

Бауырым деп талай қазақ баласының маң­дайынан сипаған, 38-атқыштар диви­зиясын басқарып, Сталинград шай­қа­сының басынан аяғына дейін қатысқан батыр командир Ғани Сафиуллин еді.

Жау әскерлерін қорғаныс ұрыстарында әбден титықтатып, Сталинград түбіндегі неміс армиясын қоршап алып, кейін оны талқандауға да үлес қосты. Осы дивизия қорғап тұрған қаланың Киров ауданы май­дан мүддесіне тынымсыз қызмет істейді. Бекстовка, Сакко-Ванцетти, Крас­но­ар­мейская теміржол стансыларынан май­данға керекті қару-жарақ үзбей түсірі­ліп жатты. Сталинград шайқасындағы диви­зияның ерлік істері жайлы әңгімелей келіп, генерал Ғ.Б.Сафиуллин былай деп жазды:

«Сталинградтың шалғай іргесінен бас­тал­­ған ұрыстардан бері біздің 38-дивизия 16 мыңнан астам солдат пен офи­церді тұт­қын­ға алды, 62 танкті, 22 ұшақты, 3 бронды пойызды, 400-ден аса зеңбірек пен мино­метті қолға түсірді, 108 танкіні, мыңнан аса автомашинаны қират­ты. Неміс-фа­шист бас­қыншыларымен Сталин­­град тү­бінде болған ұрыстарда жауын­герлер мен ко­ман­дирлер, саяси қызметкерлер Қазақ­стан­­ның, сондай-ақ бүкіл кеңес халқының аты­на кір келтірген жоқ. Олар майданға жү­рер алдында қазақ жерінде бұларға берген ама­натты абы­рой­мен орындап шық­ты. Дивизия әскерлері тұтқынға алған­дар­дың ішінде екі неміс генералы да болды».

Дивизия жауынгерлерінің Сталинград шайқасы кезінде көрсеткен қаһармандығы үшін КСРО Қорғаныс Халық Комис­сариа­тының 1943 жылғы 1 наурыздағы бұй­рығы бойынша 38-атқыштар диви­зиясы 73-гвар­диялық дивизия деп аталады. Сондай-ақ бұл құрамаға Сталинградтық дивизия деген құрметті атақ қоса берілді. Ал оның полктері өздері ұрыс жүргізіп, жаудан ерлікпен қорға­ған елді мекен­дер­дің аттарына ие болды. Сталинград шай­қастарындағы ерлігі үшін дивизияның көпте­ген жауынгері мен командирі мара­патталды. Дивизия коман­дирі Ғ.Сафиул­лин Кеңестер Одағының Баты­ры атағын ал­ды.

Осы кезеңнің бір көрінісін еске ала отырып, Кеңес Одағының Маршалы Ф.И.Го­ликов Ғани Сафиуллин жөнінде былай деп жазған еді:

«Тунгутан орманшылығы» фермасы аумағындағы тамыз айында болған ұрыс кездерінде мен 64-армияның 38-диви­зия­сының командирі полковник Ғани Бекен­ұлы Сафиуллинмен жиі кездесіп тұрдым. Ол кезде оның дивизиясының жауынгерлік даңқы бүкіл майданға әйгілі болатын. Жау бұлардың соққысынан ойсы­рап жеңілді. Сафиуллин тамаша командир, білгір, соғыс ісін шебер білетін адам еді. Қарапайым, шыншыл, турашыл, өте сал­мақ­ты, ұстамды, қарамағындағы жауын­герлердің беделі мен сүйіс­пен­шілігіне бөленген командир болды.

Полковник Ғ.Сафиуллин басқарған 38-атқыштар дивизиясы генерал Фон Дреббердің 297-дивизиясын талқандап, жаудың танк корпусын тізе бүктірді. 8 мың­ға жуық гитлершіні тұтқынға алды. Гитлер армиясының 297-жаяу әскер диви­зиясының командирі Морицфон Дреббер тізе бүгер алдында былай деді:

«Бұдан былайғы қарсыласуды пайда­сыз деп білемін, қарауымдағы солдаттар мен офицерлердің өміріне жауапты болған­дығымнан ең болмаса қалғандарын сақтап қалғым кеп мен дивизияның барша адам­дарымен бірге Қызыл Армияның 38-ди­ви­зия­сының барша адамдарымен бірге Қызыл Армияның 38-диви­зия­сының командиріне тұтқынға берілуді ұйғардым. Дұшпан болсақ та, сонау Харь­ков­тан Вол­гаға дейін ерлікпен соғысып келе жатқан бұл дивизияның жауынгерлік ісін жақсы бағалауға тура келеді. Оған бас иеміз».

1943 жылғы 1 наурызда дивизияның 2882 адамы ордендермен және медаль­дармен марапатталды. Құраманың полк штабының бастығы капитан Талғат Алмеев, батальон командирі Досжан Әлім­жанов, жауынгерлер Молдағұл Ера­лиев, Қамшал Омаров, Рамазан Бисе­нов, Нығымет Ахме­тов, Мақаш Балмағамбетов, Досан Омар­баев, Ахмет Ауғанбаев, Мақаш Ораз­баев, Әміреш Ауғанбаев және басқа­лар ерліктің тамаша үлгілерін көрсетіп, Отан награ­да­ларына ие болды.

Даңқты дивизияның мергендер мектебін шымкенттік лейтенант Әбдібай Құрмантаев басқарды. Мергендер ұзақ күн өздерін арнаулы окоптарында тап­жыл­мастан фашис­тер бекінісін аңдыды да отырды. Аяғын қия басқан гитлершіл көрін­се, қағып түсіреді. Олар он күннің ішінде елуден астам фашисті жер қаптыр­ды. Құралайды көзіне атқан мергендер Айдос Түсіпов, Николай Мурашев, Влади­мир Зайцев, Қамал Бердоңғаров, Әсет Қалиулиннің жауынгерлік әрекеттері жөнін­де Совет информациялық бюросы (Совин­форм­бюро) арнаулы хабар берді. Взвод командирі Ә.Құрмантаевтың өзі сол жолы 30 фашисті омақаса құлатты. Қазақ халқының батыр ұлы Ә.Құрмантаев Сталинград көше­лерінің бірінде болған сұрапыл ұрыстарда ондаған немісті жойып барып, ерлікпен қаза болды.

1942 жылғы 22 қарашада 38-атқыш­тар дивизиясының 242-пол­кінің 3-ба­тальо­ны Бекетовка село­сының оңтүстік-шығыс жағында қиян-кескі ұрысқа кірісті. Жауынгер-барлаушы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданын­дағы колхоз ұста­сының баласы Ізғұтты Айты­қов жау тылын­да ерлік жасап, гитлер­шілердің 50 солдаты мен офицерін өлтірді де, әскери бөлімге 22 «тіл» әкелді. Кейін­нен Батыс Двина өзенінен өтуде көрсеткен ерлігі үшін гвардия старшинасы Ізғұтты Айтықовқа Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді.

1942 жылдың көктемінде Ақмола қала­сынан Сталинград майданына жөнел­тіл­ген 29-атқыштар дивизиясы да Сталин­град бағытын қорғайтын әскер­лер­дің құра­мында болып шықты. Ол жаумен шайқасты Дон өзені­нің шығыс жаға­лауы­нан бастап, Сталин­градтың көшелерінде аяқтады.

Қиян-кескі ұрыстарда 48-полктағы аға лейтенант Досан Әлімжановтың бата­льоны үлкен ерлік қимылдарымен бүкіл дивизияны риза етті. Ол батальон құмды карьердің сырт жағына айналып барып, түн ішінде тұтқиыл­дан шабуыл жасады да, 250 фашисті тұтқын­ға алды, жаудың 270 машинасын, 6 зеңбі­регін, басқа да біраз мүліктерін қолға түсірді.

Д.Әлімжановтың батальонындағы взвод командирі Қасым Қыдыралиннің аз ғана топ солдаттары Воропаново түбінде фашистердің екі бірдей шабуылын тойтарды. Қыдыралин Ақтөбе облысының Ойыл ауданының жігіті еді.

Сталинградты қорғауға Орал облы­сы­нан қатысқан жауынгерлер: Саттархан Жұр­мұм­бетов, Әбжай Салиев, Шабхат Жел­дібаев, Керей Кәмәлиев, Жақан Қош­мағамбетовтер асқан ерлікпен күресті.

Котельниково ауданының солтүстік шығысында 29-дивизия фашис­тердің үлкен күшін бөгеп тұрды, жау танк әскерлеріне қарсы табанды ұрыс жүргізді. Лейтенант Асқар Жетпісбаев басқарған бөлімше, Есқаировтың батальоны асқан ерлік көрсетті. «Бұл дивизияның бірде-бір жауынгері (тіпті атшысы да), – деп көрсе­тілген 64-армия коман­дованиесінің 1942 жылғы 3 қара­шадағы рапортында, – тап­жылмай, шегінген жоқ, жаудың бронь­ды дүлей күштеріне қарсы ержүректілікпен шайқасты».

Абганерово ауданындағы шайқаста жау танкі дивизия командирі А.И.Ко­­­ло­бутиннің блиндажын таптап өтпекші болды. Осыған қарамай Анатолий Иванович және штаб офицерлері ұрысты басқара берді. Ержүрек бронебойщиктер фашист танкісін қатардан шығарды. Аға лейтенант Әскен Қапановтың басқа­руын­дағы атқыштар ротасының жауын­герлері Перекатное деревнясына екпінді шабуыл­мен лап қойып, 50-ден астам жендеттің көзін жойды.

Қазақ халқының қаһарман ұлдарының бірі Нұрғалиев Әбілқайырдың ерлігі де сүйсінерлік. Ол әскерге Гурьев облысының Бақсай ауданындағы «Жаңа күш» колхо­зынан алынған. Майданда, 29-атқыш­тар дивизиясының 2-полкінде, 3-ротада аға сержант Ә.Нұрғалиевтың батырлық даңқы жайылды. Кировоград түбіндегі Приволье селосы үшін болған ұрыста оның жауын­герлері дұшпанға қырғи­дай тиді. Нұрға­лиевтың өзі де атыс нүктесіне еңбек­теп барып, фашист пуле­метін жойып жіберді. Ал бұл бөлімшенің алға жылжуы­на мүмкіндік берді. Киро­во­град қаласының шетіндегі Масловкада да Ә.Нұрғалиев алты жендетті құртты. Осы ерлігі үшін оған «Даңқ» ордені берілді.

Кировоград жерінде дивизияның зеңбірек расчетының командирі сержант Досмағанбетов Әметхан да қаһар­ман­дықпен шайқасты. Қостанай облысындағы «Ақсуат» колхозының бұрынғы төрағасы өзінің зеңбірегімен дұшпанның екі танкісін, 50 солдатын жойды.

29-атқыштар дивизиясы 72-гвар­дия­лық атқыштар дивизиясы болып аталды. 2385 солдат пен офицер мара­пат­талды.

Жамбыл облысында құрылған 81-атты әскер дивизиясы 1942 жылы қазан айында Сталинград майданының 28-ар­мия құра­мында Сталинград іргесіндегі 1942 жылғы 19 қарашадан басталған Кеңес Армия­сының ұлы шабуылына дейін Астраханьның солтүстігіне таман Еділ бойының 80-100 шақы­рым ұзындықта қорғап тұрды. Оның таңдаулы бөлімшелері Қалмақ қырына бағыт­талды. Қарашадағы шабуыл бастал­ғанда дивизия 4-атты әскер корпусының құрамында генерал Т.Т.Шап­кин басшы­лығы­мен Цица өзені бойымен Плодовитое арқылы Абганерово стансы­сынан Верхно-Яблочныйға келді. Ал 12-23 желтоқсан арасында Ақсай өзенінің бойындағы Курмярск, Яблочный елді мекендерінде қорғаныс соғыстарын жүргізді. Одан әрі Ақсай Есаулов өзені елді мекендер Городской, Генераловский, Шобаминский, Мышкова өзегінің төменгі саласына жетті.

Сталинград шайқасына өзінің ерлігімен 152-атқыштар бригадасы көзге түсті. Бригада 1941 жылдың аяғында, 1942 жыл­дың алғашқы айларында Орал қала­сында Қазақстанның батыс облыстарынан келген құрамалардан құрылған еді. 192-атқыштар бригадасы да 28-армия құрамында Халхута, Якшуль елді мекен­дерін (Қалмақ АССР-ы) неміс-фашист басқын­шыларынан азат етіп, соғыс жоры­ғын Ростовқа дейін жалғас­тырды.

Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыс­тарында құрылған 387-атқыштар диви­зиясы 1942 жылы 31 желтоқсанда Тормо­син қала­сын дұшпаннан азат етті. Бұл қала немістердің Сталинградта қор­шауда қалған Паулюс армиясына жәрдем бер­мекші болған гитлер­шілердің жолы еді. Дивизия осы жолды бөгеп, қор­шау­дағы армияға бірде-бір техника мен азық-түлік жібермеді.

Қыр қыраны – Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Спатаев өлмес ерлігін Сталин­град үшін болған айқаста жасады. Май­данға Шымкент облысы Шаян ауданының «Көктөбе» колхозынан келген ол өз Ота­нының бақыты үшін қарулас жолдас­тары­мен бірге соңғы демі біткенше қасарыса күресті.

Фашистердің 28 танкісі от шашып қаптап келе жатқан еді. Олардың дамыл­сыз атқан оғы минометтің барлық адамын істен шығарды. Жалғыз Қарсыбай ғана қалды. Ол дұшпан танкілерін үрдіс оқтың астына алды да, әскери саптарын бұзып, кері қашуға мәжбүр етті. Бірақ қанішер жау алға ұмтылуын қоймады. Қарсыбай бір кезде пайдалануға бір-ақ мина қалғанын байқады. Жауынгер ұзақ ойланып тұрмады. Ауыр минаны құшақтап алды да, танкіге қарсы ұмтылып, шынжыр табанның астында сүңгіді. Танк ілгері өте алмады. Қарсыбай Спатаевтың бұл ерлігі, Отанға деген шын берілгендігі соғыс даласында бейнебір алқызыл тудай желбіреп тұрды. Оның тамаша ерлігі бүкіл кеңес халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Отан-ана ешқашан да, еш уақытта да мұндай ер­жүрек абзал ұлдары мен қыздарын ұмыт­пайды. 25 жастағы Қ.Спатаевқа Кеңес Одағы Батыры атағы берілді.

Сталинград майданында қазақ­стан­дық сұңқарлар да мәңгі өшпес ерлік көрсетті. Қазақтың қаһарман ұлы Нұркен Әбдіров «Атыңнан айналайын Қарқаралы» (Мәди) топырағында 1919 жылы дүниеге келген. Жиырма жасын­да Қарағандының аэро­клубын­да ұшқыштар курсын бітіріп, запас­тағы ұшқыш атағын алып шығады. Арада бір жыл өткен соң Қызыл Армия қата­рына шақырылады. 1942 жылы Орынбордағы авиаучилищені бітірген соң 267-авиация дивизиясының құра­мындағы 803-авиациялық шабуыл­шылар полкі­не жіберілді. Сол полкте жүріп 16 рет әуе шайқастарына қаты­сып, фашистердің 12 танкісін, 28 авто­ма­шинасын, 18 оқ-дәрі тиелген мәши­несін, 3 жанармай цистернасын, 8 зең­бірегін жойып жіберіп, 80 неміс сол­да­ты мен офицерін жаһан­намға аттандырады.

Нұркен Әбдіров 1942 жылы 19 жел­тоқсанда 17-жауынгерлік сапарына ИЛ-2 ұшқыштар звеносын басқарып шығып, жаудың Беков-Пономаревка ауда­нын­дағы (Сталинград шебінде) бекінісімен шоғыр­ланған техникаларын жоюға атта­нады. Сол сапарында өрт шалған ұша­ғын жау техникасы шоғырланған жерге бағыт­тап, қаһар­ман­дықпен қаза табады. 1943 жылғы 31 наурыз­да Нұркен Әбді­ров­ке Кеңестер Одағы Батыры атағы берілді.

Сталинградтың соғыс жалыны шар­пыған көгілдір аспанында халқы­мыз­дың қанатты қызы Хиуаз Дос­панова да үзбей самғап, жау төбесінен жай оғын төкті. Хиуаз Қайырқызы орыс ұшқышы Марина Раскова бас­қар­ған авиация түнгі бомба­лаушы-ұшқыштар полкінде қызмет атқар­ған. Сталинград, Сол­түс­тік Кавказ, Кубань, Украина, Белоруссия мен Германияны фашистерден азат ету жолында жаумен 300-ден астам әуе шайқасына қатысып, жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ дәре­желі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальмен мара­пат­тал­ған. Соғыстан кейінгі жылдардағы ересен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие бол­ған.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», тағы басқа газет-журналдар бетінде көптеген автор мақалалар жазып, Хиуаз Доспанованың соғыс кезіндегі ерлігі оған Халық Қаһарманы атағын беруге әбден лайық деген пікірлер білдірген бола­тын. Осы ұсыныс-пікірлердің негізін­де, мезгілінен көп жылдар кешіксе де, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2004 жылғы 7 желтоқ­санындағы шешімімен қазақ халқының ержүрек майдангер қызы Хиуаз Доспановаға соғыс кезіндегі ерен ерлігі ескеріліп, желтоқсан айында, Тәуелсіздік күніне орай Халық Қаһарманы атағы берілді. Әділдіктің ақ туындай болған бұл шешімді бүкіл еліміз үлкен қуанышпен қарсы алды.

Сталинград майданында «Павлов үйін» қорғаған кішкене гарнизонның ерлігі біздің елде, кеңес жауынгерлерінің арасын­да қалыптасқан халықтар досты­ғының тама­ша үлгісін бейнеледі. Кеңестер Ода­ғы­ның Батыры атағын екі рет алған А.И.Родимцев ол туралы былай деп жазды:

«Павлов үйін» әртүрлі адамдар қорғады: олардың ішінде ыстық қанды, сабыр­лы, көңілді, небір тұйық, тіпті қатыгез адамдар да болатын. Бірақ олар­дың бәріне бірдей ортақ қасиет – Отанды шексіз сүю еді. Бұл кішкентай гарнизон еліміздегі халықтар достығының айғағы болды. Мұнда орыстар – Павлов, Алек­сандров, Афанасьев, Воронов, украин­дер – Глущен­ко, Демченко, Довженко, гру­зиндер – Мосиян­ошвили мен Степа­нош­вили, татарлар – Рамазанов пен Шкуратов, қазақ – Мырзаев, тәжік – Тургунов және басқа халықтардың өкілдері білікке білек, жүрекке жүрек тиістіріп, жауға қарсы жан­қияр­лықпен соғысты. Бұлар бір тамаша ержүрек адамдер еді».

«Павлов үйін» қорғаушы Ефремов фашист танкісімен жекпе-жек айқаста ауыр жаралы болады. Қазақ Толыбай Мырзаев жауып тұрған оққа қарамастан, аяулы досын ұрыс шебінен алып шықты.

Бірақ шайқаста рота командирі Ахри­менко қаза тапты. Коммунист Естай Ысма­ғұлов бастаған, көкіректерін кек кернеген кеңес жауынгерлері жаудың шебін бұзып, оларды қашуға мәжбүр етті.

Сталинград үшін болған ерлік ұрыстар­да басқа халықтың өкілдерімен бірге қазақтар да соғыс тарихына алтын беттер қосты. Бүкіл кеңес елінің түкпір-түкпірінен келген әр ұлттың өкілдеріндей қазақ­стандық жауын­герлер де қорқып-үркуді білмей және өлім қаупіне елең етпей әрбір көшені, әрбір үйді жауға бермей, қаланы асқан ерлікпен қорғады.

Фашист басқыншылары Еділ жағасына шығуға жанталаса күш жұмсады, сонымен қатар кеңес тылына іріткі салу, халық арасында үрей туғызу, теміржол торап­тарын, кәсіпорындарды, әсіресе соғыс объектілерін істен шығару үшін жасырын диверсиялық топтар да жіберіп бақты. Кеңес адамдарының және біздің чекис­тердің қырағылығы, ержүректігі арқа­сын­да мұндай сұрқиялар кезінде әшкереленіп, сазайын тартты. Гурьев облысының Ново­богат, Теңіз, Жылыой аудандарына, Орал облысының Орда және Жәнібек аудан­дарына түсірілген жаудың парашют десант­тары сол бойда жойылып жіберілді. Жау агентурасын әшкерелеп жоюда колхоз­шы Байжан Атағазиевтің көрсет­кен ерлігі тарихта қалды. Ол Ембі мұнай кәсіп­шілік­теріне апаруды талап еткен шпион­дарды әдейі шөлге, құмға бастап адас­ты­рып, орыс халқының тарихында болған Иван Сусаниннің ерлігін қайталады. Жалын­ды патриот жау қолынан қаза тапты. Бірақ ол Отан алдында ұмытылмас ерлік жасады.

 

Ұлы Отан соғысында өздерінің ерлігін дүниежүзіне паш еткен 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Солардың жүзден астамы Сталинград іргесіндегі шайқаста шынығып, ерлік үлгісін танытқан өрен жандар еді. Халқымыздың ерлігі мен мейірбандығына риза болған волгоградтықтар өз қаласының бір көшесін Қазақ көшесі деп атады.

 

Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

http://alashainasy.kz/tari/40398/