АЛТЫНОРДА
Новости

ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАНЫ ТАҢДАДЫҚ!

Бірінші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Танымал тұлғаны таңдаңыз!» деген атпен бәйге ұйымдастырған едік. 

Бұған себеп, Қазақстан халқы ассамблеясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан«XXI ғасырдың ең басты заңы – татулық екендігін» көрсеткен жүрекжарды пікірі еді.

«Келісім – экономика мен саясаттың қауіпсіздігіндегі өмір­дің заңы. Біз келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз. Келісім мәдениеті мәң­гі­лік болуы керек» деген Елбасы сөзі баршаның жадында ұдайы жүретін жағдай.

Халықтар достығы мен бірлігі жолында Ассамблея мүшелері, ұлттық орталықтар барынша же­місті жұмыс істеп келеді. Әсіресе, жекелеген азаматтар төңірегінде тамаша пікір қалыптасып, мем­лекет мақтанышына айнала бас­таған тұлғалар өсіп шықты. Олар мемлекеттік тілде өздерінің туған тіліндей сөйлеп, елдің рухын көтеруге атсалысуда. Алайда сол азаматтардың арасынан кімді ерекше бөле-жара атауға болады?

Осы сұрақ «Айқын» газеті мен басылымның электронды нұсқа­сындағы әлеуметтік желілерге кіретін оқырмандарды үнсіз қал­дырмапты. Олар «өз мүддесінен мемлекет мүддесін жоғары қоя­тын, ақылы-парасаты бір бойына жарасқан, өзгелерге үлгі етерлік қай ұлт азаматының қоғамдағы рөлін жоғары бағалар едіңіз?» деген сауалға жауап беру бары­сында ұлт жанашыры Асылы Османды Еркін еліміздің елеулі азаматы ретінде танитындық­тарын айтып, ең көп дауыс берген.

Кеше қазақтың аяулы қызы – «Ерке Нұр» компаниясының бас­шысы, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері Фарида Мерха­мит­қызы Асылы Осман апайы­мызды арнайы қонаққа шақырып, редакция ұжы­мы атынан сый-сияпат жасады.

– Мен қазақ халқының қан­ша­лықты қасірет шеккенін жақсы білемін. Бұл ұлт сонда да рухын тү­сірмеді, өзгелерден көмегін аямады. Қазақ халқы тәуелсіздігін ту етіп көтергенде, біз – өзге ұлт өкілдері де қарап қалмай, мемлекет мүддесін барлық жағынан қор­ғауымыз да, қолдауымыз да қажет. Ал мен Қазақстанның таңдаулы адамы, ұлт жанашыры ретінде сенім білдірген барша жұртқа тек жақсылық тілеймін. Қазақ жұрты­на бұған дейін де адал қызмет еткенмін, алдағы өмірімді де ұлт рухын көтеруге арнаймын, – деді Асылы апай әңгіме арасында.

–Асылы апамыз шын мәнінде, ұлт, тіл жанашыры. Мұны бүкіл Қазақстан халқы білетіндігін «Айқын» газеті жариялаған бәйге барысында байқадық, көз жет­кіздiк. Халық бұл кісіге жанашыр болды, қолдады. Біз де қарап қал­май, қазақ үшін ештеңеден та­йынбайтын тұлғаға сый-сияпат жа­сағанды жөн көрдік.

Сүйікті апайымыздың елімізде танымал тұлға екендігіне тағы да көз жеткіздік. Ол кісіге ұзақ ғұ­мыр, бақытты өмір тілеп, ел үшін ең­бек ете беруіне тілектеспіз.

Ал осындай баянды бастама кө­терген Алаш жұртының ардақты газеті «Айқынның» ұжымына шы­ғармашылық табыс тілеймін! – дедi «Ерке Нұр» компаниясының басшысы Фарида Мерхамитқызы.

Иә, мемлекет мақтанышына айналғанға не жетсін! Біз де Асы­лыдай асыл аналардың көбейе бер­генін қалаймыз.

http://www.aikyn.kz/articles/view/48362