АЛТЫНОРДА
Новости

Телевизияда айтылған әрбір сөз ұлтқа қызмет етуі керек

17(146)Қымбат ДОСЖАН, «Оян.kz»  бағдарламасының продюсері:

«Ел арна» қай кезде де елді елең еткізерлік бағдарламалар мен тың идеялардан қалыс қалған емес. Ал енді мамыр айынан бастап «Оян.kz»  деген атпен әуе толқынында жарқ ете түскен танымдық таңғы бағдарламасы тіпті қалғып кеткен көрерменді ұйқы құшағынан жұлып аларлықтай сипатқа ие деуге әбден негіз бар. Ең бастысы, ол отбасылық құндылықтарды  насихаттауды басты бағыт еткен. Биыл елімізде алғаш рет Отбасы күні аталып өткенін ескерсек,  «Оян.kz» бағдарламасының өзектілігі өздігінен айқындалады. Тіпті тізгінін Қазақстанның Халық артисі  Тұңғышбай Жаманқұлов пен қазақты әлемге танытып жүрген опера жұлдызы, ҚР еңбек сіңірген артисі Майра Мұхамедқызына табыс етілуі де «Оян.kz»-тің осал жоба еместігін аңғартқандай. Әр сенбі, жексенбі өзіміз қалт жібермей тамашалап жүрген бағдарлама жайлы толығырақ біле түсу үшін біз осы бағдарламаның продюсері, белгілі тележурналист Қымбат Досжанды әңгімеге тартқан едік.

– Қымбат ханым, «Оян.kz»-пен бірге таңды атырып жүргенімізге біраз болды. Өзіңіз де білесіз, адамның күні бойғы көңіл күйі де еңбекке не оқуға деген құштарлығы, ең алдымен, оның қалай оянуына тікелей байланысты. Ендеше, «Оян.kz»-ны жарыққа шыға­рар­да сіздер,  ең алдымен, осы жағын әбден зерттеп, ел-жұртқа таң сәріден не қажетін талқылаған боларсыздар?

– «Ел арнада» бұған дейін таңғы бағ­дарлама болған емес. Ендеше, «Оян.kz» арнамыздың алғашқы таң сәрілік жобасы дей аламыз, мұны бір деңіз. Бағдарламаның екінші бір ерекшелігі – еркін әңгіме, дастар­қан басындағы ойлар, сондай-ақ аға буын мен жас буын арасындағы көзқарас­тардың таразылануы. Сондықтан да біз жүргізуші­лікке әдейі Тұңғышбай Жаманқұ­лов ағамыз бен Майра Мұхамедқызы сынды білімді әрі өмірден мол тәжірибесі бар белгілі тұлға­лармен қатар, Абылай мен Елжан сынды жас жүргізушілерді отырғыз­дық. Біз әуел баста күткендей, жүргізуші­лердің қайсысы болсын өздерін студияда отырғандай жасанды ұстаудан аулақ,  өзара еркін де емен-жарқын әңгіме құрып, сондай-ақ «Бағыт», «Отбасылық альбом», «Лебіздер легі», «Әлемтор», «Үлгілі отба­сы», «Мәде­ниет жаңалықтары», «Шебердің қолы ор­тақ», «Бұлақ көрсең көзін аш» секілді айдар­ларға да жақсы тұздық жасап отыра­ды.

– Екі буын көрермен аудиториясын қамтимыз деп отырсыз, осыған нақты дәлел келтіре түссеңіз? 

– «Әлемтор», «Шоу-бизнес жаңалықта­ры» айдарларын айрықша көрсетер едім. Себебі онда біз жастардың көзайымына айналған көп ақпараттың ішінен ұлтқа пай­да­лысын ғана сүзіп алып көрсетуге тырыса­мыз.  Бұл арқылы біз, әсіресе, ше­тел­де оқып жатқан, шетелдік озық компа­ниялар мен өндіріс орталарында білікті маман болып жүрген отандастарымызбен онлайн түрде сұхбаттасып, ол жақтағы бізге пайдалы кеңестерді, жастарға керек бағыт-бағдарды солардың білім алу жолындағы талпыныс­тары арқылы жас көрермендері­мізге ой салып жатырмыз деп ойлаймын. Ал «Отба­сы­лық альбом», «Лебіздер легі» сияқты айдарларымыз аға буын үшін қажет екенін көрерменнің өзі бағамдап жатқан болар.

– Қымбат ханым, сіз телеарнаға кеше-бүгін келген адам емес, көрермен мойындаған тележүргізуші, әрине, мықты білікті мамансыз. Сондықтан, жалпы, арна мен психология мәселесіне толыққанды жауап бере алатыныңызға күмәніміз жоқ. Қалай ойлайсыз, қазіргі таңда қазақ телевизиясының ұрпақ ал­дындағы парызы қандай болуы керек? 

– Қазір біздің ұлтымыз үшін, шын мәнінде, бәрі керемет болып тұр деп айту да қиын. Себебі көзіміз көріп отыр, жақсы­лыққа да, жамандыққа да құмар бір ұрпақ өсіп келеді. Бұрындары жағамызды ұстап, таңғалатын жайтқа қазір көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткендей халге жеттік. Сондық­тан біз осы тұста ойлануымыз керек. Тәуел­сіздік алғалы да тұтастай бір буын өсірдік, тәрбиеледік, оларға не үйреттік, осы ретте бізден қандай ағаттық кетті? Осындай күрделі мәселелерді ойласақ, «ұлттық идеологиямыздың бағыты айқын ба» деген түпсіз сауал өздігінен өзінің тұң­ғиығына батырып әкетеді. Қазір экран мен ғаламтор­дың заманы. Қаптаған ақпараттың, тіпті адам психологиясын есеңгіретіп тастарлық күш алып кеткен жайы бар.  Осы орайда дәл бүгінгі қазақ телевизиясының жайы алын­бас қамалға тап келген жалаңқол сарбаздың күйін елестетеді еріксіз. Бірақ біз мықты халықпыз, ұлтымыз өзінің бір тамшы қаны­ның өзі талайға қарсы тұратын тектілі­гін бір емес, сан мәрте дәлелдеген. Бізде ананың сүті, әкенің қанымен берілген, сондай-ақ ұлттық салт пен дәстүрге негіз­дел­ген тәрбие бар. Сондықтан да әр азамат өзінің ұрпақ алдындағы борышы мен парызын өтеп кетуге міндетті. Ал телевизия­да айтылған әрбір сөз ұлтқа қызмет етуі керек деп ойлаймын.

– «Оян.kz»-тің о баста көздегені не еді және сол нысанаға қаншалықты дөп түстік дей алар едіңіз?

– Қай істі де бастамас бұрын адамның мақсат қоятыны анық. Олай болса, біз «Оян. kz»  арқылы көрерменді оятуды көз­дедік, онда да мәселе тек таңертеңгі оятуда емес екенін түсініп отырған шығарсыздар. Кешегі Алаш алыптары қазақтың оянуын ойлап қандай күй кешті?! Біз де тура сол рухта қалғып бара жатқан ұлтты селт еткізуді көздеген едік. Дәл бүгін сол нысананы дөп бастық демесек те, болашақта біздің бағ­дар­лама ұлт үшін кішкентай болса да қоз­ғаушы күш болса, ұлттың оянуына түрткі бол­са, еңбектің ақталғаны деп білем. Бола­шақта отбасылық бағыттағы жақсы айдар­ларды, рухани тазалыққа жетелейтін хабар­ларымызды көбейтеміз деп ойлай­мын. Ал бүгінгі барлық жағдайы жасалған қоғамда жастардың санасына жақсылық пен ізгіліктің сәулесі құйылса деген ішкі бір күш біздің ұжымды қашанда алға жетелеп отырады.

– Бағдарламаны риясыз қабылдаған­дармен қатар, сынаушылар да болды ма? 

– Әрине, сынаушысы жоқ жерде ешнәрсе өзгермейді. Де­генмен телевизия мамандары­ның бір қателігі деуге де келмес, кәсіби пікірін айтатыны бар, мен ол пікір­лер­ді құрметтеймін. Бірақ біз телевизияның ішкі «кухнясын» ғана басты назарға ұстап, көрер­менді ұмытып кететін кездеріміз де болады. Осы бағытта сынау­шыларға мен «сіздер кәсіби тұр­ғыдан емес, қарапайым көрер­мен ретінде қарап көріңізші»  деп отырамын. Көрерменге не керек, көрермен­ді иландыра­тындай қандай жаңа форма ойлап табу керек, соны ескеруіміз керек. Әрине, кәсіби мамандардың көзқарасы да керек және біз кәсіби мамандармен жұмыс та істейміз. Кейде авторлық киноларды көпшілік көрермен түсіне бермейді ғой, себе­бі ол көрерменнен алшақтау.  Сол сияқ­ты құбы­лыс­тар телевизия саласында да қайталанбас үшін көрерменмен үнемі санасып отыру қажет дер едім. Қашанда көрермен көңілі біз үшін патшадан биік, мәртебелі. Таңертеңгілік жылы сезіммен ел­ге жырмен шашу шашып, қазақы қалжыңы мен қарапайым әңгімелері арқылы көрер­мен көңіліне ізгілік сыйлап келе жатқан бағдарламалар көп бола бергей. Ең басты­сы ОЯУ жүрейік ағайын!

– Тұшымды ойларыңыз бен өткір көзқарасыңызға рақмет. Сіздерге шы­ғар­машылық табыс тілейміз.

 

Оян да, ойлан!

Жалпы, «Ел арна» – елдің арнасы, елдің айнасы. Айна болу, шын мәнінде, қиын нәрсе. Себебі айнадан көрінген келбеттің сүйкімді немесе керісінше, қорқынышты болуы айнадан емес, ойдан, ардан, рух пен жігерден болса керек. Заман өзгерген сайын адам да өзгеруде. Бұрын ойдың құрбаны болған зиялыларымыз елді оятуға барын да, арын да салды. Кейде бүгінгі күннің желігіне ілесіп, шоудың құрбаны боп жүрген жандарға да іштей күйінесің. Бірақ бұл да уақытша болса керек. Шүкір, бәрі өзгеріп келеді.

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

 

http://alashainasy.kz