[:kz]
Қазақстандағы қылмыстардың негізгі себептері анықталды. Оларға бұрын түрмеде отыру, жұмыссыздық, қаржының жоқтығы және маскүнемдік жатады екен.
Прокуратура органдарының талдауы көрсеткеніндей, республикада «қылмыстық құқық бұзушылықтарды көбінесе, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған және қылмысты жасау барысында жұмыссыз немесе қиын қаржылық жағдайда, сонымен қатар, алкогольді масаю күйінде болған тұлғалар жасайды».
Бұл туралы Астана қаласының «Есіл» ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Айдос Ерғалы хабарлады.
Оның келтірген мәліметі бойынша 2016 жылдың бірінші жартысында 164 тұлғаға қатысты 133 қылмыстық іс қаралған. Оның ішінде 148 тұлғаға қатысты 120 іс бойынша айыптау үкімдері шығарылған.
Талдау кезінде тағы бір анықталғаны сол, соттар бұрын қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, сотталған, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірген зиянын өтей алмаған тұлғаларды көбірек бас бостандығынан айыру жазасына кеседі. Тиісінше, ауқаты бар және жәбірленушілер мен олардың туыстарына қомақты өтемақы жасап, көңілін аулаған қылмыскерлердің түрмеге қамалудан құтылуға мүмкіндігі көбірек.
«Сотпен тағайындалған жазалар шаралары келесідей болды: 28 тұлға шартты түрде бас бостандығынан айырылған, оның ішінде ауыр қылмыстар жасаған 20 тұлға, орта ауырлықтағы қылмыстарға барған 8 тұлға бар. 3 тұлғаға айыппұл тағайындалды, оның ішінде: ауыр қылмыстар бойынша 1 тұлға, орта ауырлықтағы қылмыстар бойынша 2 тұлға. Бас бостандығын шектеу жазасы 28 тұлғаға тағайындалды, оның ішінде: онша ауыр емес қылмыстар бойынша – 3, орта ауырлықтағы қылмыстар бойынша – 16 тұлға; ауыр қылмыстар бойынша – 9. Жазаның шартты түрі ауыр және орта ауырлықтағы қылмысты бірінші рет жасаған, өз кінәсін толық көлемде мойындаған, келтірілген залалды өтеген тұлғаларға олардың жас шамасы мен процессуалдық келісім жасауы есепке алына отырып тағайындалады» деп мәлім етті Айдос Ерғалы.
Елдос Сенбай
http://aikyn.kz/
[:]