АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ТРАКТОРШЫНЫҢ МАХАББАТЫ» РЕЙТИНГТІ «ЖЫРТТЫ» АЛ, САПАСЫ ҚАНДАЙ?

Қазақстандық сериалдардың көбеюіне мүмкіндік берілуі мұң екен, телеарна біткен отандық өнімдерді қаптатып жіберді. Бірінен кейін бірі берілгендіктен, тіпті көпшілігін көріп те үлгермейтіндігіміз жасырын емес. Қазақстандық телеарналар үшін «рейтинг» басты назарда. Олар рейтингті арттырған сериалдарға ғана сұраныс беретіндей. Сондай, рейтингі жоғары деңгейге жеткен сериалдардың бірі – «Тракторшының махаббаты». Баян Есентаева түсірген бұл телетуынды көпшіліктің көңілінен шыққаны рас. Кешкілік көрермен «Тракторшының махаббатын» көру үшін көк жәшікке үңілгені де рас. Бірақ, телеқойылымның көркемдік деңгейі қандай? Рейтингті несімен «жыртты»? Ана басты кейіпкер Женифердің ойыны көңіліңізден шыға алды ма? Ана кіп-кішкентай қыз неге «бақыра» береді? Қазақша «сөйлемдері» тіптен орашолақ… Көркемдік кеңес жоқ делік, бірақ телеарна басшылығы «орашолақ сөйлемдерді» неге басшылыққа алмады екен деп ойлайсың?!

Белгілі продюсер Арман Сқабылұлы өзінің ФБ-дағы жеке парақшасында аталмыш сериалға байланысты өз ойын былай білдірген екен: «Секе! Сен айтқаннан кейін әрі рейтингі «жыртып» жатыр деген соң «Тракторшының махаббатын» көре қалғаным… Шынымен де «жыртатындай» екен. Отбасылық арнаңызды отбасымызбен отырып тамашаламақ ниетіміз болмай қалды. «Тракторшының…» бір кейіпкері әйелімен ренжісіп қалып қатты-қатты сөздер айтып жібергені. Аңғал күйеу ағат кеткенін аңғарып, әйелін айналсоқтап кешірім сұрап әлек. Әйелі «жібіді-ау» дегенде асығыс жатын бөлмеге сүйреп, «жүрші жаным, мен саған гол соғайын» деп қарап тұр… Олар «гол соғуға» кетті, екеуара «матчтың» дүбірі естіліп тұрды… Мен төмен қарадым… Ұл мен келін бөлмелеріне зытты… «Еларнадағы» «футбол ойынының» қалай аяқталатынын алдын-ала білгендіктен басқа жаққа қарай ауыстыра салдым. Қайран, Серік досым-ай! Сенің де «гол соғудың» шебері екендігіңді білуші едім… Енді кейіпкер болып «Еларнаның» экранынан көрінгенде есімнен танып қалдым. Шынымен де «Тракторшыңыз…» мына түрімен рейтингті «жыртатындай-ақ» екен. Ол біткен соң не істейсің? Мүмкін «порно» берерсің? Оның да рейтингті «жыртатынына» күмәнім жоқ», – деп жазады.

Қалай болғанда да, соңғы кездері  сауатсыз сериалдар көбейіп барады. Көркемдік деңгейін былай қойғанда, тілдік сауатсыздық отандық сериалдарда «өріп» жүр. Қазақша сериалдардың көбейтудің жолы осы екен деп, жеңіл, арзан дүниелерге қызыға береміз бе? Әлде, осыған тоқтам жасайтын, кәсібилік деңгейін жөнге салатын көркемдік кеңес бола ма? Кәсіби емес мамандардың сериал түсіруі көбейіп барады. «Сан бар жерде, сапа болады» десек те,  «артық қылам дептің» кері келмесі екен дейміз…

Айна Хасанова

http://www.turkystan.kz/