АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Түнтековтің «абыройы» – 175 700 теңге

 

Бұл табалғанымыз емес, қаралағанымыз емес. Мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына себепкер болғаны үшін 40 күнге қамалып, 7 миллион теңгенің шығынын өтеуді мойынына алған Қайрат Түнтековке көмектесуге әріптестері жинаған ақшаның саны осы – 175 мың 700 теңге.

Бастабында Қайратқа қаржылай демеу көрсету үшін арнайы жиын өткізген Ерлан Көкеев, Медеу Арынбаев бастаған эстрада жұлдыздарын көріп, «әншілердің ынтымағына» дән риза болғанбыз. Артынша жас жұлдызға жанашыр жандардың басы да қосылды. Түнтековке түмен ақша жинаймыз деп Ерлан Көкеевтің клубына жиналған Қайраттың «достарын» көрсеңіз кілең атағынан ат үркетін жұлдыздар: «Ұлытау», «Орда», Беркут, Айжан Нұрмағамбетова, «Денар», Айқын Төлепберген… Әдетте, «бір иіс суымыз мынша мың», «қол сағатымыз сонша мың» деп сұхбат беретін жез таңдайлардың бауырларының басына түскен жағдайға атаған жылуының түрі анау болды.

Бір анығы, «Түнтековтің түрмеге қамалуы» біраз адамға «азық» болған сияқты. Әйтпесе, атағы бір басына жетіп артылатын, дені сау, жас Қайратқа елдің «жылуының» да қажеті шамалы еді. Бірақ сол «жылу науқанының» пайдасын көргендер де бар. Қазақ тілінен гөрі орыс тілін оңтай көретін Ерлан Көкеев ел-жұртқа қайта танылды. Қолы тисе журналист те, әртіс те бола беретін мың құбылғыш әншілердің «қамқорлығы» да жұрт назарынан тыс қалмады…Шындығында, ой мен қырдан, той мен жиыннан нәпақасын тауып жүрген қазақ әншілерінің жағдайы жаман емес еді…

175 мың 700 теңге! Қайраттың қай жыртығын жамар екен?!

masa.kz