ХХ ғасырда әлемнің саяси картасын өзгерткен екі дүниежүзілік соғыс, көптеген аумақтық соғыстар мен қарулы қақтығыстар болды, соның салдарынан ондаған елдер жойылып, орнында жаңа мемлекеттер пайда болды. Жаһандық өлшеммен алғанда жүз жыл деген қас-қағым мезет қана, алайда уақыт шіркін осы қысқа мерзімнің ішінде біз үшін ғаламдық өзгерістер жасады. Адамзатқа алапат қасырет әкелген өткен жүзжылдық бір кездерде байлығы шалқып, күші тасыған талай әлеуетті мемлекеттердің өзін жоқ қылып жіберді. Мысалы, солардың ішінде бір кездерде әлемдегі ең мықты мемлекеттірдің бірі, өзіміз құрамында болған КСРО да бар. Он бес бауырлас республикадан құрылған осындай алып елдің жетпіс жыл ғана ғұмыры болды. Тарих спираль сияқты, белгілі бір уақыт өткенде айналып келіп, қайталанып отыратын заңдылықтардан тұрады, деген ұғым бар. Өткенге қарап болашақты болжауға болады, дейді ғалымдар. Енді басталып жатқан ХХІ ғасырда қандай өзгерістер болар екен?
Австрия-Венгер империясы
1867 жылы құрылып, 1918 жылы тарады. Елу жылдан сәл астам уақыт өмір сүрген Австрия-Венгер империясы І дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде көп жерінен айырылып қалды да бірнеше бөлікке бөлініп кетті. Ал қанщама уақыт бойы біртұтас мемлекеттің халқын құраған әртүрлі ұлттар ешқандай ойланбастан тәуелсіз мемелекеттер құрып алды немесе көрші елдердің құшағына сіңіп кетті.
Осман империясы
Осман империясы 600-ден астам уақыт тұрған, Еуропада ең ұзақ үстемдік құрған мықты мемлекет болды. Ол 1299 жылы құрылды, 1922 жылы тарады. Осман империясы қатты дамып, гулденген дәуірді де көрді, жеңілісті де бастан кешірді. І дүниежүзілік соғыстан кейін күші толықтай сарқылып, қол астындағы мемлекеттерге ықпалын жоғалтты. Бір кездерде жаулап алған үлкен аумақтан айырылып қалды.
Тибет
Тибет мемлекеті 1913 құрылып, 1951 жылы мемлекет мәртебесінен айырылды. Әлемдік саяси картада 1913 жылы пайда болған Тибет бұған дейін де мың жылдан астам жеке ел ретінде танылғанмен ешқашан мемлекет болып көрмеген. 1951 жылға дейін ешкімге тәуелсіз мемлекет болып енді аяғына тұра бастаған Тибетті Қытай елі жұтып қойды. Бірақ оны сол жылдардың ішінде де ешкім жеке мемлекет ретінде қабылдаған жоқ. Қазірге дейін Қытай Халық Республикасының құрамында қалып отыр.
Кеңестік Социалистік Кеңестер Одағы (КСРО)
Кеңес Одағы 1922 жылы құрылып, 1991 жылы желтоқсанда тарады. Бірінші дүниежүзілік соғыстың аласапыраны, одан кейінгі Азамат соғысының дүрбелеңінен соң әлемдік картада КСРО деген жаңа мемлекет пайда болды. Ресей империясы құлағаннан кейін өзін жұмысшылар мен шаруалар мемлекеті деп атаған әлемдегі алғашқы мемлекет. КСРО ұзақ жылдар бойы ғаламдық деңгейдегі алдыңғы қатарлоы елдердің бірі болып танылды. Адамды ғарышқа үшыру немесе Екінші дүниежүзілік соғыс сияқты әлемдік масшабтағы ірі оқиғалардің бірде бірі оның қатысуынсыз өткен жоқ. Алайда, прогрессивтік әлемнің бәсекелестігіне төпеп бере алмай, экономикалық коллапс пен коррупцияға белшеден батқан алып мемлекет 80-ші жылдардың аяғында әлсіреп, әлеуеті сыр бере бастады. Сөйтіп, осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын біріккен он республика ыдырап, жеке-жеке тәуелсіз мемлекеттерге айналды.
Югославия
Югославия — ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін күйреген Австрия-Венгер империясының орнында пайда болды. Бұл мемлекет 1918 құрылып, 1992 жылы таралды. Алғашында ол Серб, хорват, словендіктер корольдігі болды, 1929 жылдан бастап Югославия деп аталды. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін социалистік мемлекет болғанмен КСРО-ға басқалар сияқты қатты тәуелді болған емес. Югославияның әлемдік картадан жоғалуына көптеген қантөгістер себеп болды. Тек қана соғыс кезінде ғана емес, ұлттық негізде жаппай қантөгістер болды. Сербия басшылығы мен ұзақ уақыт келіссөздер жүргізіп, нәтиже шықпаған соң НАТО блогының әскерлері Белградты бомбалады. Адам құқықтары жаппай бұзылып, аса қатыгездікпен этностық тазартулар жүргізілген Азамат соғысы мұнда он жылға созылды. Қырғынның соңы мемлекеттің ыдырауына әкеліп, ол жерде алты тәуелсіз ел – Хорватия, Словения, Босния және Герцеговина, Македония, Косово және Кіші Югославия деп аталатын – Сербия мен Черногория одағы пайда болды. Бұл процес 2006 жылы ешқандай атыс-шабыссыз өтті.
4. Чехословакия
Чехословакия да Югославия сияқты жойылған Австрия-Венгер жұртында 1918 жылы құрылып 1938 жылға дейін Гитлер әскерін кіргізгенше тәуелсіз өмір сүрді. 1945 жылға дейін фашистердің оккупациясында болды. 1945 жылы Кеңес Одағы азат еткеннен кейін билік басына КСРО саясатын жақтайтындар келді. Кейіннен демократиялық мемлекеттте өмір сүргісі келген тұрғындардың армандарын азат етушілер елінің танктері жаншып тастады. Бұл оқиға Прага көктемі деген атпен тарихта қалды. КСРО ыдырағаннан кейін Чехословакия социалистік қоғамнан ың-шыңсыз теріс айналып, даму жолына бет бұрды. 1992 жылы чехтар мен словактар бөлніп кетті де, Чехословакия деген мемлекет жойылды.
Германия Демократиялық Республика (ГДР)
ГДР — 1949 құрылып, 1990 жылы тарады. Кеңес әскерлерінің ІІ дүниежүзілік соғыста жеңіске жету нәтижесінде Германия аумағында ұзақ жылдар КСРО-мен достықтың тірегіне, Еуропадағы КСРО насихатының плацдармына айналған жаңа мемлекет пайда болды. ГДР-да Кеңес Одағының ең мықты әскери контингенті тұрды, ал Берлинде тек идеологияны ғана емес, бір ұлтты екіге бөлген әлемге әйгілі Берлин қабырғасы тұрғызылды. Ал қабырғаның батыс жағындағы АҚШ пен Ұлыбритания басып алған аумақта ФРГ мемлекеті орнады. Мұның бәрі Михаил Горбачев КСРО-ға басшылық жасап тұрған қайта құру кезінде, 1989 жылы Берлин қабырғасының құлауымен аяқталды. Келесі жылында ГДР деген мемлекет жоқ болды, ФРГ- мен қосылып, неміс халқы біртұтас елге айналды.
Оңтүстік Вьетнам
1955 жылы құрылып, 1975 мемлекеттік мәртебесін жоғалтты. Француздардың бұрынғы колониясы болып тұрған кезде құрылған Оңтүстік Вьетнам солтүстіктегі көршілерімен ауыр соғыстарды бастан өткерді. Ақыры соларға жеңіліп, біртұтас мемлекетке айналды. Бұл 1959 жылғы оңтүстік пен солтүстік арасындағы Азамат соғысынан басталды. Солтүстік билігіне коммунистер келді, ал оңтүстікті билеп отырған француздар оны қаламады, жеке мемлекет құрғысы келді. Бұған америкалықтар араласты, бірақ көмектесе алмады. 1973 жылы АҚШ кетуге мәжбүр болды, содан кейін екі жылдан соң коммунистер толықтай жеңіске жетті.
Йемен Халықтық Демократиялық Республикасы
1967 жылы құрылған, 1990 жылы жойылды. КСРО-ның көмегімен социалистік мемлекет құрмақшы болған арабтар 23 жылдан кейін көрші Йемен Араб Республикасымен қосылып,мемлекеттік статусынан бас тартты.
Біріккен Араб Республикасы (БАР)
Мысыр мен Сирия одағы – Біріккен Араб Республикасы 1958-1961 жылдар аралығында, үш-ақ жыл өмір сүрді. ХХ ғасырдың екінші жартысында Мысыр саясаткері Насердің Социализм туының астында араб халифатын құру идеясы іске аспады. Дамаскіге баса-көктеп кіріп алған мысырлықтардың озбырлығына, саяси партияларға тыйым салғандарына, жаппай ұлттандыруға наразы болған сирия әскері 1961 жылы мемлекеттік төңкеріс жасап, Сирияның бұл одақтан шығатынын жариялады. Ал Мысыр болса тағы да он жыл жалғыз өзі БАР деген атпен мемлекет болып жүрді.
Қайыржан ТӨРЕЖАН