АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Жәрдемақы алғанның бәрі мемлекетке масыл ма?

resWx36uYWpXTtpl9H8DpGZ0Біздің елімізде әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды 4,2 млн адам алады. Деректерге жүгінсек, өткен жылы сол 4,2 млн адамға шамамен 1,1 триллон теңге мемлекеттік төлем төленген. Осы іспетті деректерді тізбелегенде бірқатар шенді-шенеуніктер «халқына мұндай әлеуметтік төлем төлеуге әлемдегі дамыған мемлекеттердің барлығының күші жете бермейді» деседі. Тіпті қайсыбір мамандардың пайымдауынша, соңғы кезде атаулы әлеуметтік мемлекеттік көмектерді өсірген сайын сол көмекті заңды-заңсыз тұрғыда алып қалғысы келетіндердің сапы да күрт өскен. Кезінде бұған қатысты халық қалаулыларының біразы «мұндай жайттарды ескерсек, болашақта біз үшін еңбек қоғамын құру анағұрлым тиімді болмақ. «Еңбекшіл қоғам құру арқылы біз жұмысқа құлқы жоқ, шынайы еңбектенгісі келмейтін жалқаулардан арыламыз. Сондықтан «жатыпішерлердің» еңбекке деген ынтасын ашқанымыз жөн» деген болатын. Тіпті Мәжіліс депутаттарының қатарында «жатыпішерлік туралы» бапты енгізу қажет деген ұсыныс білдіргендер де бар. Ал енді қайтпек керек? Сонда болашақта мемлекеттен жәрдемақы алғанның денін «жатыпішерлер» деп тануымыз керек пе? Осы тұста Алаш айнасы бұл мәселені талдап көруді жөн көрді.

Кезінде күлетіні жоқ, «бір үйде бір сиыр, бір тауық болса, онда ол үйдің жағдайы жақсы. Себебі сиырдың сүтін ішеді, айран сатып алмайды, қаймақ, құрт, май, ірімшік, уыз сатып алмайды. Жұмыртқаны сатса — теңге, бір тауық күнде жұмыртқаласа, он жұмыртқаны бәленбай теңгеден есептей беріңіз және тауықтың етінен сорпа жасап ішеді. Мұндай кірісі бар адамдар жұмыс істемесе де өздерін толық асырай алады» деген шенеуніктер де болды. Бұл енді сол кезде тұп-тура «тоқ бала аш баламен ойнамайдының» керіне келді. Осылайша өркениетті елдерде «мемлекетке масыл болу жоқ» деп салған біраз шенділеріміз халықты мемлекеттің мойына артылудан сақтандырып жүр. Бірақ бұған қатысты біз өзімізше талдау жасап көрдік. Бағамдасақ, өркениетті елдерде анау айтқандай емес, қарапайым еңбеккерлеріне деген құрметі айрықша екен. Біз ауылдағы ағайының қорасындағы 1 тауығы мен 1 сиырын санамалап жүргенде, біраз елдер бұқарасына бірнеше тиімді жайттар қалыптастырып үлгеріпті.

Мысалы, Германияда қандайда бір себеппен бала күтіміне байланысты немесе жұмыстан қысқарып қалуына қатысты үш баласы бар әйел адам үйінде алты ай мерзімнен артық отырар болса өкіметтен арнайы ай сайын 900 (223 200 теңге) еуро жалақы алады. Ал финдік әйелдер 760 (173 600 теңге) евро көлеміндегі жәрдемақы алса, Голландияда мұндай үйде отыратын әйелдерге ең төменгі ай сайынғы төленер жәрдемақы көлемі 300 (74 400 теңге) еуроны құрайды.

Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-сарапшы:

– Мен Германия, Голландия, Жапония елдерінде болдым. Олардың бұл ретте іс-тәжірибесін көзіммен көрдім. Аталмыш елдерде әйел адамның асырауында үш баласы бар ма, ол әйел жұмыссыз ба мемлекеттік органдар дереу оған жәрдемақы рәсімдейді. Ал бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдерге бұл елдерде арнайы жалақы төленеді. Ол жалақының көлемі бала санына қарай 1,3 мың евродан – 1,5 мың евроға дейін есептеледі. Ал бір ғана бала жәрдемақысына қатысты біздегі барлық декреттік төлемдер тек бір жылға арналған. Елімізде бір жастағы баланы ешқайда балабақшаға бере алмайсыз, оның үстіне балабақша тапшылығы сезілуде. Сәйкесінше, осы екі жылда бала күтіміне байланысты әйелдердің басым бөлігі табыссыз қалады. Сондықтан әйелдерге бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыны орташа жалақы деңгейіне өсіре алсақ, жәрдемақыны жалақымен теңестіре алсақ жөн болар еді.

Міне, сарапшыларымыз бір ғана декреттік төлемдерге қатысты осылай деп жатқан тұста «жатыпішерлік туралы бап бізге қажет, оны заңдастыру керек дегендердің де қарасы болды. Жатыпішерлік туралы бапты заңдастырғысы келетіндердің арасында «біз қазірде инновациялық экономикаға бет бұрған мемлекет ретінде алдымен еңбекшіл қоғам құру арқылы халықтың белсенділігін арттырғанымыз абзал. Егер біздің мемлекетімізде халықтың басым бөлігі еңбек қоғамында өмір сүруге ниеттеніп, жоқтан бар жасап, тырбанып тырысса, жалқаулықтан арылса сөзсіз бұл — жақсылықтың нышаны» дегендер де болды.

Дәурен АРЫН, заңгер:

— Қазір біздің мемлекетімізде 4,2 млн халық мемлекетті әлеуметтік көмекке, жүгінеді. Ауылдық аймақтардың халқының 80 пайызы сол мемлекеттен берілетін атаулы көмектерге иек артып күн көріп отырған жайы бар. Тіптен қол аяғы балғадай, қарулы жігіттердің өзі жұмыс істеуден қашқақтап баласына бөлінетін немесе арнайы жұмыссыздықпен қамтуға қатысты мекемелердің тарапынан берілетін жәрдемақыға сеніп күн кешуде. Мұндай үрдістер жалпыға бірдей еңбек қоғамын қалыптастыруға кері ықпал етеді. Демек біз үшін жатыпішерлер мен жалқауларға жауапкершілік жүктейтін арнайы бап болған жөн. Мен мұны қолдаймын. Сондықтан «мұндай бап керек» деп ашып айта аламын. Бұл мемлекеттік бөлінер болмашы жәрдемақыны халықтан «қызғанғаным» емес. Керісінше, біздің халық сол жәрдемақымен күнелтпей, мемлекетке алақан жаймай өздігімен тәуелсіз тұлға ретінде гүлденіп, «өзін-өзі толыққанды қамтамасыз ете алатын деңгейге жетсе екен» деген халыққа жанашыр пейілден туған пікір. Сондықтан мұны теріс түсінбейтін шығарсыздар. Егер біз өркениеттіліктің биігінен көрінгіміз келсе мұндай ұсыныстарға оң көзқарас танытқанымыз жөн…

Жалпы, табысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету турасында сөз еткенде бұған жауапты орган өкілдерінің біразы «мұндай отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуді ұлғайту өмірлік проблемаларын тұрақты шешетін әрекет емес. Ол тек қана жағдайы төмен отбасылардың проблемаларын шешуге бағытталған қосымша әлеуметтік қолдау болып табылады. Ал ең негізгі күшті біз лайықты еңбек жағдайын жасауға бағыттауымыз қажет» деседі. Рас, қазір елде нақ осы еңбек жағдайын жасау мақсатында қолға алынып отырған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы; «Моно-қалаларды дамыту» бағдарламасы; «Өнімділік – 2020» бағдарламалары болжам бойынша 2017 жылдары оң нәтиже бере бастауы тиіс. Бірақ сарапшылардың пайымдауынша, бұл бағдарламаларға қоса жұмыссыздарды жәрдемақымен қамту мәселесі; жұмыссыз азаматқа жәрдемақы төлеу арқылы олардың зейнетақы қорына ай сайын қаржы аударып отыру жайы жетілуі қажет. Осылайша отандық сарапшыларымыз бұқараға мемлекеттік қолдауды сезіндіру керектігін алға тартып отыр.

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы
http://alashainasy.kz/