АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қазақтың жеріне Қошанов шошқаларын асырамақшы[:]

[:kz]

Қазақстан — мұсылман ел. Мұсылмандық таным бойынша, шошқаның етін жеу һәм асырап бағу — харам іс. Десе де, бүйректен сирақ шығарғыш Қарағанды облысында шошқа өнеркәсібін дамыту үшін 200 гектар жер бөлінді. Ал, жобаның жалпы құны 16 млрд теңге көрінеді. 

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов АҚШ-тың AGCO Corporation компаниясының өкілі Томас Ф.Велкені қабылдады. Кездесуде мал шаруашылығы саласындағы ауқымды жобаны жүзеге асыру жайы талқыланған.

Облыстық әкімдіктің мәліметі бойынша, америкалық компания аймақта шошқа өнеркәсібін ғылыми-зерттеу және гибридтік өсіру орталығын құруға кіріспек көрінеді.

Әкімдіктің айтуынша, бұл жоба Қазақстанға жаңа экспорттық мүмкіндіктер береді-міс. Егер мемлекет қолдап, қаржыландырса Бұхар жырау ауданы, Шешенқара ауылының маңынан 16 млрд теңгеге шошқа өнеркәсібінің құрылысы басталмақ.

— Біз бұл жобаны Қазақстанда жүзеге асыру туралы үш жыл бойы талдадық. Сондай-ақ,әлемнің түрлі жерлерінде генетикалық материалды өсіруге қолайлы аймақтарды зерттедік. Ол зерттеуде негізінен бос жер мен еңбек қолжетімділігі сияқты аспектілер қарастырылған. Ең бастысы, азық-түлікпен қамтамасыз етудегі экономикалық тиімділік назарда болды. Бұл жағынан Қазақстан үлкен артықшылықтарға ие , — деді Томас Ф. Вельке.

Оның айтуынша, Вьетнамда және Филиппинде осыған  ұқсас кәсіпорындар бар. Қазақстанда келешекте сол елдермен бәсекеге түсе алатын көрінеді. Әзірге бұл корпорация шошқа етін Қытай мен Ресейге экспорттайды. Ал, генетикалық материалды Еуропадан сатып алу жоспарланыпты. Егер, субсидияларды қаржыландыру мен алуды ойдағыдай жүзеге асырса,  алты айдан кейін кәсіпорынның құрылысы басталмақ. Ал жұмыс 18 айға созылады екен.

Ал аймақ басшысы Қошанов қол астындағыларды инвесторға көмектесуге жұмылдырмақ. Оның айтуынша, бұл тек Қарағанды үшін ғана емес, барша республика үшін де өте тиімді жоба екен.

— Біз оны жүзеге асыруға мүдделіміз. Сондықтан қазірдің өзінде қолдау көрсетіп келеміз және өз үлестерімізді жалғастырамыз . Бұл үшін мемлекеттік тетіктерді іске қосамыз, — деді Ерлан Қошанов.

Түйін

Осылайша, егер мемлекет қолдап, қаржы бөлінсе елімізде “бесінші түліктің” беделі артпақ. Қазақтың таным-түсінігіне қайшы бұл жағдай  Ғ.Мүсіреповтың  “Талпақ танау” әңгімесіндегі колхоз бастығы Сәден мен бесінші түлікті баққан қазақ шалы Есенді еске түсіреді екен… Қошанов елдің жайын түзеймін деп жүріп, қазақты шоқындырып жібермесе болғаны…

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

 

[:]