АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Коронавирусты алғашқы белгілерінен-ақ «жойып жіберетін» қытайлық препаратқа қатысты мамандар пікір білдірді[:]

[:kz]

Елдегі дәрі-дәрмек тапшылығы кезінде дәріхана кезіп, шарқ ұрған халық қайдан көмек күтерін білмей дал. Әлеуметтік желілерде түрлі «атақты» дәрігерлерді емдеу схемалары мен өздеріне көмектескен дәрі-дәрмек туралы ақпаратпен бөлісіп жатқан жайы бар. Соңғы кезде тіпті танымал тұлғалар да «қытайлықтардың өзі осымен емделіп жатыр» деген желеумен бір дәрінің сурет жариялауда. Ғаламторда үлкен сұранысқа ие болып отырған қытайлық дәрінің коронавирусты емдейтіні рас па? Stan.kz тілшісі анықтап көрді.

«Ляньхуа Цинвень Цзяонан» деп аталатын қытайлық дәрі көптің аузында жүр. Сатушылардың айтуынша, аталмыш дәрі коронавирустың бастапқы симптомдарымен күресіп, вирустан айығып шығуға септігін тигізеді екен. Ел арасында үлкен сұранысқа ие болған бұл препаратты танымал қазақстандық азаматтар да жарнамалауды әлдеқашан бастап кеткен. Алайда дәрінің лицензиясы мен халықаралық патенттелмеген атауына келгенде ешкімнің бұған қатысты қайтарар тұшымды жауабы жоқ.

 

Stan.kz тілшісі дәрі сатушысына хабарласып, препараттың бағасын, құрамын анықтап көрді.

Сатушының айтуынша, бұл дәріні ол өзі үшін тапсырыспен Қытайдан алдырған екен. Бірақ туыстарының арасында ауырып жатқандардың саны артқан соң, оларға да ұсыныпты. Осылайша саудагер дәріханалардың табалдырығын тоздырып, ұзын-сонар кезекте тұрып шаршаған қазақстандықтарға көмек көрсету мақсатында «ғажап» дәрілерді Қытайдан арнайы тапсырыс беріп, сатуды жөн көрген. Өз сөзінде саудагер дәрінің 200 қорабына тапсырыс бергендігін, ал бүгінде оның 20 қорабы қалғанын және бұдан кейін дәріге тапсырыс бермейтіндігін айтып, ескертті.

Айтуынша, құны 2000 теңге тұратын бұл дәрінің қасиеті ұшан-теңіз: дене қызуын төмендетеді, вирусқа қарсы тұрады, ағзадағы бактерияларды жояды, иммунитеттің қорғанысын күшейтіп, вирусқа қарсы қызметін арттыра түсіреді. Құрамында саналуан шөптер бар, бірін білсеңіз, бірін білмейсіз. Дәрінің ең мықты қасиеті — әлемді жалмап жатқан індетке қарсы тұруында, ол коронавирусты алғашқы белгілерінен-ақ жойып, аз уақыттың ішінде ғана науқасты аяқтан тұрғызып жіберетін күшке ие деседі саудагер. 

Күніне дәрінің 12 данасын, тамақтан кейін үш мезгіл 4 данадан қабылдау керек екен. Сатушының сөзінше, дәрінің ешқандай зияны жоқ, жанама әсер тудырмайды, себебі оның құрамында дәрумендерге бай табиғи шөптер және крахмал бар екен. Оны тіпті жүкті әйелдер мен балаларға да қабылдауға рұқсат етілген. Ал дәрінің лицензиясы жайлы сұрақ қойғанымызда, сатушы кідіріп, оның ішінде керекті қағазы бар екенін айтып, сұрақтан жалтаруға тырысты. Дәрінің құрамын жіберген соң, егер сенімді болмасаңыз ішудің керегі жоқ, қорқып, күмәнмен қабылдасаңыз ешқандай да пайдасы болмайды, деп ескертті. 

Бұл дәрінің расымен де аталған емдік қасиетінің бар-жоғын білу үшін білікті жалпы тәжірибелі дәрігерге хабарласып, жауап алдық. Медицина саласында 15 жылдан астам еңбек өтілі бар Жайлаубаева Роза Қыдырбайқызы аталмыш дәрі жайлы естігенін айтты. Алайда тәжірбиелі дәрігердің айтуынша, ешқандай да препарат осыншама емдік қасиетке ие бола алмайды. Тіпті, бұл  дәрінің шынымен де емдейтін қасиетінің барына күмән келтірді.

«Бәлкім бұл препарат «пустышка» шығар, адам өз-өзін сендіру арқылы ағзасына көмек көрсетіп жатқан да шығар. Егер бұл дәрі саудагерлер айтқандай коронавирусты емдесе, онда неге Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы бұл дәріден бейхабар. Сайып келгенде, коронавирустың екінші толқынымен күресіп жатқан қытайлықтардың өздері де бұл дәріден хабарсыз болып шыққаны ма? Коронавирусқа қарсы дәрі әлі шыққан жоқ, шыққан күннің өзінде де оған аз дегенде жарты жыл көлемінде тексеру сынақтары жүргізіледі, өйткені дәрі барлық жағынан сыналу керек. Мәселен, ешқандай да жанама аурулары жоқ, сау адамға жарап жатса, жүрек жетіспеушілігіне шалдыққан немесе қант диабеті бар адамға зиян болуы мүмкін. Сондықтан да ауруға қарсы дәрі толықтай зерттеліп, барлық сынақтардан өткеннен кейін ғана қолданысқа жіберіледі. Құрамын да қарап көрдім, 8 түрлі шөптен тұрады екен, қабылдау дозасы да тым көп, күніне 12 дәріні тек ЖИТС-пен ауыратын адамдар ғана қабылдайды. Сонымен қатар, құрамындағы шөптің біріне аллергия туындауы мүмкін, аллергияның да түр-түрі болады, тіпті өлімге әкеліп соғуы мүмкін, сондықтан дәрігер ретінде тексерілмеген дәріні қабылдауға кеңес бермеймін», — дейді дәрігер.

Дәрігердің пікірін белген соң Алматы қаласы әкімдігінің дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаевтың пікірін білдік.

 «Әрбір шетелден әкелінген дәрі-дәрмекте міндетті түрде заңға сәйкес рұқсат қағаздары болуы керек, зертханалық талдаулардан өткізілу керек. Оның нәтижесін алғаннан кейін ғана елде сатуға болады. Қазір ғаламторда көптеген Қытайдың тауарлары мен дәрілері сатылады, алайда ол не дәрі, қалай қолданылатынын біз білмейміз ғой. Адамның денсаулығы ойыншық емес. Бірден алып сата берсе, ол ағзаға зиян болуы мүмкін, сол үшін ол міндетті түрде лабораториялық тестен өтуі керек, екіншіден, заң аясында барлық құжаттарды алғаннан кейін ғана сатуға болады. Дәріханаларға әкеліп сата беру бізде жоқ, өйткені бізде бұған қатысты заң бар. Заңда қандай тәртіппен медициналық құралдарды, дәрі-дәрмектерді алып келуге болатыны, оларды халыққа сатқан кезде қандай процедуралардан, кезеңдерден өту керектігі жазылған. Егер білмей сататын болса, біз білмейміз ғой у шығар, елдің бәрі қырылып қалуы мүмкін, ол адамдардың денсаулығы ғой. Қытайлық дәрілерді көріп жатырмыз, бірақ оны қалай пайдалану керектігін лабораториялық нәтижесін алғаннан кейін ғана білуге болады», — дейді маман.

Жауапты тұлғалар мен дәрігерлердің пікірі бір жерден шықса, әлеуметтік желіде мыңдаған жазылушылары бар азаматтар осы дәрінің ғана көмегі тиді деп жазып жатыр. Ал құрамын аз-мұз зерттеп жүрген ел тұрғындары «бұл жәй ғана «Антигриппиннің» аналогы» дейді, «бәлкім жеңіл-желпі тұмауда көмектесер, ауыр дертке шалдыққандарға көмектесуі екіталай, қиын-қыстау кезінде тиын жасап жатқандардың әрекеті» деп бағалайды. 

 

Дайындаған: Сабина НҰРҒАЛИ

[:]