[:kz]
Қырғыз үкіметі Қытай ұсынысы тиімсіз деп тапса, 2020 жылғы қарызды толық көлемде төлейді
Мемлекеттік қарызды қайтаруды кейінге шегеру туралы Қырғызстан ұсынысына құлақ асқан Қытай ақшаны төлеудің жаңа шарттарын ұсынды. Ол бойынша, Бішкек қарызды төрт жыл бөлеп төлегені үшін берешегінің үстіне 2 пайыз өсімпұл төлеуі тиіс.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, ел үкіметі Қытайдың жаңа шарты бойынша әлі түпкілікті шешім қабылдамаған.
«График бойынша, біз 2020 жылы Қытайға 35 млн доллардай беруіміз керек. Қытай жағы бұл соманы төрт жылға ғана шегеруге келісіп отыр, бірақ біз 2 пайыздық үстемақы төлеуіміз керек. Соңғы шешім шығарған жоқпыз. 2% үстемақы осы 35 млн доллардан есептеледі» деді Қырғызстан қаржы министрлігі мемлекеттік қарыз басқармасындың бөлім бастығы Жантай Тентимишев.
Қырғыз үкіметі Қытай ұсынысы тиімсіз деп тапса, 2020 жылғы қарызды толық көлемде төлейді. Бұған бюджетте ақша қарастырылған. Тентимишевтің айтуынша, Бішкек республикалық бюджетке артылған салмақты жеңілдету үшін ғана қарызды кейінгі шегеруді өтінген.
Қырғызстан премьер-министрінің міндетін атқарушы Артем Новиковтың айтуынша, 2 пайыздық үстемақы үкімет белгілеген жеңілдік параметрінің аясына кіреді. Дегенмен бұл мәселе бойынша келіссөз әлі аяқталған жоқ дейді Новиков.
Қытай қазіргі 35 млн қарызды 2022-24 жылдары бөліп төлеуді ұсынып отыр. Алайда бұл Қырғызстанның алдағы жылдардағы Қытай алдындағы берешегін кейінге шегермейді. График бойынша, алдағы жылдары да Бішкек Пекинге шамамен 35 млн доллардан қайтарып отыруы тиіс.
Биылғы көктем мен жазда Қырғызстан президенті пен үкіметінің сыртқы әріптестермен арада қозғаған басты тақырыбы – қарызды кейінге шегеру мәселесі болған. Қырғыз жағы коронавирус пандемиясы кесірінен экономикасының нашарлағанын айтып, қарыз берушілерді көндіруге тырысқан.
Қырғызстанның сыртқы қарызды қайтаруға жұмсайтын ақшасы жыл сайын ұлғайып барады. Он жыл ішінде сыртқы қарызды жабуға төленетін ақша көлемі 4 есе артқан. Ал осы аралықта Қырғызстанның республикалық бюджетінің жалпы шығыс көлемі екі есе ғана өскен.
Skifnews.kz ақпарат порталы
[:]