[:kz]
«Қазақстандағы №1 нутрициолог боласыздар». Бір топ қазақстандықтар осындай уәде берген «Health Academy» денсаулық академиясының жұмысына наразы. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қызылорда қаласының тұрғыны, көп балалы ана Синай Әмірханова – “Health Academy” академиясында онлайн білім алған жандардың бірі. Негізгі кеңсесі Алматы қаласында орналасқан оқу орталығының дәрісін ол сегіз айға жуық тыңдаған. Жас келіншек академияға 500 мың теңге төлегенін айтады, алайда оқудың сапасына еш көңілі толмағанын жасырмайды.
“Мен бұл академия туралы әлеуметтік желілерден білдім. Оның үстіне оқу орталығының SMM маманы үгіттеді. Танымал әнші Мәдина Сәдуақасова, блогер Балқия Балтабай секілді тұлғалардың жасаған жарнамасына да сендім. Білікті нутрициолог болып, жеке кабинеттеріңді ашып жұмыс жасай аласыңдар деді. Академия басшысы Талшын Артыққызы курс барысында анализдерді талдауды, балалардың ас қорыту физиологиясын, детоксикация жасау, ішек ауруларын және индивидуальды емдеуді үйретемін деді. Барлық сертификаттарым бар. 500 мың теңгені банктен несие арқылы алдым, бірақ маған ешқандай фискальды чек берілмеді. Алайда академия оқу бітіргеннен кейін берген дипломы мен сертификаттары еш жарамсыз екен. Жеке кәсібімді ашуға кірістер департаментіне барғанымда мамандары тіркеуден бас тартты. Осылайша академияға алданып қалдым”, — дейді қызылордалық келіншек.
Гүлдана Аманбай да аталмыш академияның қызметіне жүгінген. Бүгінде ол Алматы қаласындағы клиникалардың бірінде анестезист болып еңбек етеді. Декреттік демалысы кезінде жаңа бағытта білім алып, жеке нутрициолог кабинетін ашуды жоспарлаған екен. Алайда ол қомақты қаражатым желге ұшты деп ашынады.
“Қазір мен білетін 30-дан астам білім алушы әділдік іздеп шырылдап жүр. Біз академия ақшамызды қайтарып беруін талап етеміз. Оқуға 500 мың төледім, сол қаржыға тұрарлық білім берілген жоқ. Ғаламтордағы орысша мәліметтерді бізге аударып бере салған. Кері байланыс болмады. Академияның жарнамасына алданып қалдық. Бізге көп уәде берілген еді, өкінішке қарай, ешқайсысы орындалмады. Дипломымыз бен сертификаттарымыз ешнәрсеге жарамай қалды”, — деп ашынады Гүлдана Аманбай.
Бүгінде “Health Academy” академиясын тәмамдаған бір топ қазақстандықтар әділдік іздеп құқық қорғау органдарына жүгінген. Шағымданушылардың айтуынша, олардың арызы негізінде тиісті тергеу шаралары жүргізілуде. Алайда оқу орталығының жұмысы тоқтаған жоқ. Қазірдің өзінде академия Instagram әлеуметтік желісі арқылы жарнамасын жүргізіп, көпшілікті нутрициология бойынша білім алуға шақырып жатыр.
“Мен Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тұрғынымын. Академияның дипломы бар нутрициолог мамандарын даярлаймыз деген жарнамасына қызықтым. Академияның жұмысын Талшын Артыққызы мен күйеуі Елдар Оспанов жүргізді. Сабақ онлайн форматта өткендіктен келісімшартқа қол қойылмады. Дипломды алғаннан кейін оның ешқандай күші жоқ екенін білдім. Заңсыз жарамсыз құжатты алу үшін бір жылға жуық уақытым мен қомақты қаражатым кетті. Сабақ барысында берілген ақпарат сапасыз желіден алынған болып шықты”, — дейді Айжан Усманова есімді тағы бір білім алушы.
Болған жағдайды анықтау үшін, сайт тілшісі “Health Academy” денсаулық академиясына хабарласқан болатын. Оқу орталығының басшылығы болып жатқан келеңсіз жағдай туралы хабардар болып шықты, арнайы жалдаған заңгері ресми мәлімет берген болатын.
“Аталмыш академия 2021 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Қосалқы білім беру қызметтерін жүзеге асыруда. “Health Academy” дұрыс тамақтануға қатысты ақпараттық білім беретін мекеме болғандықтан, мұнда оқыған шәкірттер алған білімдерін текжеке өздерінің дұрыс тамақтануына пайдалана алады. Ал медицина, химия және биология білімдері бар шәкірттер дұрыс тамақтану бойынша кеңесші болып, «Health Academy» алған білімдерін тәжірибеде қолдана алады”, — деп жауап берді академия адвокаты Қадыржан Молдашәріп.
Қазір шағымданушы тарап құзырлы органдарының жұмыс нәтижесін күтуде.
“Адырна” ұлттық порталы
[:]