[:kz]
Алматыда ҚР Президенттің Жолдауына қолдау білдіру мақсатында білім өкілдерінің қатысуымен Демократиялық күштер «Қазақстан-2050» коалициясының кезекті кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлады «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі.
Демократиялық күштер «Қазақстан-2050» коалициясының кезекті кеңейтілген отырысына қатысушылар жаңа бағдарламалық құжатта білім беру жүйесін түбегейлі реформалау, еңбекті қорғау туралы және мұғалімдердің кəсіптік қызметтерін атқарумен байланысты емес қосымша жауапкершіліктерді төмендету, педагог кадрларды даярлау, өскелең ұрпаққа білім беруді жақсарту, ұстаздардың еңбекақы төлеу жүйесін арттыру сияқты бірқатар мәселелер ұсынылғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының Жолдауы қазіргі таңда жүргізіліп отырған саясаттың әлеуметтік салаға бағытталғандығының тағы бір дәлелі болса керек. Ел өркендеуінің бастауы болып табылатын білім беру жүйесін кемелдендіру бағытындағы, «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігі туралы бастама білім сапасын жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Құжатта мұғалімдерді артық тексерулерден қорғау мен оқу жүктемесін азайту қарастырылатын болады, — деді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.
Кездесуге қатысушылардың пікірінше, заңның қабылдануы бүгінгі күні педагогтардың алдында тұрған көптеген мәселелерді шешуге, білім беру саласындағы кездейсоқ адамдардан арылуға, жастардың бойында зияткерлік қабілетін дамыту үшін жаңа тәсілдер мен жалпы стандарттарды әзірлеуге мүмкіндік береді. Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанның демократиялық күштері коалициясының бірлескен Үндеуі қабылданды.
Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген барлық стратегиялық бастамаларға жан-жақты қолдау білдіреді. Елбасы ұсынған теңдессіз шаралар уақытылы және реформаларды әрі қарай жалғастырып, қоғам мен мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді тетік болып табылады. Ең төменгі жалақы мөлшерін өсіру, білім, ғылым, денсаулық сақтауға жұмсалатын қаражатты көбейту, қолжетімді баспанамен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызмет сапасын арттыру, кедергісіз орта қалыптастыру – әр қазақстандық отбасының тұрмыс сапасын арттыратын негізгі тетіктер. Түптеп келгенде, бұл – тұрмыс сапасын әлемдік стандарттарға жеткізуге бағытталған нақты қадамдар. Қазақстан Президентінің Жолдауы әлеуметтік әділеттіліктің қағидалары мен әлеуметтік мемлекеттің құндылықтары еліміздің ең басты стратегиялық басымдықтары, ал қазақстандықтардың әл-ауқаты мен ұлттық мүдде Елбасы саясатының негізі болып қала беретінін тағы бір мәрте көрсетіп берді. Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері әлеуметтік жаңғыру жөніндегі Қазақстан халқына арналған Жолдау мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасында көрсетілген ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға белсенді қатысады.
Темірлан АЛМАС
[:]