АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Өңешіне мақта қалдырып кеткен»: Елордада отадан соң адам танымастай күйге түскен сәбидің анасы жанайқайын айтты (фото) [:]

[:kz]

Нұр-Сұлтандағы «Ана мен бала» орталығында бір жасар ұлына ем алып жатқан Арайлым Қайратқызы KAZ.NUR.KZ тілшісіне хабарласып, сәбиінің ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.

Келіншектің мәліметінше, ұлына ота жасаған дәрігер өңешке қойылған мақтаны алуды ұмытып кеткен.

Осылайша, 15 минут бойы миына ауа бармаған кішкентай Жантөренің жағдайы күрт нашарлаған. Қазір дәрігерлер баланың өмірі үшін күресуде.

«Балам иегін ұстай алмайтын…

» Арайлым Қайратқызының айтуынша, ұлы Жантөренің астыңғы иегі әлсіз болып туылған. Дамудың барлық сатысынан дұрыс өтіп келе жатқан сәбиге иегін ұстай алмағаны кедергі келтіреді.

Олар отбасымен ақылдаса келе, ұлының жақ сүйегін қатайтатын ота жасауды қолға алады. «Желтоқсан айында, ұлыма сегіз ай толғанда елордаға келіп, Жантөренің жақ сүйегін нығайту үшін арнайы аппарат салдырдық. Бұл аппарат елімізде жоқ, мемлекет тапсырысымен арнайы Германиядан әкелінді. Ота сәтті өтті де, біз қаңтардың аяғында үйімізге келдік.

Мамыр айында жоспар бойынша бізге тағы бір ота жасалды.

Бұл ота алдыңғымен салыстырғанда қиын емес, бар болғаны, ұлымның жақ сүйегіне салынған аппаратты алып тастау керек еді. Ең қиыны артта қалған соң, бұл отаға ешқандай қорқынышсыз келдік. Бірақ жағдай біз ойлағандай болмады. 19 мамыр күні ота жасалған соң ұлымды дереу қолыма беруге тиіс болатын.

Бірақ маған баланы 21 мамырда әкелді.

Отадан соң ұлымды танымай қалдым.

Оның басы шалқақтап, денесі тырысып қалған. Ес-түссіз жатыр. Үсті-басы көгіс тартып кеткен. Қанша ауыр болса да айтайын, ұлым Жантөрені қолыма жартылай өлі күйінде ұстатты», — дейді Арайлым.

Жантөре Олжасұлының жасы бірден енді асты. Отадан кейін сәбиді ата-анасы танымай қалған, бүлдіршін әлі күнге дейін ес-түссіз жатыр. «Отадан кейін ұлымды танымай қалдым…»

«Бізге ұлымның неліктен мұндай күйге түскені жұмбақ болды. Тіпті маған көмектесуге келген күйеуім қатты қорықты. Өйткені, Жантөрені қолына ала бергенде ол құрысып қалды (судороги).

Бір жасқа дейін ұлымда мұндай жағдай кездеспеген мүлде. Бір шикілік барын біліп, дәрігерлерден сұрағанымда, олар ештеңені ашып айтпады. МРТ-ға түсірді, барлық тексеруден өткізді, бірақ ұлымның неліктен ес-түссіз жатқанын ешкім түсіндірмеді. Тек сол ортадағы бір адамнан ғана ұлымның өңешіне қойылған мақтаның отадан соң қалып кеткенін естідім.

Ота жасаған дәрігер баланың өкпесіне, ішкі құрылысына қан кетпеуі үшін өңешін мақтамен бітеп қойған. Бірақ ота аяқталған соң әлгі мақтаны алуды ұмытып кетіпті. Соның салдарынан баланың миына 15 минут бойы ауа бармаған. Баланың мүшкіл халін байқаған анестезиолог қана мақтаны алып тастайды.

Өкінішке қарай, баламыз әлі қалпына келген жоқ. Оны қайтадан жансақтау бөліміне алып кетті, дене қызуы сәт сайын көтеріліп, тұрақталар емес. Жағдайы не болары белгісіз. Отаға дейінгі Жантөре. Фото: жеке мұрағат Ұлыма ота жасаған дәрігер өз кінәсін мойындап, бізге көмектесемін деп уәде берген. Қан талдаулары мен МРТ нәтижесін Ресейдің, Еуропаның дәрігерлеріне көрсететінін айтты. Бірақ содан бері ештеңе өзгермеді.

Уәде құр сөз күйінде қалды. Ұлыма қарап жатқан ешкім жоқ, сол бір қалыпта жатыр. Әлі есін жимады. Ал ота болған күні қосалқы құралдарға жауап беретін медбике өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Жантөреге ота жасаған дәрігер де жоқ, телефоны сөндірулі. Жұмысқа шықпаған. Ұлымның кішігірім дертін емдейміз деп жүргенде, дәрігер қателігінен өмірін қатерге тіктік», — деп көзіне жас алды Жантөренің анасы.

«Ота жасаған дәрігерден хабар жоқ…»

19 мамырдан бері аурухана төсегіне таңылған Арайлым Қайратқызы ешқандай тіршілік белгісі байқалмайтын ұлы үшін жанұшыра көмек сұрады. Ол дәрігерлердің бейқамдығынан тұтастай бір отбасыға, бір әулетке үлкен нұқсан келгенін айтты.

Келіншектің айтуынша, өз оқиғасын әлеуметтік желіге жариялаған соң орталық басшылары да қысым көрсете бастаған. «Орталық басшылары өз қатесін мойындап тұр. Тіпті осы айтқан сөздерінің аудиодәлелі де бар. Балама мойын бұрып қарап жатқан ешкім жоқ, оны жартылай өлі күйінде қасыма тастап кетті. Ота жасап, өңешін жауып қойған дәрігер ұшты-күйлі жоқ. Медбике жұмыстан шығып кеткен.

Сонда кім жауап береді? Мен ұлымды мұнда мүгедек қылу үшін әкелдім бе? Кеше орталық басшысының орынбасары келіп, маған даусын көтеріп сөйледі. «Қате кетті, мойындаймыз», — деп отыр. Бірақ баланың емделіп кететініне ешкім кепілдік бере алмайды. Осы орайда, бұл жағдайға ешкімнің бей-жай қарамауын, Денсаулық сақтау министрлігі істі назарға алып, баламды өлі мен тірінің арасына тастап кеткендер жазалануын сұраймын», — деді Арайлым Қайратқызы.

Аталған жағдайға байланысты KAZ.NUR.KZ тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқан болатын. Аталған министрлік өкілі «Ана мен бала» орталығы олардың құзыретіне кірмейтінін, Назарбаев университетіне бағынатынын айтты. Ал Назарбаев университетінің қабылдау бөліміндегілер «Ана мен бала» орталығы екі жылдан бері өз бетінше жұмыс істейтін бөлек мекеме екенін мәлімдеді.

Орталықтың ғаламторда көрсетілген нөмірлері қоңырауға жауап бермейді. Сондай-ақ Жантөре Олжасұлына жауапты болып кейіннен бекітілген дәрігер Алмас Жақсылықұлы да телефон тұтқасын көтерген жоқ.

Бір жасар Жантөре Бейбіттің ата-анасы ұлының отасына салғырт қараған дәрігерлердің үстінен Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Денсаулық сақтау министрлігіне арыз түсірді. 

KAZ.NUR.KZ бұл оқиғаны назарда ұстайды.

 

 

kaz.nur.kz

 

[:]