АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Польша-Беларусь шекарасындағы жағдай шиеленісті[:]

[:kz]

 

Польша мен Беларусь шекарасындағы мигранттар тобы қоршаудан өтіп, Еуропа одағының аумағына кірген. Олар шекарадағы қоршауды екі жерден бұзған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Ел аумағына енген босқындардың бір бөлігін тұтқындаған, қалғандарын іздестіріп жатыр. Польша президенті Беларусь үкіметін мемлекет шекарасына шабуыл жасады деп айыптады. Варшаваның ресми мәлімдемесіне сәйкес, өткен тәулікте ғана босқындар 300 рет ел аумағына заңсыз кірмекші болған. Таяу шығыстан келген босқындар тікенді сымнан жасалған қоршауды тістеуіктің және құлаған ағаштардың көмегімен бұзуға тырысқан. Оларды тарату үшін арнайы қызмет өкілдері көз жасаурататын газ қолданды. 

 

«Халықаралық ұйым жағдайды бақылап отыр. Мен тек көрші елдер жайлы ғана емес, Еуропаның батысы мен орталығындағы мемлекеттер туралы айтып отырмын. Олардың беретін бағасы белгілі. Беларусьтегі режим Польша және Еуропа одағының шекарасына айтарлықтай зиян тигізіп жатыр», — деп мәлімдеді Польша президенті Анджей Дуда. 

Польша арнайы қызметінің мәліметінше, қазір Беларусь аумағындағы босқындар саны 12 мыңнан 15 мыңға дейін жеткен. Басым бөлігі ирактық күрдтер екен. Олар шекара маңына 8 қарашадан бастап келе бастаған. Босқындар өздерінің Германия аумағына өткісі келетінін айтқан. 

«Reuters» агенттігіне мәлім болғандай, Еуропа одағы босқындар үшін Минскіге санкция енгізбекші. Бұл тізімге 30 беларусь азаматы мен компаниялар қосылуы мүмкін. Олардың ішінде «Белавиа» мен Сыртқы істер министрлігі де бар екен. Польша премьер-министрі өз елінің еуропалық санкцияны кеңейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Шектеулер келесі аптада күшіне енеді деп күтілуде.

[:]