АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Ақын-жыраулар мен билердің шешендік сөз өнеріндегі тәлім-тәрбиелік ойлар

АҚЫН–ЖЫРАУЛАР МЕН БИЛЕРДIҢ ШЕШЕНДIК СӨЗ ӨНЕРIНДЕГI ТӘЛIМДIК ОЙЛАР

 

ХҮ-ХҮІІІ ғ.ғ. ақын-жыраулардың тәлімдік идеялары. Билердің шешендік сөз өнерінің үлгі-өнегесі

 

  1. Асанқайғы Сәбитұлы, Шалкиiз Тiленшiұлының этнопедагогикалық ой-пікірлері.
  2. Ақтамбердi Сарыұлы Бұхар Жыраудың тәлімдік ойлары.
  3. Билердiң шешендiк сөз өнерiнiң үлгi-өнегесi.

Қазақ мемлекеттiгi құрыла бастаған заманда хандар мен сұлтандардың өздерi iрiктеп алған жыраулары — хан мен қараның дәнекершiсi болды. Олар ханның ел басқару жетiстiгiн мадақтап қана қоймай, сондай-ақ қалың жұрттың мұң-мұқтажын және тiлегiн жеткiзетiн өрен ақындар едi. Жыраулардың ақындардан ерекшелiгi сол, олар халық рухына, ел бiрлестiгiне, хандардың билiк өнерiн жетiлдiруге белсене араласатын болды. Солардың бiрi – дала философы атанған Асанқайғы Сәбитұлы (ХIV-ХV) халық есiнде абыз, философ, ақын болып, мәңгi жатталып қалған. Оның бар ғұмыры халықпен бiте қайнасып өткен. Ауызбiрлiгi жетiспеген ортада елiнiң ертеңiн, қамын ойлап, үнемi мұңға батып жүретiндiктен замандастары оны “Асанқайғы” атап кеткен. Аңыз-әңгiмелерде Асанқайғы жүзден асып көп жасаған, үнемi ел кезiп сыншыл көзқарасты қалыптастырған Елдi ауызына қаратқан, көшпендiлердiң мiнез-құлқын жетiк бiлген, дәстүрлерiн құрметтеген ақылды, дана, сәуегей баба атанған.

Ол ХV ғ. Алтын Орда ханының, соның iшiнде ұлы Мұхамедтiң кеңесшiсi болған. Қазан қаласынан Дештi Қыпшақ жерiне қайтып оралған Асанқайғы Алтын Орданың орнында пайда болған ұсақ -хандықтардың өмiрi ұзаққа созылмайтынын болжай бiлген. Асанқайғы, Керей, Жәнiбек сұлтандар бастаған қазақ руларының Әбiлхайыр хандарынан бөлiнуiн жақтайды. Бiрақ сұлтандардың қазақтарды Жайық пен Жем бойына қоныстандырмақ ниеттерiн де құптамайды. Асанқайғы өз халқының “Жерұйығын” Шу, Сарысу бойынан, Ұлытау төңiрегiнен iздеуге тiкелей араласады. Сондағы дiттегенi: ежелгi скиф, қыпшақ даласынан безбеу, ел iргесiнiң берiк, ағайын ұжымының күштi болуы, “Ел бiрлiгiн нығайту, халық ауызбiрлiктi болса, мемлекеттiк билiк те берiк болады, ондай ел ешкiмге есе берiп, жеңiлмейдi” деген тоқтам.

Асанқайғы дүниетанымында адамгершiлiк мәселесi негiзгi орын алады. Асанқайғы адамның өзiн-өзi танып бiлуiн, ашылып түсiнуiн, өмiрдегi орны мен деңгейiн дұрыс бағалайтын, әрекет-қимылдарын сын тұрғысынан саралай алатын қабiлетiн адамгершiлiктiң түпнұсқасына балайды. Оның өмiрге деген парасатты көзқарасы, елiне деген бекем сүйiспеншiлiгi, адамдықты құрметтей бiлген қабiлетi қазақ халқының сана-сезiмiн жаңа сатыға көтеруге зор ықпал еттi.

Күнiнде өзiм болдым деп,

Кең пейiлге таласпа.

Ғылымым жұрттан асты деп

Кеңессiз сөз бастама.

Жеңемiн деп бiреудi

Өтiрiк сөзбен қостама – деп,

Асанқайғы азаматтық мiндеттiң жүгiне, күнделiктi нақты түрiне көңiл бөледi. Кiсiлiк қасиеттер — адамгершiлiк пен бiрлiктiң құт-берекесi. Асанқайғының ұғымында, жұртты бай, кедей деп немесе үлкен-кiшi деп жiктеу, бөлу жарамсыз. Ел-жұрт үшiн бәрiнiң де мiнез-құлқының жақсы болуы қажеттi, өзара оңды қарым-қатынас жасауы орынды. Абыздың пайымдағаны: “Таза мiнсiз асыл тас, су түбiнде жатады. Таза мiнсiз асыл сөз, ой түбiнде жатады”. Асанқайғы сөздiң нарқы мен парқын бiлiп, қадiрiн түсiнген шешен. Ол кiмнен болса да қасиеттiң рухын күттi. Өмiр сүрудiң негiзгi мәнi туралы айта келiп, Асанқайғы жақсылардан үлгi алып, жамандардан бойды аулақ салудың қажеттiлiгiн, жас ұрпақтың ата-анасын, үлкендердi сыйлап қастерлеуiн, олардың ақылын тыңдап үнемi басшылыққа алуын, iзгi ниеттi жайсаң жан болып өсу қажеттiгiн еске салады. Осыған орай жыраудың: “Арғымаққа мiндiм деп, артқы топтан адаспа, артық үшiн айтысып, достарыңмен сынаспа” немесе “Қарындасыңды жамандап, өзiңе туған табылмас” деген сөздерiнiң тәлiм-тәрбиелiк мәнi зор. Оның толғауларында адамға деген мейiрiмдiлiк, қайырымдылық, сұйiспеншiлiк қай жағынан болса да, бiрiн-бiрi толықтырып жатады, туған-туыстармен тiл тигiзiп қырқыспайтын, бет жыртысып көңiл қалдырмайтын татулық сезiмi айқын бiлiнедi.

 “Мiнезi жаман адамға, ендi қайтiп жуыспа. Тәуiр көрер кiсiңмен, жалған айтып суыспа”- деген өсиеттi ұстайды. Жырау бiрде: “Ғылымым жұрттан асты деп, кеңессiз сөз бастама” дейдi. Сөз астарында өзiм болдымдыққа салынып тоқмейiлсiме, жеңiл мiнездiлiкке ерме деген уағыз сарыны аңғарылады.

“Есенiңде, тiрiңде, бiр болыңыз бәрiңiз” деп халықты бiрлiкке шақырады. Онсыз “Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар” деп ертеңгi күнге бұлыңғырлық төнiп қалар деген болжамын еске салады. Адамдық ұстаным — борышты мiндеттердiң жауапты саласы. Оны бұзушылық — ойшыл үшiн жат құбылыс. Абыз әдептiлiк сұранысын былай түйiндейдi:

“Естi көрсең кем деме, бәрi тұйғын табылмас”;

“Нәпсi алдаушы дұспанның, насихатын алмағұл,

 Бақыты оянған ерлердiң, әрбiр iсi оң болар”;

“Сөз сөйлесе жөн бiлiп, не десе де жарасар”;

“Ауылдағы жамандар, ел қадiрiн не бiлсiн!”.

Болатын адам, өсетiн ел тәуiр көретiнмен жалған айтып суыспайды, болмайтын нәрсеге кiжiнесiп, желке құрыстырып ұрыспайды.

Әдептiлiктiң әр қыры мен сыры — бақыт көрiнiсiне лайық. Дегенмен бақыт — адамға деген ерекше сыйласу мен махаббат сезiмнiң үйлесiмi мен иiрiмi. Бақытты жандар ғана өзара түсiнiсе де, жақындаса да, бiрiге де алады.

Бақытқа кедергi — ағайын мен ел арасындары бiтiмсiздiк,  ондағы мүдде  алшақтығы,   қасиет  кенжелiгi,  сөйлесу қағидасының  бұзылуы. Сөйлесуде өзара түсiнiк жетiспесе, онда үйлесiмдiлiктiң, ынтымақтың болуы   мүмкiн   еместiгiн,  зияндық — күйзелiс көрiнiсi, адамгершiлiктегi ғарiптiк белгiсi.

Бұл заманда не ғарiп?

Ақ қалалы боз ғарiп,

Жақсыларға айтпаған

Асыл, шығын сөз ғарiп;

Замандасы болмаса,

Қариялар болар тез ғарiп;

Қадiрiн жеңге бiлмесе

Бойға жеткен қыз ғарiп;

Ел жағалай қонбаса,

Бетегелi бел ғарiп,

Қаз-үйрегi болмаса,

Айдын-шалқар көл ғарiп;

Ата жұрты бұқара

Өз қолыңда болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғарiп.

Адамның iшкi дертi азғындаған уақытта, замандағы ғарiптiң түрi де, зардабы да көбеймек. Ғарiптiк — заман ағысы адамзат тiршiлiгiне ыңғайсыз жағдайда дерт болып асқындамақ. Бiрақ ақын заманды құрастырушы мен билеушiлердiң мiнез-құлқын, iс-әрекетiн сынап мiнедi. Адамын тану арқылы ақын заманды тануға, заманның ағымын пайымдауға талпынды. Мұраты биiк адам мен ұрпақ қана заманды өз талаптарына сай дұрыстауға ықылас-ынта бiлдiредi..

Асанқайғы — экологиялық тәрбие төңiрегiнде сөз қозғаған қазақтың тұңғыш ойшылдарының бiрегейi. Оның толғауларында қазақ даласының сұлулығы, жер байлығы, аң-құстар тыныс-тiршiлiгi, олардың географиялық мекен-жай күйi тiлге тиек болады. “Аққу құстың төресi, ен жайлап көлде жүредi” деген шумақтан, сұлулық сүйкiмдiлiктi ұштайтынын пайымдаймыз. Көркемдiктiң жан семiртетiнiн, сүйкiмдiлiктiң тән тазалығына еритiнiн “Бұл заманда не ғарiп” деген өлеңiнен аңғарамыз. Жыраудың “Иiс майын жамандап, жұпар қайдан табасың? Көлдiң суын жамандап, Едiл қайдан табасың?” дегенi, атамекендi ардақтай бiлуге шақырғанындай.

Жорықта айдынды аламан, ақындықта арқалы жырау атанған Шалкиiз Тiленшiұлы (1465-1560) Дештi Қыпшақ өңiрiне ғана емес, Қырым, Терiстiк Кавказ, Дон бойына да әйгiлi тұлға болған. Өз заманындағы Ноғайлы әмiршiсi Темiр, Қазақ Ордасы, Кавказдықтар арасындағы саяси күрестердiң ешқайсысынан сыртқары қалмаған. Жорықтың алдыңғы шебiнде, айтыс-тартыстың басы-қасында, елдiң бел ортасында жүрген Шалкиiз елдiк пен ерлiк, жақсылық пен жамандық, шеберлiк пен шикiлiк мәселелерiне баса көңiл аударған, кiсiлiк қасиеттерге әр сақтан қайта-қайта оралған. Шамасы, Шалкиiздiң өзi “жаурынына қанды көбе сыймаған, жағасына адам қолы тимеген” ержүрек, кеуделi батыр болғандай. Көп оқығаны көзiмен көрген, көп нәрсенi тоқыған сынды да, сындарлы қайраткерлiк деңгейге жеткен.

Жорықта, соғыста, айтыс жанжалда ел мен ердiң құны қатар сынға түстi. Ел ерлерсiз, ер өз елiнсiз бабына келмедi. Қысылтаяң кезде тума туыстан сүйенiш iздедi, жұрттан суырылып шығар дарадан тiрегiн көздедi.

Ерлер кiмдер едi, нендей қасиетiмен үлгi едi? Ерлердiң “алдаспаннан игi қолы”, “жеңсiзден игi тоны”, “арғымақтан игi малы болар ма” — дейдi Шалкиiз жырау. Сондай ерлер жаудан да, сойдан да тартынбас, батырлығы басынан асқан жiгерлi жандар. Елi қолдаған, арғымағын оңдаған ерен батырлар бабына келдi. Осыдан: “Кенелейiн деген жiгiттiң, жылқы iшiнде екi арғымағы тел өсер. Сүйiнейiн деген жiгiттiң, сүбеде алтау-жетеу ағайыны тең өсер!” деген өсиет қалған.

Шалкиiз дүрлiккен, демiккен елге бас-көз болатын ханның бейнесiн iздестiредi. Байсалды, батыл, ұстамды хан, сұлтан ол үшiн алдаспан, “бармай тапқан қазбасы”. Пиғылы терiс хан iс етсе, ол “жиған малыңды тәрiк етер, ат-тоныңды бұлды етер, өз басыңды олжа етер”. Хан ием Темiрдiң осындай қиқарлығын көрген Шалкиiз одан алшақтайды. Қыр мен бөрiк астындағыны көре алмаған сұлтандар туралы: “Жақсыңнан менi кем көрдiң, жаманыңмен тең көрдiң. Жақсыңнан менi кем көрсең, жаманыңмен тең көрсең, ұлы берiкке қос артып, сен есенде, мен сауға ырысымды сындайын. Сегiз қиыр шар тараптан iздермiн!” — деп ойын ашық та, кесiп айтады.

Шалкиiз жырау жау жағадан  алғанда,   ел бiрлiгiнен  артық  қорған  жоқтығын  былай ескерттi:

  Жоғары қарап оқ атпа,

  Жуық түсер қасыңа.

  Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа,

  Күндердiң күнi болғанда

  Сол жаман айғақ болар басыңа.

Жемсаудан арылып, дұспан жауға қарсы бiрлесу, сүйтiп сәттiлiкке үлес қосу — қажеттi үндер және керектi күндер едi. Сондай сындарлы кезеңде, тар жерде кiмнiң кiм екенi бiлiне бастады.

Жақсының жақсылығы сол болар,

Жаманменен бас қосып.

Сөйлемекке ар етер,

Жаманның жамандығы сол болар.

Сөйлесе дәйiм қара етер,

Бiр жақсыға басың қосып сөз айтсаң,

Сол жақсы жаманлығың жақсылыққа жыр етер.

Жақсының тiлегi бiр, Тәңiрiмен ниеттестер дегендi айтады. Өзiне тегеурiндi жандарды iздеген жерден табады, жат жерде өзiн танытады. Жаманның жауы — тiлi мен пиғылында, икемсiз қылығында. Ерiккеннен қызыл тiлiн тыймайды, жалғандықты жамылған сусыма сөзi аузына сыймайды. Қисынсыз қылығымен көрiнгендi қинайды. Iске ебi жоқ, бос сөзi көп есiктен күле кiрiп, күңiрене шығады. Терiс пиғылды iштегi дұшпан. Жамандар қоңқалап, бiр жақсыны көре алмайды. Жаман ұшқан жапалақтай аяқ астынан табылады, жағасы оның тайғақ, әркiмге ұрынады. Өз пиғылына тоқ, жақсылыққа жоқ. Сөз ұқпай, ұлағат тұтпай, сырт айналып кетедi. Iштей менмен ел арасынан табылмайды, кiсiден тартып алғанымен жарымайды. Туырлығы жоқтың, туғаны жоқ, тыраңдап түзге де кетедi. Ниетi арам, өзiне жүк тиетпейдi. Жаманның жұғымсыздығынан елдiң, әйелдiң, сәбидiң қанша көз жасы төгiлдi. Жыраудың тоқтамы: “Күндердiң күнi болғанда, қырға шықпас жаманның барынан да жоғы игi!”.

Жақсы мен жаманды адамдық пен күрес өлшемiмен iспеттеген Шалкиiз жырау тағлымы мол өсиеттер қалдырды. Солардың бiрi:

Атаның ұлы ерлерге,

Малыңды бер де басың қос,

Басыңды қос та бек сыйлас,

Күндердiң күнi болғанда,

Басың жауда қалар ма!

Бас қосқан ел болса, оның арғы тегiн ойлайтын би-бегi болса, болаттай бекем батыры болса, ондай ел-жұртта арту-тарту тарылмақ, дұшпан тобы тозбақ. “Ер болсаң бопсаға шыда” деген қағиданы қалыс қалдырмайтын ортада ырыс мен ынтымақ, iс пен iзденiс артпақ.

Сырты құрыш, жүзi болат, ақыл-айласы көпке танымал, жанкештi ерлiгiмен көзге түскен жырау Ақтамбердi Сарыұлы (1675-1768) тұлғалық пен жорық тақырыбын жалғастырады. Адам бақытына жетсе, басына қондырса, жақсылармен тең өсер. “Бiлiмдi туған жақсылар, аз да болса көппен тең”, ақ пейiлмен сыйласар жолдаспен тең. Жақсылар елi үшiн батырларша жорықтайды,   қыңыр-қисықтан   қорықпады.   Жақсылардың   жетегiнде кетерiн Ақтамбердi жырау былайша жеткiзедi:

Әдiл туған жақсыға,

Екi даугер жүгiнсе,

Тiзесiн қисық бұрмаса,

Асылдығы бiлiнер. Ендi бiрде:

Орын тапқан ер жiгiт

Жерсiз болар деймiсiң,

Орда тiгiп орнаса

Төрсiз болар деймiсiң!

Ақтамбердi жырау өмiр ережесiн жақсыларды марапаттау арқылы ғана емес, жамандықтың бастауын iреп, салдарын саралайды. Жамандық адамдардың бiрiн-бiрi қорлаудан, зорлаудан басталады. Қорлау да, зорлау да — жендеттiк, пенденiң бағын аштырмайтын жексұрындық. “Жаман болса жолдасың, астыңнан өткен сызбен тең”, “Жаман туған жiгiтке, рақатты күн бар ма”. Жамандық — жауың. Екеуiнiң де түрi көп. Сонда кiм жаман? Дәулетiн көтере алмай желiккен, өз мiнiн бiлмеген, ата мен ананы сыйламаған, ертең не болатынын бiлгiсi келмеген, күнде жанжалдың делебесiн қоздырған, жетiм мен жесiрге қол ұшiн бермеген, жалаулы найзаны қолға алып, Жаманның көрiнiсi күңгiрт, салмағы сұмдық, әсiресе қашқанда ақыл, сасқанда дегбiр қалдырмайды.

Себебi: ұрысқақ болса ұлың жау,

Керiскек болса келiнiң жау.

Үйiңдегi ұлың жаман болса,

Есiктегi құлмен тең,

Қойныңдағы қатының жаман болса,

Қаңтардағы мұзбен тең. (Үмбетей)

Ел амандығы, жұрт жарасымдылығы жамандықта емес, тыныстың тұнығында, бiрлiктiң беделiнде едi. Есейгендер адамдық қасиеттiң құнын ертерек ұқты, елдiктiң күретамырына ту тiктi. Жырау: “Сары аязда қата ма, қайнардың аққан тұнығы. Қап түбiнде жата ма, болаттың асыл сынығы” немесе “татулықта береке”, “бiрлiкте қасиет” деуi жаңа дәуiрдiң, жаңа қатынастардың талабына меңзегендей. Ойы сезiмталдар мұны ұғар, онсыз адам үмiтiнен де, жақынынан да ақсайды — деп көрегендiк танытады.

“Қалың қазақ елiм” деп үн қатқан, ұран тастаған жыраулар: “Ылайым, елiм аман болсын” деген тоқтамды алға тартты. Ол шешендiгiмен, көрегендiгiмен, қайырымдылығымен жамандықтан, жалғандықтан, жұғымсыздықтан, жауласудан сақтандырды.

Асанқайғының жыраулық дәстүрi мен философиясын жалғастырған Бұқар жырау (1693-1787) болды. Бұқар жыраудың бас тақырыбы: дүние көркi — адам, адам көркi — оның жасар игiлiгi, белдi қасиеттерi; дүние — бай мен жарлы-жақыбайға ортақ, алма-кезек, мұнда мәңгi байлық та, жарлық та, көптiк те, жалғыздық та жоқ. Адамның табиғатынан белсендi тұлға екендiгiне жырау айрықша мән бередi. “Адамзаттың баласы, атадан алтау тумас па? Атадан алтау туғанмен, iшiнде оның бiрi арыстан болмас па? Арыстанның барында жорғасы болса мiнiсiп, торқасы болса киiсiп, толғамалы қамшы алып, толағайда толғай дәурен сүрмес пе” — деген толғауы осы ойдың айғағындай.

Абылай ханға арнаған: “Жұлдызың туды-ау оңыңнан, жан бiткен ерiп соңыңнан. Он сан Алаш баласын, аузыңа құдай қаратып..” — деген толғауында ханның мәртебесi, бiрiншiден, халықтың өзара бiрлiгiн сақтай бiлуiнде, екiншiден, халыққа өз саясатын қолдатқыза алатын ептiлiгiнде екенiн алға тартады. Осыдан: адамды адам ететiн — оның ортасы, нақты тәлiм-тәрбиесi деген ұстанымды бекем ұстайды.

Нағыз ержетiп, азамат болу үшiн он бiр тiлектi орындауды ұсынады. Олар “Тiлек” толғауында былайша келтiрiледi:

  1. Аллаға адал бол. Алла — сенiң бүкiл өмiрiң мен тыныс-тiршiлiгiңнiң негiзгi арнасы. Аллаға сыйынғанның адамдық дүниесi қай уақытта болмасын тоқайласады.
  2. Пасық, залым адамның тiлiне  ерiп  азба.     Қаскөйлерден ылғи сақтанып жүру қажет.
  3. Қыз-келiншектер, әйелдер үстi-басын таза ұстап, жарасты киiмiн сәнiмен киiп, өзiн байыпты ұстай бiлуi жөн. Бүгiнгi қыз бала, жас келiн өзiнiң байыпты жүрыс-тұрысымен ертең көрегендi бәйбiше, зерделi әже боларлық рәсiммен iштесетiнiн ұмытпа.
  4. Төсек тартып жатпағын. “Әуелгi байлық — денсаулық” екенiн жадыңнан шығарма, сол үшiн белсендi әрекеттен тайынба.
  5. Мұсылмандықтың белгiсi — бес парызды ұмытпа, парызды өтеуде ұқыптылықты сақта.
  6. Ардақтаған аяулың күннiң күнiнде бөтен бiреуге тегiннен-тегiн олжа болмасын, көршi күштiлердiң қол астына қарап қалмасын. (Бұл арада орыспен, қытайлықтармен бейбiтшiлiк саясатын ұштастыру жақтарын ескерткендей).
  7. “Желкiлдеген ту келiп, жер қайысқан қол келiп, сонан сасып тұрмалық” деп ел қорғау мәселелерiн алға тартады. Тағы бiр толғауда: “Батырлықтан не пайда, халқыңа  қайран   қылмаса, хандардан   пайда   жоқ,   қарашаны   жалмаса”   деп   ел мен жер қорғаудың өнегесiне мегзейдi.
  8. Өз ұрпақтарын кездейсоқ, төтенше жағдайлардан сақтана бiлудi еске салады. Табиғаттың дүлей күштерiнен сақтанып, қамсыз жүрмеу де — имандылық нышаны.
  9. “Төреңiз тақтан таймасын”. Елдiң бiрлiгi патшаның өз тағында нық отыруына да байланысты. Ел басқару елеулiлердiң үлесi, “қырық адамның жаны барлардың” тиесiсi. Хан бағдарламасын қолдау да — имандылық.
  10. Бейбiт өмiр “тар құрсағын кеңейткен, тас емшегiн жiбiткен” аналардың беделiн көтередi, оларды аңыратып қалдырмайды. Ананы сүйiп ардақтау жеткiлiксiз,   оны  барынша  құрметтеп,   сыйлау — парыз. Ананы аңыратпау, ана алдындағы парыз бен қарызды өтеу де — имандылық.
  11. Әйел-ананы қастерлеу — имандылық қасиеттiң негiзi. Жырау психологиялық тұжырымдар   жасауға,   жасқа   тән   мiнез ерекшелiктерiн топтауға машық. Шындықтың сынағынан өте бiлу де, қарттықты сыйлай бiлу де — үлкен құрмет, арлылардың асылдығы. Үлкендер мен асылдарды сыйлау — өмiр үшiн күрестiң бiр түрi, ел-жұртына деген сүйiспеншiлiктiң үлкен құрметi. Осындай тағлымы мол iс-әрекетте адамның сана-сезiмi дұрыс және тез дамиды. Отаны мен туған жерiн сүйе бiлген тез есейедi. Толғауы терең Бұқар жыраудың талғамы осыған тiреледi.

Тарих сахнасында 3 мыңжылдық салты бар көшпендiлер өркениетiн тұлғалаған, ұрпақтарын үлгiге үйiрлеген — даланың қайраткерлерi, дiлмарлары, би шешендерi. Ел аузында “түгел сөздiң түп атасы” атанған Майқы биден бастап 200 ден артық дiлмарлар, одан да артық бек атаулары жатталынып қалған.

Әрқайсысы ел-жұртының қуанышы мен қайғы-қасiретiн, ерлiгi мен ептiлiгiн еселеп жеткiзген, ел қамын ойлап, қазақ ұлысын құруға, халықтың әдет-ғұрып, салтын, жол-жоралғысын реттеуге, заңдастыруға үлкен ықпал еттi. Әдiл билiгi, тапқыр шешендiгi барлар “қалың елi қазағының” атынан сөйледi, көкейкестi ойларын “бiр кiсi емес, жалпақ жұртқа” арнады.

Билердiң шешендiгi — сол халықтың даналығы мен ой-санасынан туындайтыны айғақ. Халықтың ой-санасы оның мәдениетiне, рухани мұрасына, табиғи болмысы мен ойлау машығына, өмiр сүру тәсiлi мен дiни наным-сенiмiне, күнделiктi тұрмыстағы әдет-ғұрып, рәсiм-салтына сүйенедi. Осы әр түрлi деңгей мен көрiнiстегi факторлар ой-сананы өзiнше ұйытқы етiп келдi. Қазақ билерi дүние мен әлемдi адамилық тұрғыдан түсiндi. Олар үшiн:

– дүние мен адам, ғұмыр мен дүние, табиғат-ана бiртұтас мән;

– адамсыз заман болмайтындығы ақиқат;

– адамның өмiрдегi орны мен қызметiн жандандыру, әрлету қажеттiлiк.

Руханияттың бiр өлшемi, қолдаушысы және қорғаушысы — билiк, басқару, әкiмшiлiк. Қазақтың ұлыс болып ұлғаюына, елдiгiн құрып орнығуына орай би-шешендердiң рухани дәстүрi қалыптасты, ықпалын арттырды. Билер дәстүрiнiң мақсаты — адамды тәрбиелеу, адамдыққа баулу, өнегелi азаматты қалыптастыру, адамға қажеттi iзгi қасиеттердi үлкен құндылық дәрежесiне көтеру. Бұл мәселелер тұлғалық пен елдiктiң тұтқасы. Би-шешендер сол тұтқаның ұстанымын айқындады және соған сүйендi. Онысы:

Кiсiлiкке қайшы iске қарап тұрмау;

Кiсiлiкке қайшы сөзге бас шұлғымау;

Кiсiлiкке қайшы былыққа батпау;

Кiсiлiк қасиеттi ақтау, құдiреттi баптау, — “кәмiл адам” тәрбиелеудiң тиегi мен пернесiн орнықтырды. Осы ереже мен сұранысқа орай билердiң мәртебесi қалыптасты. Қандай iсте болмасын бидiң сөзiне артықшылық берiлдi. Би шешiм қабылдарда қиналып, билiк айтудан бас тартса, оған айып салынбады. Егер ол терiс билiк шығарса, онда ол қияметте, құдай алдында жауап бередi делiндi. Би кез келген адамға басу сөз айта алды. Куәлiкке құдайдан қорқатын, күнәсi жоқ, көпке қадiрлi адамдар шақырылды. Антын бұзып, iске нұқсан келтiрген немесе елге зиян келтiрген адамды абыройсыз деп, қоғамнан аластатылды.

Бүкiл халықтың ынтымағын қолдаған олар ел арасында мұрты кертiлмес беделге ие болды. Олар ханды да, қараны да баянсыздықтан, қызбалықтан, жалғандықтан сақтады, дұшпандарын шындықтың шоғымен қақтады, кек пен кежiрдi, жайма мақтан мен мансапты төмендетпей, зәбiр-зардаптың отын басты, тұсаулады.

Әр замандары адамдардың сапалық жақтарын саралай бiлдi, адам болмысының төрт түйiндерiн — ақылды, рухты, нәпсiнi, көңiлдi зерделедi.

Даулы мәселелердi ушықтырмай, қауым мен ұрпақтың ниет, пиғылын күзеп түзедi, дүмшелiкке ұйықпады, рухани сырқаттан емдедi, рухани бұзылудан сақтады.

Тiрлiктiң де, шындықтың да көзiн тапты, iстiң қанағаттанарлық шешiмiн табатындардың кезегiн бақты, жемiс-жетiктi рухани үстемдiкке тартты.

Әкенiң iсiн балаға, ханның iсiн қараға түсiрмедi, бiрiн астам зорлыққа барғызбады, бiрiн азған ұрлыққа барғызбады. Ақ тұрып, адал жүргендi үйреттi.

Бiреудiң талабымен емес, жүрегiнiң қалауымен халқын бiрлiкке, ерлiкке, еңбекке, оқуға, өнер-бiлiмге шақырды.

 Халқымыз уәж сөзге тоқтаған, бiр сөздiлiгiмен кiсiлiктi жақтаған. Сөз қадiрiн бiлген халқымыз тiптi қиын қыстау кезде: “Бас кеспек бар, тiл кеспек жоқ” деп туралыққа тоқтаған. Осы биiк талаптан ата-баба құндылықтарын меңгермеген зердесiздi “жетесiз” деп тұқырта салған. Рухани мұқтаждық өмiрге деген талаппен қатар мiнезге тамыр жайған.

Нағыз билер — жарық дүниенiң жарасымдылығын аңсағандар. Олардың болмысына екi ерекшелiк ортақ: бiрiншiден, даналыққа толы тағылым, тек түбiне бойлай бiлетiн сабақтастық, екiншiден, ойдағы даналыққа толы толғау, түсiнiгi терең сын көзқарас. Даналық — ой дәлдiгi мен дәйектiлiгiнде, көңiлдегi көкейкестi сыр мен мұңды ашық жеткiзе бiлуiнде. Сыни көзқарас — адамды, оның тұрмысын, қоғамдық өмiрдi түзетудiң, жөнге салудың пәрмендi құралы. Олай болса, даналық дегенiмiз өмiр сүрудiң жетiлген түсiнiгi, өмiрдi жетiлдiрудi мақсат тұтқан сыни көзқарастар жүйесi, ал сыни көзқарас — өз елiң мен жерiңдегi адамдардың жақсылығы мен жамандығын, көңiлi мен пейiлiн, қанағаты мен жiгерiн, ар-намысын саралауға, сомдауға бағытталған.

Иә, билер адамгершiлiгi мен үлгiлi әдiлеттiлiкке деген қатаңдығымен халықтың алдында ерекше беделге ие болды.

Қазақ би-шешендерi алты алаштың тату-тәттi, ақжарқын заманда өмiр сүруiн аңсап өттi. Бұл дегенiмiз халықтың төрт құбыласын түгендеу. Осы мұратқа орай “бiлiп айтқан сөзге құн жетпейдi, тауып айтқан сөзге шын жетпейдi” (Төле би). Сөздiң шыны мен құны — ақылдың құты, билердiң қоғамдағы рөлi мен мерейiн үстем етер құдiрет. Халықтық тәрбиедегi қолайсыздықты сиретiп, үлкен мұратқа ұмтылу үшiн адамға, соның iшiнде билерге алдымен бiлiм, яғни ақыл керек, екiншiден, ғылым немесе оқу керек, үшiншiден, ұғым, оқығанды пайымдау, тоқу керек, төртiншiден, отты жүрек, батылдық керек. Адал ұл болудың осы ұстамдық қағидаларын пайымдаған жан өз дәуiрiнiң талаптарына сай болуға тырысады, жаңалыққа, жақсыны қабылдауға құштар болады. Осындай тәрбиелi жақсы бала — “жан мен тәннiң шырағы”, елдiң сүйiктiсi, ал тәрбиесiз бала — ата-ананың таусылмас күйiгi және қайғысы.

Адам азабы — ел азабы. Ел жақсысы елеусiз қалса, “заманға заман күйлемек, замана оны илемек”. Ондайда “пейiлi жаман пәлеге жолығады, бiтпейтұғын жалаға жолығады”. Адамды пәле мен жаладан құтқаратын жақсылық. Жақсылықтың жөнi де, шарапаты да көп. Дегенмен “жақсыга қылған жақсылық, өмiрiңде тозбайды. Жаманға қылған жақсылық, бiр күнгiдей болмайды”, “жақсы – арына құл, жаман – малына құл”. Осы ойға тоқтам-түйiндер келтiрерлiк:

Мал тап, алысқа кет,

Жалқаулыққа жеңiлмей.

Мал арыстанның аузында, Түрiкменнiң төрiнде,

Табарсың оны қайраттансаң ерiнбей. (Алшағыр би)

Ер жiгiтке еңбек ар емес,

Оны көтермеген ер нар емес. (Шоқай би).

Бiлектiң күшiнде кеткенiңдi,

Бiлiктiң күшiмен қайтардым.

Найзаның ұшында кеткенiңдi,

        Тiлдiң ұшымен қайтардым, — дей келiп, Бөлтiрiк шешен: “Жақсы кәсiп — анық ырыс” — деген ұстанымды бетке ұстайды.

“Төккен терiң болмаса, елге өкпелеме”. “Елдегiнi ерге бередi, ерге бергенде, төккен терге бередi”. “Барлық пен жоқ ебiнен” (Нақысбек шешен).

“Нағыз бақ еңбектiге бiтедi,

Қызыр оның талпынысын күтедi.

Ғұмыр үйретiп, данышпан етедi,

Сүтпен кiрсе, сүйекпен кетедi”. (Киiкбай би)

Билер үшiн, өмiр — қамқорлық, қамқоршы — ұлағатты сепкен iзгiлiк, ал шешендiк — сол қамқорлықтың құндылығын көрсететiн, құндылықты иемдетуге үйрететiн өнер. Болмыстағы кiсiлiк мәндiк қасиет адамды адаммен жақындататын сиқырлы күш. Бәйдiбек би осы ойын былай жеткiзедi: “Тiрлiк басқа болса да, тiлек бiр. Бармақ басқа болса да бiлек бiр”.

Қазақтың үш төбе билерi де адамзат тiршiлiгiн, оның келешегiн адам қайыр-қамқорымен салыстыра саралайды:

Батырлықтан не пайда,

Халқына қайран қылмаса (Төле би).

Атадан жақсы ұл туса,

Елiнiң оңы болады (Қазыбек би).

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисiн,

Бай болып елге пайдаң тимесе,

Елден бөтен үйiң күйсiн. (Әйтеке би).

Би шешендер қаршадайынан ел мұң-зарына құлақ түре жүрдi, тығырықта алғыр, зерек, әдiл болып ержеттi, айтыс-тартыста ой өрiсiн жетiлдiрдi, сөйлеу мәдениетiн нақыштады. Ойы мен болмысы белсендiлер ел жағдайын,  әсiресе  олардың рухани болмысын жетiк бiлген сайын, әдiлдiк жағына ауысып отырды.

Билер iскерлiкке, талаптыларға тәнтi болды, мәселенiң мән-жайымен жан-жақты танысты, арызданушы жақтардың өз айыптамаларын байыппен талдады, қажеттi жағдайда бұлтартпас айғақтарды алға тартты. Билер ұстанған талап қатаң, әдiл, жүйелi болды. Олар тәртiп пен тағлым, өнеге мен өнер мәселелерiне ерекше мән бердi. Сондағы уағызы — “Ақылды көпшiл келедi, надан кекшiл келедi”, “Ақылсызға ақылды тура айтса, мiн деп бiледi”, “Ақылдыны алысым деме, ақылсызды жақыным деме”, “Ақылдының алдымен жүр, ақымақтың артымен жүр” деген өмiрлiк қағидалар болды.

Халық “бiлiмдiмен жақын болсаң, қолың жетер, бiлiмсiзбен жақын болсаң, басың кетер” — деп текке айтпайтын. Бiлiмсiздiк — тiл жүгiртедi, жақынын жат етедi, құлқынның құлы етедi.

Бiлiмсiздiк  —  жан мен тәннiң саулығы емес. Осыдан:    “Ердiң азғанын неден бiлемiз?” деген сұрақ жиi туындайды. Оған Досбол шешен:

 

Жiгiт кеселшi болар,

Әйелi өсекшi болар.

Елдiң шынары болмас,

Кiшiнiң тұрағы болмас.

Ел тозып, ығыр болар,

Ер қажып, тұғыр болар.

Баққаны базар болар,

Айтқаны азан болар.

Күндердiң күнiнде,

Ел бiр жақсыға зар болар, — деп жауап бередi.

Қысқасы, қазақтың әлеуметтiк болмысын битану тағлымы мен өнерiнен пайымдаймыз.