[:kz]
Қытайдан балалары үшін шекара бұзып, елге жасырын келген Сайрагүл Сауытбайдың тергеуі Талдықорған қаласында жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Талдықорғаннан тілшіміз Нұргелді Әбдіғани хабарлады.
Биылғы жылдың сәуір айының ортасында «Мені ол жақта өлім күтіп тұрған еді… о жақта да бір өлім, бұ жақта да бір өлім екен, ендеше құлындарыма жетіп бір-ақ жығылайын, балапандарымды бір иіскеп, Қазақстанда өлсем арманым жоқ…» деп шекараны бұзып өткен батыр ананы мамырдың 22-сі кешке 09.00-09.30-дар шамасында шекара қызметкерлері Балпық би ауылындағы үйінде отырған жерінен ұстап әкеткен.
Бізге бұл туралы Сайрагүлдің қайнысы Нұрболат Асан хабарлап, басылымдардан алғаш болып аталған тақырыпты қоғам талқысына тастаған едік.
Содан кейін Жаркенттің уақытша тергеу изоляторында қамауда болғанда тілшіміз қоғам белсенділерімен бірге арнайы барып, Сайрагүлдің қал-жайын біліп қайтқан-ды. Бір-екі апта бұрын Сайрагүл Талдықорғандағы уақытша қамау изоляторына ауыстырылды.
Бүгін Сайрагүлдің жайын тағы қаузамақ болып бір топ белсенді Талдықорған қаласында жүр. Олардың арасындағы тілшіміз бізге төмендегі жағдайларды хабарлады.
Бүгінгі тергеу процесіне адвокат Абзал Құспан қатысып шықты.
Абзал Құспан, адвокат:
— Сайрагүлдің жағдайы жаман дей алмаймын. Сайрагүлмен бірге Дина Искакова деген журналист отыр екен. Сол кісі арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан мақалалармен танысыпты. «Бәрін біліп отырмын. Менің тағдырыма алаңдаған елге, халыққа ризашылығымды білдіремін» деді. Сонан соң, Сайрагүлді бір ғана сұрақ мазалайтынын айтты. «Қазақстанда қала аламын ба?, жоқ па?». Біз алдағы уақытта осы сұраққа жауап беру үшін ізденетін боламыз. Сайрагүлдің ҚР Қылмыстық Кодексінің 392 бабының 1 тармағын (Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өту) бұзғаны рас. Қылмыс жасаудың мотиві деген нәрсе бар. Пайдакүнемдік мақсатында ма, жоқ басқа да себебі бар ма, сол заң шеңберінде қаралуы керек. Тергеушілер Сайрагүлдің отбасы үшін шекара бұзып өткенін баса назарда ұстап отыр. Тергеу құпиялығын жарияламау туралы қолхат бергенмін. Сондықтан мұнан өзге ештеңе айта алмаймын. Қазақстанның түрмесі Қытайдың түрмесі емес қой. Бүгін, ертең балаларымен кездесе алады. Осының өзі — үлкен қуаныш.
Бүгінгі күнге дейін Abai.kz ақпараттық порталы Сайрагүл Сауытбай ісіне қатысты оннан аса мақала жазды. Осы мақалалар арқылы «бір адамның тағдыры — ұлттың тағдыры» екенін бұқараға дәлелдедік деп ойлаймыз.
Қазір Сайрагүлдің жолдасы Уәли Сіләм, ұлы Ұлағат, қызы Үкілай, қайнысы Нұрболат, қоғам белсенділері Сәуле Әбділдаханқызы, Cерікжан Біләш, Қыдырәлі Оразұлы секілді азаматтар Талдықорғаннан Алматыға қайтады. Солармен болған әңгімеден біздің тілшіміз мынандай деректерді естігенін айтты.
Сайрагүл Сауытбайдың қамалмай тұрып айтқан сөздері
Сайрагүл Сауытбай қамалардан бұрын…
«Адам қаншалықты сырлы болса, құпиясын ішінде ұстаса, сонысымен қадірлі, әрі қауіпсіз болады. Менің Қытайдан түрмеге қамалмай қашып шығуыма осы қасиетім себепкер болды. Мен тәуекелге бел буып қашып өттім» .
«Қытайда саяси үйрену мектебіне адам апаратын едім. Сол жерде қызмет істейтін қытай қызы «жақында сені қамайды» деді. Қамалатыным, анық болған соң, шекараны бұзып өтуге іштей дайындала бастадым. Оның үстіне бойдақ қазақ келіншектерін қытай үйіне айына сегіз мәрте қондыру мәселесі міндеттелді. Маған да осындай ауыр міндет артылды. Құдай оңдап, маған таныс ханзудың үйі бұйырды. Оған күніне 20 юань ақша беріп, «қонды» деп қол қойғызып алып жүрдім. Кеш бата ханзудың үйіне кіремін де шарбағынан секіріп шығып, ауылдың шетімен өз үйі барамын. Өз үйіме де бақша арқылы кіріп, жарық жақпай түнейтінмін. Осындай саясатты көрген менде шекара бұзудан басқа амал қалған жоқ», — деген екен.
Түйін
Қош! Бір ғана Сайрагүлдің жайы — бүкіл Қытайдағы қазақтың тағдырын көз алдымызға келтіреді. Сондықтан да, біздің құзіретті органдар Сайрагүл Сауытбайға кешіріммен қарап, бостандыққа шығаруға тиіс. Сайрагүл секілді азаматтардың бәріне азаматтықты жылдам жасап, өз қазағымызға қорған бола алсақ, ұрпақ алдындағы міндетіміздің орындалғаны…
Қанат Бірлікұлы
Нұргелді Әбдіғани
Abai.kz
[:]