[:kz]
Мәскеу қаласының орталығында сенбі күні көшеде кетіп бара жатқан бірнеше адамды қаққан такси жүргізушісі 28 жастағы Қырғызстан азаматы Чынгыз Анарбек уулуның Ресейде таксист болып жұмыс істегеніне бір айға жуықтағаны анықталған. Тергеушілердің сұрақтарына ол апатқа тап болғанға дейін 20 сағат көлік айдағанын, ал оның алдында небары екі-ақ сағат ұйықтағанын айтқан.
Жаңалықтарда көрсетілген фотоға қарағанда, ол жүргізуші куәлігін Қырғызстанда алған. Оған құжат Қошқар-Ата қаласында берілгенін кейінірек Жалал-Абад облыстық ішкі істер басқармасы да растады.
Әуелгіде жүргізуші «мас болған» деп хабарланған, бірақ кейін бұл ақпарат расталмай, жүргізуші рульде отырып «ұйықтап кеткен» деген мәлімет тарады.
Ал Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) ресми өкілі Айымқан Кулукеева Facebook парақшасына осыған қатысты жазба қалдырды.
- Әрине, жол апаты болғаны — факт және ол жазасын алуы тиіс, бірақ тергеу әділ жүргізілуі үшін Қырғызстан СІМ мен [Ресейдегі Қырғызстан] елшілігі қолдан келгеннің бәрін жасайды. Ұсталған азаматымызға міндетті түрде заңдық және құқықтық тұрғыдан консультативтік көмек көрсетілетін болады, — деп жазған СІМ өкілі.
Жалал-Абад облысы ІІБ-ның (ішкі істер басқармасы – ред.) баспасөз хатшысы Мықтыбек Тұрдыбеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне ұсталған жігіт туралы мынадай дерек берді:
— Чынгыз Анарбек уулу 1990 жылы 22 сәуірде Ақсый ауданының Қош-Добо ауылында туған. Екі баласы бар. Жүргізуші куәлігін Қошқар-Ата қаласында алған. Туыстарының көбі Бішкекте тұрады. Жұбайы да Ресейде жұмыс істейді. Бұрын Жалал-Абад облысында іздеуде болмаған, қылмыстық жауапқа тартылмаған, Қосымша нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Азаттық дерегінше, Чынгыз Анарбек уулу Мәскеудегі «Усман-Умар» клубында панкратионмен шұғылданған және 2017 жылы қазанда Сочиде өткен әлем чемпионатында 66 килограмға дейінгі салмақта тіпті қола медаль да алған.
[:]