[:kz]
Түркияда қазақ қыздарына қатысты орын алған келеңсіз оқиға белгілі журналист Бибігүл Дәулетбекқызы түсініктеме берді.
Бұл туралы ол желіде жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Түркиядағы 3 қыздың оқиғасына мені белгілеп, ақ-қарасын білуімді сұраған оқырмандардың хатына жауап.
Түркияға келген күннің ертесіне осы оқиға алдымыздан бұрқ ете түскені. Алдымен ақ-қарасын ажыратайын деп, Сыртқы Істер Министрлігімен сөйлестім.
Оқиға былай болған.
Түркияда жұмыс жасап жүрген 3 қазақтың қызы (біреуі даяшы, енді бірі маникюр жасайтын, әйтеуір сонда барғандар маникюр жасағыш боп барады ғой), Стамбул қаласындағы түнгі клубтардың біріне барады. Ол жақта пандемияға байланысты, түнгі клубтар мен кафелер тек түнгі 00:00-ге дейін жұмыс жасайды. Содан әлгі қыздар ішімдікке тойып алып, күзетшілерге кетпейміз, ақша төледік деп отырып алады емес пе?
Түркия біздің ел емес, іштен іліп алып жұмыс жасай беретін. Заң өте қатал. Егер уақытында жаппаса, миллиондаған ақшаға айыппұл салып қана қоймай, бизнесті де жабады.
Содан күзетшілер қазақтың қыздарына түрікше де, орысша да түсіндіріп жалынады. Оны тыңдайтын қыздар ма? Біреуі күзетшімен алыса кетеді. Біреуі дардай еркектің кішкентай саусағына (кішкентай бөбек дей ме, не дейт, сол саусағын) тісін аямай салады. Әлгі еркек сол кезде ақырып жанындағы күзетшілерді шақырып, біреуі тістеген қыздың аузын ашуға тырысады. Жабысқан қызда қадалып, ақыры саусақты жұлуға сәл қалады.
Содан ашуға булыққан еркек те біздің қызды аямайды.
Ал ақ-қараны ажыратпай, байбалам салған құрбылар жергілікті қазақтарды шулатады да, өздері зым-зия жоқ болып кетеді.
СІМ -нің айтуынша, таяқ жеген, яғни саусақты жұла жаздаған қыз изоляторда басын жазғанда ғана өзінің не істеп қойғанын біліп, бітімге келуін сұрайды. Иә, ол қызды қамауға алды. Себебі, күзетші арыз жазған. Ауруханаға түскен күзетші де өзінің қатты кетіп қалғанын біліп, ол да бітімге келуге келіседі.
Ал осы оқиғаны шулатқан әлгі екі құрбысы өздерінің істері дұрыс еместігін біліп, қашқақтап жүр.
Біздің Сыртқы Істер Министрлігі қазақ қызының әрекеті дұрыс болмаса да, қызға консулды жіберіп босатуын талап етуде.
Бас-аяғы осы.
Қысқасы, айналайын қыздар!
Сыртқа шыққандарыңда #котзима болып жүріңдерші! Сендер үшін мына жерге келген біздер ұяттан өлейін деп жүрміз.
Іше алмайсыңдар ма?
Ішпеңдер! Сендер бөтен елде ешкім емессіздер! Естисіңдер ме? Ешкім», — деп жазды ол.
[:]