[:kz]
Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының жері түгелге жуық қытайларға сатылып кетті деген ақпарат күллі елді қатты алаңдатты. Әлеуметтік желі мен уатсап топтары арқылы тараған бұл хабарды естігендер, бей-жай қала алмайтындықтарын тәуір-ақ білдірді.
Тіпті, шығысты мекендеген кейбір жергілікті тұрғындар сатылған жерге байланысты алдағы 4-5 жылда атқарылатын жұмыстың жоспарын да уатсап желісі арқылы жария етуде.
— Төрт жыл ішінде әр үйге 5 миллион ақша беріледі екен. Сол 5 миллионды аласыз да қайда барсаңыз, онда барасыз. Күршімнің жері түгел сатылған дейді. Бүкіл үйді бұзып, сол жерге өздерінің заводтарын салады екен.
Өкінішке қарай, міне, осылай деген азаматтардың аты-жөндері де әзірге белгісіз. Бүгін, дәлірек айтсақ, осыдан екі сағат уақыт бұрын арнайы баспасөз мәслихатын өткізген өңір басшысы Даниал Ахметов: — қадірменді қауым, соңғы үш күнде әлеуметтік желілерде, уатсап бойынша ауылшаруашылығы жерлерінің 2019 жылы Қытайға сатылып кеткен жөніндегі жалған ақпарат таралып кетті. Соның ішінде біздің Үржар, Күршім, Жарма аудандары жайлы айтылған. Мен әкім ретінде, ресми түрде осы аудандарда бір метр жер де қытайлықтарға берілмегенін мәлімдеймін.Сіздер білесіздер, 2016 жылы 6 мамырдан бері Қазақстанның бірінші Президентінің Жарлығымен шетелдіктерге және шетелдік үлесі бар заңды тұлғаларға жер сатуға мораторий жарияланған. Сондықтан мемлекеттік мекемеледердегі барлық жұмыстар Заң бойынша жүзеге асырылады және оның барлығы қоғам өкілдері мен ақпарат құралдарына ашық. Сіздерге айта кетейін, жер учаскелеріне мораторий жарияланбай тұрып 2015 жылы 20 қазанда Бесқарағай ауданында байқау нәтижесі бойынша 1 шетелдік компания 10 жылға 14890 гектар жерді уақытша жалға алған. Бүгінде ол жер ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланып жатыр. 400 миллион теңгеден астам инвестиция құйылды. Бұл біздің облыстағы жалғыз факт және біз оны бұған дейін жасырған емеспіз, – деп ресми мәлімдеме жасады.
Мұндай мәлімдемені бұған дейін Күршім ауданының әкімі Дулат ҚАЖАНОВ та жасап, әлеуметтік желілер арқылы барынша таратуға тырысқан болатын. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория БАРСУКОВА да 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін жерді жалға беру немесе сатуға байланысты мораторий жарияланғанын ескертіп, халық арасындағы бұл алуан түрлі пікірді жалған деген. Бірақ ел ішінде аяқ астынан тұтанып кеткен әңгімеге толықтай тосқауыл бола алмады. Сондықтан болар облыс басшысы айтылған сөздердің бәрін жоққа шығарып, соңғы нүкте қояық деді.
Жас Алаш
[:]