[:kz]
ШҚО-дағы Средигорное ауылында 17 тамыз күні із-түзсіз жоғалып кеткен бір жарым жасар Әлихан Талғатовтан әлі хабар жоқ. Жергілікті Устинка LIVEпорталы бүлдіршінді іздестіру жұмыстарының қалай жүріп жатқанын хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жерден оншақты көлік пен адамдарды көруге болады. Еріктілер әрбір аумақты мұқият тескеруде.
Бүлдіршіннің әкесі Раджан Талғатов қалың көпшілікпен бірге ұлын іздестіріп жатыр. Ер адамның көздері қызарып кеткеніне қарағанда, ол бір тәуліктен астам уақыт ұйықтамаған болуы керек.
Азаматтың сөзінше, ұлы жоғалып кеткен уақытта ол үйінде болмаған. Ер адам жұмыс бабымен қалаға кетіп қалғанын айтады. Әлиханның жоғалып кеткенін отағасына жұбайы хабарлаған. Оны бірден іздестіре бастап, полицияға хабар берілген.
Басылымның жазуынша, Талғатовтар отбасы ауылдағы сыйлы жанұялардың бірі. Бүлдіршіннің анасы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Ерлі-зайыптылардың екі үлкен қызы мен кішкентай ұлы бар.
Раджан әйелінің сөздеріне сүйене отырып, сол күні Әлиханның есік алдында алты жасар әпкесімен ойнап жүргенін жеткізді. Ол сәтте ер адамның жұбайы мен үлкен қызы ас үйде тамақ әзірлеумен айналысып жатқан. Бір уақытта ерлі-зайыптылардың ортаншы қызы бауырынсыз үйге келген. Барлығы оны іздеуге кіріскен. Алайда, ол із-түзсіз жоғалып кеткен.
«Ол есік алдында анасының аяқ киімімен жүгіріп жүрген. Бір аяқ киім есік алдында қалып қойған. Ол екіншісін киіп кеткен болу керек. Біз барлық жерді тінтіп шықтық. Бір бақсы әжей оның жерқоймада немесе шұңқырда екенін айтады. Құлап кеткен, тірі» , — дейді Раджан.
Сол себепті, еріктілердің басым бөлігі қазір көршілердің жерқоймаларын тексеру үстінде. Тағы бір топ ерікті үй маңындағы өзенде іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Балақай су қоймасына қарай бет алып, жардан құлап кеткен болуы керек деген болжамдар да бар.
Әзірге іздестіру жұмыстары нәтиже бермей жатыр. 18 тамызда Әлихан бір жас жеті айға толды.
[:]