[:kz]
Шымкентте балабақшаға кеткен бүлдіршін ауруханадан бір-ақ шықты. Мектепке дейінгі мекемеде 6 жастағы қыз баланы шыны есік басып қалыпты. Салдарынан балақайдың бет терісі жыртылып, әжептеуір зақым келген.
Осы күні бүлдіршіннің анасы моральдік және материалдық өтемақы талап етіп, бірнеше рет барғанымен, ештеме өндіре алмай жүр екен. Ал, есесіне, бөбекжай басшылығы жәбірленуші тараптың мәселесін шешіп берудің орнына, оларды қорқытып жатқан көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
“Бетін шынымды айтайын, қарадым, бірақ, не көріп шыққанымды білмеймін. Өзім жаман болып қорқып шыққанмын ғой”, – дейді анасы.
6 жасар қызының балабақшада жарақат алғанын естіп-білген Кәмшат Әзімбаева міне бір айдан бері мазасыз күй кешіп жүр. Өз аяғымен ойнап, күліп кеткен бүлдіршіні аяқ асты әбіржіп қалған. Оқиға жекеменшік балабақшада болған. Ғимараттың ішінде жүрген қызының үстіне абайсызда шыны есік құлап кетіпті. Сөйтіп, бүлдіршіннің оң жақ беті оңбай зақымдалған. Аяқ асты жағдайдан абдырап қалған тәрбиешілер жедел жәрдем шақыртпастан, жеке көлікпен бір емес бірнеше ауруханаға жүгірсе керек. Тек, арада бірнеше сағат өткенде ғана, амалсыз қыздың анасына хабарлауға мәжбүр болған.
“Біз бәрін өзіміз қолға аламыз, қызыңызға керек десеңіз нянка тауып береміз, ертең беті жаман болса, бетін істеп береміз деп маған садиктің басшысы жалынды. Сонымен мен полицияға арыз жазбаймын дедім, балабақша қызымды өздері емдеп беретін болды деп”, – дейді анасы Кәмшат Әзімбаева.
Соққының қатты болғаны соншалықты, 6 жастағы Кәусар есімнен таңып қалдым дейді. Өз-өзіне келгенде тәрбиешінің бірі бөлменің жоғары тұсында тұрған бейнекамераны басқа жаққа қаратып қоюын естіген. Одан арғысы есінде жоқ. Кейінен ауруханада жартылай емделіп, осы күні үйінде жүр. Басымның шүйкесі ауырады дейді. Анасының сөзінше, қызының толық емдік ісіне 1 миллион теңге қажет екен. Алайда, ол қаражатты тауып беруге әу баста уәде еткен балабақша басшылығы уақыт өте келе сөзінен тайқып кетіпті. Бүгін бізге сұхбат беруден бас тартып, камераға бас салды.
-Мен 1 миллион теңгені табамын ғой.
-Тапсаңыз бір айдан бері не істеп жүрсіз?
-Мені түсірмей-ақ қойыңыз, мен сұхбат беруден бас тартамын.
Кәмшат Әзімбаеваның осылай айтысып, тартысып жүргеніне бір айға жуықтаған. Еш нәтиже жоқ дейді. Бұлай жүре беретін болса, қызым күндердің күнінде денсаулығынан айырылып қалар ма деген уайым да жоқ емес. Болған істен қалалық Білім басқармасы да хабардар. Олар тек қолдан келген шараны қабылдаудан басқа амалы жоқ.
“Балабақшаның меңгерушісі, медбикесі әдіскеріне тәртіп шаралар қолданылды. Өздерінің лауазымдық міндеттеріне салғырттық танытқандары үшін. Сонымен қатар, Білім басқармасы тарапынан арыз шағым Қаратау аудандық полиция басқармасына жолданды, – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Перизат Бекетаева.
Осы күні аталмыш дерекпен тәртіп сақшылары айналысып жатыр. Полицейлер Қылмыстық кодекстің 107-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап кетіпті. Бүлдіршіннің анасы қайткен күнде кінәлі тарапты жауапқа тартпай қайтпаймын деп отыр
stan.kz
[:]