[:kz]
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жол ережелеріне қатысты заңнаманы әрі қарай жетілдіруге бағытталған
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Алдағы бірер күнде күшіне енетін олардың бірқатары мынадай:
— Бұдан былай полицей көлікті тоқтатқанда оған тез арада жақындап, жүргізушіге өзін таныстырады, куәлігін көрсетеді, неге тоқтатқанын түсіндіреді. Сондай-ақ ол жүргізушіге өзі сол сәтте пайдаланған техникалық құралдағы (егер ол қолданылған болса) деректі көрсетуі тиіс. (Бұған дейін бұл міндеттер Ішкі істер министрі бұйрығында айтылған, бірақ көп жағдайда сақтала бермейтін).
— Енді жол-патрульдік полиция қызметкерлері көлікті тоқтатқан кезде оның ішіндегі жолаушылар қаласа, полиция қызметкерінің рұқсатын күтпей-ақ көліктен шығып кете беруіне болады.
— Полиция көлікті тоқтатқан кезде полицияның әрекетін суретке немесе бейнежазбаға түсіріп алуға жүргізушінің құқы бар.
— Бағдаршам алдындағы тоқтау сызығына қатысты ереже бұзылған кезде салынатын айыппұл мөлшері 3 айлық есептік көрсеткішке кемітілді. (Бұрын 5 АЕК еді).
— Көлікті мас күйде жүргізген, сондай-ақ тексеруден бас тартқан жүргізушілер көлік жүргізу құқынан 3 жылға айырылатын болды. Бұл тәртіптің мүмкіндігі шектеулі жүргізушілерге де қатысы бар.
— Сондай-ақ, енді көлік жүргізуші куәлігінің пайдаланылу мерзімі өтіп кеткен болса жаңасын алу үшін қайтадан сынақ тапсыру міндетті емес.
— Ерекше санды көлік нөмірлерін алудың да өз тәртібі болады, олардың ақысы қымбаттайтын болады.
…Жаңа заңда бұдан басқа да көптеген өзгерістер мен толықтырулар бар. Оның әсіресе қарапайым халыққа пайдасы көбірек болғаны жақсы-ау.
Т. ТҰРАН.
[:]