[:kz]
Шымкенттік полицейлер лифтіде балалы әйелге шабуыл жасаған күдіктіні ізін суытпай ұстады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, 25 мамырда Шымкент қаласы Қаратау полициясына жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Әйел өз шағымында үйдің лифтінде белгісіз адамның зорлауға оқталғанын айтты. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК 24-120-бабы бойынша тіркеуге алды. Жасалған қылмыстың ауырлығы мен күдіктінің батылдығын ескере отырып, полиция департаменті ер адамның жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған тәжірибелі жедел уәкілдерден тұратын арнайы топ құрды.
Іс полиция департаменті басшылығында ерекше бақылауға алынды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері бірнеше сағат ішінде күдіктінің кім екенін анықтады. Ол жас жігіт мегаполис тұрғыны болып шықты. Жедел топ өкілдері оны қылмыстық жауапкершіліктен қашпақ болған жерінен Шиелі бекетіндегі поезд вагондарының бірінде құрықтады. Ол түнде Қаратау аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті қамауда. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
[:]