[:kz]
Алматы облысының Ақсу ауданында қоластындағы жұмысшыны аяусыз соққыға жықты деген күдікпен 43 жастағы азамат ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Аталған оқиға Ақсу ауданында тіркелген. 2 мамыр күні 44 жастағы азамат ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Белгілі болғандай, ол Матай станциясына жақын маңдағы шаруа қожалықтарының бірінде малшы болып жұмыс істеген.
Полиция мәліметінше, ол кейін қожайынмен сөзге келіп, ауыр дене жарақаттарын алады. Малшы отбасымен бірге шаруа қожалығында тұрып, қой баққан.
Ал Талдықорғаннан қожайыны келген соң екеуара жанжал болып, арты төбелеске ұласады. Сол кезде малшы кәмелетке толмаған екі баласы мен әйелін алып, қожалықтан кетіп қалған. Полицейлердің мәліметінше, шаруа қожалығының иесі бұл шешімге қанағаттанбай, малшыны көлігімен қуып барып, далада аяусыз соққыға жығады.
43 жастағы қожалық иесі «Лексус-470» көлігімен малшыны аңдып, кейін ағашпен төпелей бастаған. Дәрігерлер жәбірленушінің тоғыз қабырғасы мен жауырыны сынғанын және көп мөлшерде қан жоғалтқанын айтып отыр. Қазіргі таңда 44 жастағы ер адам облыстық аурухана дәрігерлерінің қатаң бақылауында.
«Күдікті қамауға алынды. Ұсталғаннан кейін оның жеңіл түрде алкоголь пайдаланғаны белгілі болды. Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабына сәйкес денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін іс қозғалады», — деп хабарлады Ақсу аудандық полиция бөлімшесі.
[:]