[:kz]
Әдемі әшекей әйелдің сәні екені белгілі. Осыған аса мән беретін Алматылық Жанғазы Сейдахмет нәзік жандыларға арналған қазақы нақыштағы әшекейлер жасайды. Ол оны алтыннан емес, ағаштан ояды. Салмағы жеп-жеңіл бұл бұйымдардың бағасы да қымбат емес. Құны қолжетімді, пішімі көз қызығарлықтай.
Мәселен, сырғалар 2000-4000 теңге аралығында болса, алқаларды 3500, 5000, 7000 теңгеге алуға болады. Ал әшекей жиынтығы (комплект) 5000-6000 теңгенің шамасында. Ендеше жаңа басталған жылда жаңа затпен өздерін қуантқысы келетіндер болса, ағаш әшекейді де тағып көруге әбден болады.
– Жанғазы мырза, әшекей жасаумен қашаннан бері айналысасыз?
– Ісімді 2015 жылы Алматы қаласында бастадым. Күмістен бұйым жасап жүрген зергер достарымның жұмыстарын көріп қызыққан соң неге дәл осылай ағаштан жасамасқа деген ой келді. Өзім бұрын Атыраудағы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясын ағаш өңдеу мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Әрі дизайнермін. Сөйтіп, компьютермен сызып, лазермен кесіп, бастап көрдім. Содан бері жалғасып келеді.
– Әшекей жасау процесі қалай жүзеге асады?
– Алдымен компьютермен дизайнын сызып аламын. Бұл жерде барлық ұсақ-түйегін есептеймін, себебі, ағаштың сынуы оп-оңай. Одан соң лазерлі станокпен кесемін де, күйген жерлерін тазалаймын. Соңында құлаққа ілетін ілгегін, қосымша салпыншақтарын жалғап, құрастырамын. Кейбірін қою, ал енді бірін ашық түстерге, қызыл, көк, сары секілді түрлі-түстісіне де бояймын.
– Қандай ағаш түрлерін пайдаланасыз?
– Емен, шаған (ясень) және бук деп аталатын ағаштың үш түрін қолданамын.
– Сұраныс бар ма?
– Әрине, сұраныс бар, бірақ, әуелдегідей емес, төмендеп келеді. Өйткені, менің жұмыстарымның көшірмесін фанера материалынан жасап, арзан бағаға сататындар көбейіп кетті.
– Шетелге шығару жоспарыңызда жоқ па?
– Шетелге шығарылып жүр. Көптеген тұрақты тапсырыс берушілерім шетелге кетер алдын таныстарыма, достарыма сыйлыққа беремін деп жиі алып кетіп жатады. Нақты тізімі есімде жоқ, бірақ, Жапония, Корея, Түркия секілді оннан аса елге жіберілді. Себебі, көздің жауын алатындай әдемі және ұлттық нақышта жасалғандықтан ерекше көрінеді. Ал Қазақстан бойынша Алматы, Астана, Ақтау, Атырау, Орал, Шымкент қалаларынан тапсырыс бергендер де жоқ емес.
– Ағаш материалынан әшекейден басқа қандай бұйымдар жасай аласыз?
– Ағаштан жасауға болатынның барлығы да қолымнан келеді. Қазір тапсырыспен сандықшалар жасаудамын. Күміспен де жұмыс істеп үйреніп жұрмін, арасында одан сақина, білезік соғамын. Ал ағаш әшекейлерден сырға, алқа, өңіржиек (көйлек сыртынан тағылып, кеудеге дейін түсіп тұратын әшекей алқа) жасаймын.
– Бір бұйымға қанша уақыт жұмсалады? Осыған дейін қанша бұйым жасадыңыз?
– Мұны жасау процесіне көп уақыт жұмсалмайды. Лазерлі станокпен 30-50 данасын бірден кесіп аламын, оларды бір уақытта тазалаймын. Ал құрастыруға бір күнім кетеді. Сонда елу шақты сырғаны екі күнде бітіремін. Осыған дейін өте көп бұйым жасадым. Оның нақты санын айта алмаймын. Бәлкім, он мыңнан асатын да шығар.
– Әшекейлердің дизайнын өзіңіз ойлап табасыз ба?
– Иә, барлығының дизайнын өзім ойлап табамын. Көбіне әдемілігіне мән беремін. Пішіндерін, стильдерін әр түрлі етуге тырысамын. Алғаш бастағанымда көп нәрсені біле бермегендіктен дайын оюларды қолданып жүрдім. Уақыт өте зергерлік бұйымдарды қарап, зерттеп жүріп, тәжірибе жинақтадым. Содан оюларды өз қалауыма сай етіп өзгертіп, жаңа дизайнмен өзгеше бұйымдар жасай бастадым. Солардың ішінде өзіме де, көпшілікке де қатты ұнайтын ерекше екі түрі бар. Былайша айтқанда, «хит» сырғалар десем де болады. Көбісі соған тапсырыс береді.
Алдағы уақытта ұл балаларға, ерлерге сақина, білезік жасау жоспарда бар. Әзірге, құрал-жабдығым жеткіліксіз болып, кірісе алмай жатқаным рас. Содан соң әшекейлерді күміспен бірге араластырып жасау да – ойымда жүрген істердің бірі.
– Олай болса, ісіңізге сәттілік!
zamana.kz/
[:]