АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Жұма күні нанды тегін беретін дүкен[:]

[:kz]

 

Шымкент қаласы, «Нұрсәт» шағын ауданында жұма сайын тегін нан тарататын дүкен бар.  «Диас» деп аталатын бұл кіші маркетте бір үйге қажеттінің барлығы табылады. Үлкен бір залдың ішінде азық-түлік тауарлары мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар сықап тұр. Бір қарағанда өзге дүкендерден ешбір айырмашылығы жоқ секілді.

 

«Диаста» жұма күні нанның тегін берілетінін естіген «нұрсәттіктер» алғашқыда таң қалып, тіпті нанның ақшасын қалдырып кететін болыпты.

 

«Біздің дүкен осыдан екі ай бұрын ашылды. Содан бері қасиетті жұма күні осы қайырымдылық істі жасап келеміз. Әлі де бұл игі дәстүр жалғасын таба беретінін де айтқым келеді.

 

«Нұрсәттің» тұрғындары нанға ақша алмаймыз, тегін дегенімізге тосырқай қарап, тиынын қалдырып кететін. Олар өзін көмекке мұқтажбын деп есептемейтіндіктен ұялып, солай ететін болуы керек. Мұндай жағдайда ақша біздегі садақа жәшігіне салынады.

 

Аптаның басқа күндері нан үшін наубайхана қойған бағаға үстеме ақша қоспаймыз. Яғни нанды өзіміз 55 теңгеден алсақ, сол бағада сатылады», – дейді кәсіпкер Айкүміс Әшірова.

 

Өздері жалға алған дүкеннен түскен табыстың бір бөлігін тұрмысы төмен, аз қамтылған, көпбалалы отбасылармен де бөліскісі келеді екен. Айкүміс әзірге мұндай жанұяларды іздестіріп жүргенін, табылып жатса, 10-15 күнге жететін азық-түлікті жеткізіп беретінін айтады.

 

Осы ретте айта кету керек, Шымкентте қайырымдылық жасауға асығатын жандар күн санап артып келеді. Олардың басым көпшілігі – кәсіпкерлер. Бірі жұма күні моншаға тегін түсірсе, бірі тұрғындарды қала ішінде автобуспен тегін алып жүреді. Енді, міне, сауап пен қамқорлық үшін нанды тегін үлестіретін дүкен жұмыс істеп жатыр. Бұл баршамызға үлгі боларлық керемет жаңалық емес пе?!

zamana.kz

 

 
 
 

[:]